Алтын ине салатын алтын жүректі дәрігер


     Халық медицинасы – дәстүрлі медицинаның түп негізі. Қазіргі мойындалған дәстүрлі медицина халықтық медицинаның әбден тәжірибеден өткен, ғасырлар бойы мойындалған, өміршең әдіс-тәсілдерінің және медицина ғылымының жетістіктерінің қорытындысы.  Қазақ халқының шипагерлік емдік өнері  көне дәуірден ғасырлар бойы  ұрпақтан -ұрпаққа жалғасып,  өркендеу мен даму кезеңдерінде де халықтық емдік сипатын сақтап келді. Емшіліктің жеке дара шипалық танымы нәтижесінде ұлттық жалпы шипагерлік ілімінің негізі қалана бастады. «Шипалық таным», «шипагерлік» деген ұғымдар енді ғана, жаңадан ғылыми айналымға енуде.

    Шығыс медицинасының дамуында біздің ата-бабаларымыздың да үлесі бар екенін дәлелдеумен келе жатқан қазақтың бір перзенті болса ол – «Жас-Ай» медициналық орталығының бас директоры, медицина ғылымының докторы, профессор, Халықаралық шығармашылық және шығыс емдеу академиясының академигі, «Жас-Ай» медициналық-ақпараттық журналының бас редакторы, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Вена Халықаралық университетінің «Құрметті профессоры», Халықаралық «Сократ» атындағы орденнің,  Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,  Халықаралық Сократ комитеті, Еуропа медициналық қауымдастығының атынан табысталған «Қайырымдылық елшісі» атты құрметті лауазымның иесі, «Нұр Отан» партиясы «Жас-Ай» бастауыш партия ұйымының төрағасы Жасан Зекейұлы.

Жасай Зекейұлы  шығыс медицинасының емдеу әдісінің қыр-сырын ең бірінші Қазақстанға енгізген, талай аурулардың емдеу жолдарына қолданып, халықтың алғысын алып келе жатқан тұлға.

Ол жырақта туып, өзге елде білімін жетілдірсе де, өзінің туған елін сүйді. Ұлтының перезенті болып өсті. Туған еліне жан-тәнімен қызмет етуге серт етті. Туған елі тәуелсіздігін алған тұста қуанышы қойнына сыймай, көзден ыстық жасы төгіліп, ата-мекенге қарай қоныс аударған нөпір халықтың арасында бірегейі де болды. Бірегейі деуімізге себеп – Қытай Халық республикасына қарасты Тарбағатай аймағының Толы ауданында туған азамат бөтен елде жүріп-ақ жалынды жастығын білім мен ғылымға арнады. «Үздік жас ғалым» атағын иеленіп, медициналық екі патенттің авторы, Шыңжаңның Күйтін қаласында еңбек жолын бастап, Бейжің, Тянжин қалаларында білімін жетілдіріп, «Жоғары дәрежелі аға зерттеуші-дәрігер» деген мәртебесін де алып үлгерген еді.  «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» қағидасын ұстанған ұлтжанды жан 1995 жылы отбасымен атамекеніне біржолата көшіп келді.

Отанына оралған жігерлі азамат С. Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің Емдеу-хирургия факультетінің аспирантурасында білімін жетілдірді. 2002 жылы академик, профессор Аман Нұрмақовтың жетекшілігімен «Тибет медицинасы бойынша хирургиялық аурулардың және операциялардан соң болатын қабыну үрдістерінің алдын алу және емдеу» атты ғылыми еңбегін қорғап, Қазақстан Республикасы медицина ғылымдарының кандидаты атағын алды.

2004-2007 жылдары бұрынғы ұстазы ҚХР академигі Суньнің жетекшілігімен Шығыс-Тибет медицанасы бойынша докторлық диссертициясын қорғап шықты.

2004 жылы өзінің басшылығымен ата-бабамыздан келе жатқан емшілік дәстүрмен ұштасқан, ине салу арқылы емдейтін (ғылыми терминде аккупунктура), ғылыми негізді «Шығыс-Тибет медицина орталығын» ашты.

