Тұраш Дүйсенқызы

Жасымның ұлғайып бара жатқанынан ба, соңғы кездері жиі ауыратын болып қалдым. Әйелдер іш құрылыс ауруы және асқазан ауруымен осында емге келдім. Келгенге дейін тамақты талғап, аз ішуге мәжбүр едім, қазір айтарлықтай жақсардым. Әуелі Алла, сосын осындағы профессор Жасан Зекейұлы бастаған ах халатты абзал жандарға айтар алғысым шексіз.

Осындай дерттер жиі мазалай бергесін аудан, ауыл, тіпті қала аралап кейбір медициналық мекемелерге бара қалсаңыз жасы үлкендерді құрметтеп, тиісті кеңестер мен емдік шараларды жүйелі жасап жатқан білікті мамандарды аз кезіктіресің. Бұл әрине көпке топырақ шашқаным емес, өкінішке орай мұндай мекемелер бар. Дәрігерлері білімсіз болғанымен қоймай, сөйлеуге ерініп, жүйкесі жұқарып отырғаны...

Қазақ: «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» дейді. Сіздерге халықтың батасы мен алғысы шексіз екен. Мен де солардың қатарында ризашылығымды білдіргім келеді. Жасымның егделегенін ескеріп, жүріп-тұруыма қолайлы болу үшін он күн бойы осында тегін жатып ем қабылдауға мүмкіндік бердіңіздер. Алғаш келген күніме қарағанда, икемге келмей, қасарып қалған қол буындарым да қалпына келе бастады, ине қоя бастаған күннен-ақ сездім. Алла разы болсын...

Негізі, мен «Жас-Айға» бірінші рет келгенде бұл орталық екі қабаттық шағын ғимаратта жұмыс жасайтын. Қазір бес қабатты үлкен емханаға айналды. Бұдан бөлек қаланың өзге аудандарында да бөлімшелері бар екен. Астана қаласынан да бес қабатты зәулім орталық бой көтеріпті. Мұның барлығы да осында келіп ем алып, емінен құлантаза айығып жатқан науқастардың ақ батасының, адал тілегінің арқасы. Егер олар жазылмаса, мұндағы мамандар біліксіз болса, әрине ешкім келмес еді, бұл орталық та, еліміздің ең ірі қалаларынан зәулім ғимараттарымен бой көтермес еді. Талай адамдардың арбаға таңылып, болмаса, екі қолтығынан екі адам демеп әзер келгендерін көрсем, көп өтпей сауығып қайтып жатқандарына куә болып жүрмін. Сол үшін атқарып жатқан адал жұмыстарыңызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әсіресе, Жасан балама Алланың нұры жаусын! Еңбегі Алладан қайтсын!