Сұлтан ЖАНБОЛАТ

Құрметті Жасан інім, Қытай Халық Республикасының медицина саласында атқарған келелі жұмыстарыңның барлығын биік өреге жеткіздің әрі ел есінде қаларлықтай еселі еңбек етіп, медицина саласында екі патенттің иегері болдың. Мұндағы халық сенің бұл саладағы жемісті еңбектеріңді әлі де мадақтайды. Медицинадағы бұл ілгері қадамыңды ары қарай дамытуды, Қазақстан Республикасында жалғастыру ойың бар екендігін алғаш маған айтқаныңда тілегіңе қарай батамды беріп, ақ жол тіледім. Бақытыңа орай қазақ еліне барғаннан кейін де жақсы жетістіктерге жеттің. Біртұтас мемлекеттік емтихандарға қатысып, ондағы медициналық университеттің аспирантурасына қабылдандың. Аспирантураны оқи жүріп, орталық аурухананың білікті дәрігер маманы болып жұмыс атқардың. Ауыр жағдайдағы науқастарды емдеуге атсалыстың. Сен Қазақстан Республикасына барғаннан кейінгі аз уақыт ішінде жергілікті медицина саласына тосын әрі қиын тақырып бойынша диссертация қорғап, көптеген ғылыми мақалалар жариялап үлгердің. Орыс тілін де жетік меңгеріпсің. Сенің мұндай талантың мен дарының болашақ жастарға және өзің тұрғылас азаматтарға үлгі-өнеге боларлықтай асыл қасиет.

Ұлтыңның сау денелі азаматтарын қалыптастыру жолында атқарып жатқан істерің мұнымен тынған жоқ. «Жас-Ай» Шығыс-тибет медициналық орталығын құрып, қаншама ауыр халдегі науқастарды аяғынан тік тұрғыздың. Осы еңбегің халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, саған Вена Халықаралық университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Медицинадағы бұл жетістіктеріңді Ресей халқы да оң бағалап, ондағы Халықаралық шығармашылық академиясының академигі атандың. Мұның барлығы да – біздің қуанышымыз, біздің мақтанышымыз. Сен қашанда қазақ еліне деген отансүйгіштігіңді іс-әрекетің арқылы дәлелдеп келе жатқан азаматсың. Мен сенің мұндай жетістіктерге дандайсымай, өзіңнің кішіпейіл, еңбексүйгіш қасиетіңмен үздіксіз алға баса беретіндігіңе сенемін. Сенің қазақ еліне бергеніңнен әлі де берерің көп. Өз еліңдегі атқарып жатқан сүбелі жұмыстарың әрқашан баянды болсын! Елің үшін үлкен абырой мен мақтаныш әкелетін жемісті еңбектерің болашақ ұрпақтың игілігіне жарасын! Отбасыңа амандық, деніңе саулық тілеймін.