 

2009 жылы халықтың медициналық сауатын көтеруді, түрлі кеселдерден сақтандыруды, жадымыздан өше бастаған таптырмас халық емдерін қайта жаңғыртуды, ұлттың рухын, ана тілінің мәртебесін көтеруді мақсат етіп, «Жас-Ай» медициналық-ғылыми сараптамалық және танымдық журналының тұсауын кесті. Журналға қатысты маңызды істердің ұйытқысы да өзі болды. Бүгінде «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидамен жарық көретін «Жас-Ай» медициналық-ақпараттық журналы екі ай сайын 5 000 данамен шығып отыр.

Қазіргі таңда Жасан Зекейұлы басшылық етіп отырған «Жас-Ай» медициналық орталығы – еліміздегі денсаулық сақтау саласында бірегей орны бар институт. Бүгінде «Жас-Ай» орталығы республикалық маңызға ие үш ірі қала –  Алматы мен Астанада және Шымкентте сапалы ем көрсететін, заманауи құралдармен жабдықталған ірі медициналық орталыққа айналып отыр. Медицина орталығы ұжымының тынымсыз тірлігінің арқасында қазір шығыс-тибет емі дәстүрлі медицина төрінен орын ала білді. «Жас-Ай» медициналық орталығы республика бойынша ең көп халықтық сұранысқа ие болып, жеке медициналық орталықтардың көшін бастап тұр.

14 жылдың ішінде «Жас-Ай» орталығы 80 000-нан астам науқастың дертіне дауа болды, 15 000 адам тегін емделген. Осы уақыт ішінде құдайдан перзент сұрап жүрген 3500 ана сәбилі болып, ана бақытына кенелді. Мыңдаған мешел (ДЦП) дертіне шалдыққан сәбилер ауруынан айығып, детінен құлан-таза сауықты. 4 000-нан астам инсульт алып, сал болып қалған талай адам орнынан тұрды. 3000-нан астам белінен шойырылған науқастың бел омыртқа жарығы (грыжа) отасыз емделіп, қалпына келді.

Бұл күнде елімізде Жасан Зекейұлының қолынан жанына шипа тапқан адамдар көптеп саналады. Халық оны «даңқты дәрігер», «дәуірдің дәруі», «алтын қолды азамат» деп атап кеткен.

Жасан Зекейұлының  дәрігерлік қызметіндегі қол жеткен жетістіктері мен табыстары бір төбе болса, азамат ретінде қоғамға қосқан үлесі де қомақты. Оның дәлелі, республика деңгейінде өткізілген көптеген рухани-мәдени, спорттық шаралардың өтуіне қолдау көрсетіп, жағдайы төмен отбасыларға қаржылай көмектесіп сауапты іс жасап тұрады.

 «Нұр Отан» партиясының «Жас-Ай» бастауыш партия ұйымы атынан партия өткізген талай қоғамдық іс-шараларға атсалысып, жыл сайын «Мектепке барар жол» акциясы аясында қамқорсыз қалған балаларға, жағдайы төмен отбасыларға мектеп жабдықтарын алуға 750 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен.

Ел алдында жүрген азаматтар мен халық қалаулыларына, жергілікті бизнес өкілдеріне де қолдау танытып отырады. Елі үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға тегін ем жасайды.

Өзі құрылтайшы болып табылатын «Ел шуақ» қайырымдылық қорының атынан мүмкіндігі шектеулі ақын қыз Эльмира Омарбекованың кітабын шығаруға ұйытқы боп, Алматыдағы Ғалымдар үйінде «Қара жолға да қарыздар болмаған қыз» атты шығармашылық кешін өткізіп берді.

Президентіміз Н. Назарбаевтың «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыру барысында өткізілген қаламгерлер арасындағы байқауда қандастардың үздік мақалаларын жариялауға қаржылық қолдау көрсетті. Д. Қонаевтың 100 жылдығына орай өткізілген республикалық шахмат жарысына, Таэквондо жаттықтырушысы Адай Марғұланның Вьетнамда өтетін халықаралық чемпионатқа баруы үшін 1 000 000 теңге бөлген.

Сондай-ақ «Түркі халықтарының мәдени қоры», «Киокушинкай каратэ-до» Қазақстан чемпионаты, Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлері ұйымына қолдау көрсеткен.

ҚР Ұлттық спорт түрлері федерациясының бастауымен өткен ережесіз жекпе-жектің республикалық шарасына 500 000 теңге аударды. Райымбек мешітіндегі медресеге жыл сайын 450 000 теңге ақшалай көмек беріп тұратындығын айтпағанда, апта сайын жеке басының қиыншылығын шешіп беруге өтініш айтқан талай жанның тілегі қабыл болды.

Баян батыр Қасаболатұлының және Ер Жәнібектің ескерткіштерінің ашылуына 5 000 000 теңге көлемінде ақшалай демеушілік көрсеткен.

Ақын Жәркен Бөдештің 70 жылдық мерейтойына темір тұлпар сыйлады. Арбаға таңылған ақын Нұртас Исабаевтың шығармашылық кешін өткізетін сарайды жалға алып берген. Қазақстан ардагерлерінің республикалық орталығының құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырған мерекелік іс-шараға 500 000 теңге қаражат бөлді.

Дәрігер жүрегінің мейірімге толы екендігін дәлелдеген игі ісінің бірі – 2017 жылы көктемде Ақмола облысы Атбасар ауданын су алған кез болды. Осындай қысылтаяң кезде «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалымен бірлесіп, Ақмола облысы Атбасар ауданы Қызылжар ауылы тұрғындарына 450 000 теңге қаржы бөліп, 100 000 теңге көлемінде азық-түлікпен көмектескен.

Тарихи отанына оралған қандастарымызға, тұрмысы нашар және көп балалы отбасыларға наурыз мерекесін атап өтуге жыл сайын 200 000 теңге қаржылай көмек көрсеткені үшін «Нұр қоныс» қайырымдылық қорының Алғыс хатымен марапатталып, халыққа істеген қалтықсыз қызметі үшін ұлттық-қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығымен марапатталған.

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылдың 13 қыркүйегінде Астанада «Рух жаңғырығы» атты халықаралық айтыс өтті. Бұл жыр додасының бас демеушісі Жасан Зекейұлы болды. Айтысқа белгілі ақындар Жандарбек Бұлғақов, Айнұр Тұрсынбаева, Сырым Әуезхан қатарлы қазақстандық ақындар мен Моңғолия және Қытайдан келген қандастарымыз бар, барлығы 16 ақын бақ сынады.

Қазылар алқасының құрамында Қонысбай Әбілов, Дүкен Мәсімханұлы, Балғынбек Имашов қатарлылар болды. Бас жүлдеге шетелдік автокөліктен бастап 8 ақынға жүлде берілді.

Жасан Зекейұлы алдына көмек қолын созып, жәрдем сұрай берген жанға жан шуағын аямайтын жомарт жан. Қанша мұқтаж адамға, әсіресе жетім-жесірлерге қолдан келгенін аямай, тегіп ем жасап, қаржылай көмек көрсетіп жатқаны сөзімізге дәлел. Ол түрлі қайырымдылық жасап, халқының алғысына бөленуде.  Жасан Зекейұлының жан жомарттығының бір белгісі – емделуге қаражаты жоқ, әлеуметтік қиын жағдайдағы адамдарды тегін емдейтіндігі. Айтып өтер болсақ, «Жас-Ай» орталығы ашылғаннан бергі уақыт ішінде 10 000-ға жуық науқасқа тегін қызмет көрсетілген.

Туабітті қоянжырық кеселі 21 жастағы Нұрлыгүл Жаңабаеваның өміріне қиындық туғызып келгені жайлы «Алматы» телеарнасынан естіген Жасан Зекейұлы қыздың бет-әлпетіне пластикалық операция жасатуға 300 000 теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсеткен.

«Жас-Ай» медициналық орталығынан ем алып қайтқан адамдар, орталықтың қызмет көрсетуіне деген жылы лебіздерін білдіріп жатады. Мұның басты сыры Жасан Зекейұлы тек дәрігерлерге ғана емес, мейірбикелерге, тағы да басқа қызметкерлерге адамгершілік қасиет туралы үнемі айтып отырады екен. «Науқас адам бірінші Аллаға, содан кейін, дәрігерге сеніп, бар үмітін арқалап келеді. Алдыңа келген науқасты ең жақын адамыңдай мейіріммен қарсы алып, жылы жүзбен, сыпайы сөзбен ғана қарым-қатынас жасаңдар.  «Келген жанның бәріне кішіпейілдікпен, мейіріммен қараңдар! Жанына демеу болыңдар! Бұл – сендердің міндеттерің» деп үйретеді өз ұжымын.

«Жас-Ай» орталығында емделген қоғам және мемлекеттік қайраткерлері, Қазақстанға және әлемге танымал тұлғалар да өздерінің ыстық ықыластарын білдіріп жатады. Айтар болсақ, Ғарифолла Есім, Уәлихан Қалижан, Әділ Ахметов, Қуаныш Сұлтан, Мұхтар Алтынбаев, Мұхтар Шаханов, Бақытжан Ертаев, Жандарбек Мәлібеков, Қаржаубай Сартқожа, Дүкен Мәсімханұлы, Тұманбай Молдағалиев (марқұм), Мақсұт Нәрікбаев (марқұм), Оразгүл Асанғазы, Нұрлан Оразалин, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Марфуға Айтқожина, Ұлықбек Есдәулетов, т.б. көптеген тұлғалардың ақ жарма алғыстары алтын қолды дәрігерімізді қанаттандыра түседі. Солардың кейбірін келтіре кетсек:

ҚР Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов:

«Сіз классикалық һәм Шығыс-Тибет медицинасының қыр-сырын терең зерттеп, толық игерген ғалым дәрігерсіз. Сондықтан өз Отаныңызға оралып, Шығыс-Тибет медицина орталығын ұйымдастырғаныңызды туған еліңізге арналған үлкен қызмет деп санаймын...»

ҚР Мемлекет және қоғам қайраткері, академик Өмірбек Бәйгелді: «...Медициналық орталықты Алматыдан аштың, Астанадан аштың, оған да қуандық. Іргеңді кеңейттің. Қазақтың жартысы сендей жұмыс істесе, Қазақ елі екі-үш жылда әлемдегі үздік мемлекеттердің қатарына өтер еді...».

Академик, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім: «... Жасанның ауруға төкпелеп сұрақ жаудырып отырғанын көргенім жоқ. Ол кез келген адамның дертін өзі анықтап береді. Тамыр ұстайды. Бар мәселе тыныста. Қанның тамырларды қуалап айналуында. Тамыр соғуы Жасанға бәрін айтып береді. Тамыр ұстау арқылы диагноз қойып, ем жасау – Жасанның тәсілі. Оның оқуы да, ұстазы да өзге. Тамырын ұстап, адамның дертінің себебін айтқанда кісі бір жеңілдеп қалады. Ол ішінен «дертімнің себебін білді, енді емі де табылады» деп ризашылық сезімге өтіп, дәрігерге сенеді. Ал адам дәрігерге сенсе жазылады. Дертіне шипа табылады».

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Әділ Ахметов өзінің биылғы 12 маусымда «Астана ақшамы» газетінде шыққан «Білікті шипагердің белестері» атты мақаласында: «Мен бұл мақаланы аталған медициналық орталықта бірнеше мәрте емделіп, айығып шыққан, шипасының сапалы екеніне көзі жеткен және ондағы қызмет көрсеткен күллі мамандардың адами қасиеттерінің жоғары деңгейіне тәнті болған азамат ретінде жазып отырмын. Ендеше, медициналық орталықтың жетекшісі Жасан Зекейұлы мен қатардағы мамандарға «бәрекелді!» деуден басқа айтар сөз жоқ, өйткені олардың барлығы да кісілігі мен кішілігі және жүрек жылуы мол жандар»,-деп өзінің жүректен шыққан ниетін білдіріпті.

Ал Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев болса:

«Мен әскери салада еңбек етіп, зұлмат соғыс күндерін бастап өткізгендіктен, денсаулықтың қадірін жете түсінген адаммын. Денсаулық – адамның ең басты байлығы екенін ескеріп, осы салдада халыққа қажетті ақпарат бере алатын «Жас-Ай» журналының болуы заңды. Бұл басылымның берер емі көп болсын! Осыған мұрындық болып отырған Жасан Зекейұлын «Денсаулық қорғайтын доктор, маршал» десем, қателеспеймін...»-депті.

Қазақтың көрнекті ақыны, марқұм Тұманбай Молдағалиев:

 

«Өмір кеш жарқырып бір жарқын жүріп,

Қарсы алсын әрдайым халқың күліп.

Жүре бер аман-есен алға қарай,

Алтын ине салатын алтын жігіт» –  деп ризашылығын жыр жолдарымен өрген екен.

Алтын инемен емдейтін Жасан Зекейұлының қандай науқастарды емдейтіндігін және қандай сырқаттардан сауықтырғандығын нақты деректер мен дәйектер арқылы айтып кетейін. Терісінің 90%-ы псориаз дертіне шалдыққан 58 жастағы Әбусағит Молдахметов ұзақ жылдар осы аурудан азап шегеді. 20 күндей ем алған Әбусағит аға ауруынан толық жазылады.

Атагелдиевтер отбасында тоғыз жыл бойы құрсақ көтере алмаған келіні Ботагөздің «Жас-Ай» медицина орталығында тегін көрсеткен шипалы емі арқылы бір ұл, бір қыздың анасы атанды.  «Дәстүрлі медицина дәрменсіздік танытқан дертке шығыстың емі  икемді болды. Айналысы 2-3 курс емнен кейін Ботагөз тұңғышым Әбдрахманды өмірге әкелді. Кейін Ханифа туды. Баланың зарын бір кісідей тартқан біз ең әуелі Аллаға, екінші Жасан Зекейұлына алғысымыз шексіз. Алладан ол кісіге денсаулық тілейміз»,-дейді Ердәулет Атагелдиев.  Сонымен қатар перзент көтере алмай, бедеулік диагнозы қойылған Гауһар Кәрімова «Жас-Ай» медицина орталығына келеді. Емдеу мекемесінің дәрігерлері Гауһардың бедеулігінің себебі ішек қатысуы (спайка) екендігін анықтайды. Көп өтпей, Жасан Зекейұлының шипалы емінің арқасында Гауһар сәбиін дүниеге әкелді.

Омыртқааралық диск жарығы (грыжа диска), бел-құйымшақ, омыртқалар  остехондрозы деген дәрігерлік анықтамамен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің бірінші проректоры Мақтағали Бектемісов те орталыққа туыстарының сүйемелдеуімен келеді. Алтын инемен емдеу тәсілін үзбей алған Мақтағали аға кейіннен Жасан Зекейұлының алтын инесін жыр қылып айтып жүрді.

Елімізге танымал әр сала қайраткерлерінің де қарапайым халықтың да Жасан Зекейұлына айтылған жүрекжарды лебіздері осылай жалғасып кете береді. Бұл Жасан Зекейұлы басқарып отырған «Жас-Ай» медицина орталығында алтын иненің күшімен емделіп, науқасынан құлан-таза айыққан жандардың аз ғана бөлігі.

«Емделмейтін дерт жоқ, емшісіне кезіксе» дейді халық нақылы. Халықты химиялық қоспасыз сауықтыратын алтын ине орталығының алтын қолды дәрігері Жасан Зекейұлы мен орталық дәрігерлеріне  халықтың айтар алғысы шексіз!

Ауруынан айыққан сан мыңдаған адамның алғысы мен Брюссель қаласындағы Халықаралық Еуропалық медициналық қауымдастығының, ОКСФОРД (Англия), ЕМА және басқа да ұйымдардың тағайындауымен «Халықаралық үздік клиника» атағын иеленуі осының дәлелі. Бұл биік дәреже.

Отандық медицина саласында ине терапиясы бойынша қол жеткен жетістіктері Халықаралық  Вена (Австрия) университетінің ғылыми кеңесінің оң бағасын иеленді.

Шығыс-тибет медицина орталығында ем жүргізудің негізгі тәсілі – ине салу, ине терапиясы, уқалау, сылау (массаж), булау және емдік қасиеті бар шөптермен, табиғи өсімдіктерден жасалған дәрі-дәрмек, табиғи тастармен қыздыру, түрлі майлармен сылау, қазақ халқының дәстүрлі халық медицинасындағы түрлі тағамдар арқылы емдеуді де ұмыт қалдырмай, әрі қарай дамыту. Науқастың диагнозын тамыр арқылы анықтау Шығыс-Тибеттік медицанадағы ең маңызды түйіннің бірі. Тамыр басу – шығыстың ғұламалары Ибн-Сина, Әл-Фараби, Өтейбойдақтың және бүгінгі біздің теориялық негізіміз сан мың жылдық адамзаттың өмір тарихымен біте қайнасып, зерттеліп, зерделеніп, ғылымиланып, ерекше сұранысқа ие болған диагноз қою үрдісі. Бұл туралы қысқаша айтар болсақ, адамның қалыпты тамыр соғысынан бастап 80 түрлі қалыпсыз тамыр соғысы бар. Сол неше жүздеген аурулардың белгісінен көрініс беріп, адамның түйсігі мен санасына қолының сезімталдығына хабар беретіндігі дәлелденген.

Дәстүрлі медицина адам денсаулығын сырттан, тыстан, қоршаған ортадан, терапия, хирургия, фармацевтика салалар қарап, бақылап, емдей отырып сақтайды,  нығайтады. Шығыс-тибет медицинасы болса, адамзат саулығын ағзаның ішкі қуат қайнарлары мен табиғи жан каналдарының жұмыс қабілетін табиғи арттырып, иммунитетті көтерумен бірге науқастың өзінің сенімін арттыру арқылы ішкі жан дүниесіне сүйене отырып бекемдеуді мақсат тұтады.

Үстіміздегі жылдың 13 маусымында  Елордада классикалық және комплементарлық медицинаға арналған халықаралық конференция өтті. Конференция жұмысына 18 елден келген  ғалымдар мен медицина саласының белді мамандары қатысты. Бірнеше күн бойы ғалымдар пікір алмасып, шеберлік сыныптарын өткізді. Сондай-ақ жиында медициналық туризм мәселелері де көтерілді. Мұндай тақырыптағы конференцияның ТМД аумағында алғаш рет ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.

Конференция барысында Халықаралық Сократ комитеті, Еуропа медициналық қауымдастығының атынан осы қауымдастықтың президенті, доктор Винченцо Костиглиоло әлемдік медицинаға қосқан жеке үлесі және мәдениетаралық байланысты орнатқаны үшін Жасан Зекейұлына «Қайырымдылық елшісі» атты құрметті лауазымның алқасын тағып, символдық жалауын табыс етті.

Конференция барысында баяндалған теориялар мен ғылыми тұжырымдамалар практикалық жақтан көрсетілді. «Жас-Ай» орталығы Жасан Зекейұлының шығыс еміне енгізген авторлық әдіс-тәсілдерінің таныстырылымын жасады. Шығыс емінің бір тәсілі – шөппен қыздырып емдеу де көрсетілді.

Сондай-ақ жылына 2-ақ рет жарық көретін «Сократ Альманахы» журналының биылғы жылғы 1-саны «Халықаралық үздік клиника» атағын иеленген «Жас-Ай» халықаралық медициналық орталығына, оның басшысы Жасан Зекейұлына арналды. Аталған басылымның Еуропа кеңістігінде көп тиражбен шығатындығын ескерсек, бұл қазақ елін, тарихын, жетістіктерін әлемге тағы да бір қырынан танытудың бір жолы болғандығын атап өтуіміз керек.

«Адам денсаулығы – ұлт байлығы». Ұлт байлығын сақтауда дәрігерлердің алатын орны бөлек, қадірі ерекше. Дәрігер ғана болып қоймай, өз ісінің нағыз шебері, майталман маманы болса одан да үлкен құрметке ие болары анық.

 Әр сөзінде «қазағым» деп, ел үшін бар күш-жігерін аямайтын, қандай игілікті іс-шара болса да атсалысып жүретін, қолындағысын қорғансыз жұртынан аямайтын дархан жүректі, жомарт мінезді «Жас-Ай» Шығыс-тибет медициналық орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, академик Жасан Зекейұлы осындай жан.

 

Тұрар Сәттарқызы