16 желтоқсан- Тәуелсіздік күні болып бүкіл әлемге ресми жарияланғанына 27 жыл толды. Еліміздің кешегі қалпын, бүгінгі болмысын және ертеңгі бітім бейнесін бағамдап, жүйелі түрде сараптап отыру-өмір ұсынып отырған қажеттілік. Өткен шақ, осы шақ және келер шақтың табиғи үйлесімді бірлігін әрдайым сақтап жүру- қол жеткізетін толайым табыстарының алғы-шарттарының бірі болмақ. Азаттық ауасын емін-еркін - жұтып келеміз, бодандық қамытынан құтылдық, нешетүрлі мінез-құлқымыздағы кеселдерден арылып келеміз.Әлемдік өркениет көшінде мықты мемлекеттермен иық теңестіріп, қатар қарыштап қадам басудамыз.Елбасының сарабдал, салиқалы саясатының арқасында Қазақстанды бүткіл әлем таныды. Ел еңсесін көтерді, төрткүл дүние алдында беделі артты. Экономикамыз бұрынды-соңды көзі көріп, қолы жетпеген жетістіктерге жетті. Білім, ғылым, техника, қорғаныс, ауыл шаруашылығы- тағы басқа салалардағы даму қарқыны еселене артып келеді.
Береке, бірлігіміздің өзегі, бастауы- Тәуелсіздік үшін ата-бабамыз, аға ұрпақ өкілдері аянбай күресті, ащы терін төкті, қан майданда оқ пен отқа кеудесін тосты, қаншама ағайын қуғын-сүргінге түсті, сонау ит жеккенге айдалды, көрген азап, бастан өткізген « тар жол, тайғақ кешулер»...қисапсыз ғой.
Жылдар жылжып өткен сайын Тәуелсіздігіміздің тұғыры бұрынғыдан да бетер бекемделе, бағасы арта, мәртебесі биіктей түспек.
Тәуелсіздігімізбен байланысты ой өзегі бастауын арғы тарихқа бармағанның өзінде берітіндегі Сырым Датұлынан, Исатай, Махамбет, Кенесары Қасымұлынан, 1916 жылғы ұлт- азаттық көтерілістерден, 1979 Целиноград қаласында болған ереуілдерден, 1986 жылғы желтоқсанда кеңес империясына қарсы көтерілген жастар қозғалысынан алатынына ешкім күмән келтірмес. Тәуелсіз еліміздің отансүйгіш азаматтары бұл қадірлі есімдерді, тарихымыздың осындай тағлиматы мол тағылымды кезеңдерін ешқашанда ұмытпайды. Өйткені елін, жерін қорғап қалған бабалар, аға буын өкілдерінің рухын қастерлеп, олардың батырлық, патриоттық дәстүрлерін сақтап қана қоймай, тиесілі деңгейде жалғастырып, дамыта да беретін ұрпақ қалыптасып қалды.
Мемлекет басшысы Н. Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылды –жастар жылы деп жариялады.
«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс.
Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек.
Келесі жылды «Жастар жылы»деп жариялауды ұсынамын».
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2020 жылдарға дейін « Қазақстан 2020 : болашаққа жол» мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жастарға, оның ішінде ауыл жастарына жұмысқа орналасуға тиесілі жәрдем берілуде. Жастар арасында белсенділікті арттыруға бағдарланған іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып жүр.
Кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсетуге арналған бағдарламалары шеңберінде жастардың бизнес жобаларын қаржыландыру, қолжетімділігін қамтамасыз ету жолдары қарастырылған.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысы өрісін кеңейтіп, өз белсенділігін танытып келеді.
Мемлекеттік бағдарламалар негізінде жас отбасылардың баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің нақты орындалу реті мониторингке (бақылауға)алынған.
Жастардың спорттық базалармен, денсаулық сақтау орталықтарымен арабайланысын бекітіп дамытатын іс-шаралар кешені жүзеге асырылып келеді.
Әсте ел келешегін кемел қылатын Тәуелсіздігіміздің тұғырын әрқашан бекемдейтін күш-ол, жастар.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалы мақаласында мына маңызды мәселеге басты назарын аударады:
-Табысты болудың ең іргелі басты факторы білім екенін әркім түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
Елбасы айтқандайын, табысты болудың ең іргелі басты факторы білім екенін дәреже атағы атыраптан асып, шет елдердегі танымал әріптестеріне белгілі дәрігер Жасан Зекейұлы бастаған Халықаралық «Жас-Ай» медицина орталығының кіл жастардан тұратын ұжымы өзі өткізген нақты іс-шараларымен, іргелі ғылыми ізденістерімен, науқастарға арнап атқарған сапалы медициналық қызметімен, оларға көрсеткен ем-шараларының шипасымен айғақтап келеді.
«Жас-Ай» шығыс медицина орталығы –Ел тәуелсіздігінің бір мәуелі жемісі. Осы орталықтың басшысы Жасан Зекейұлы Алтай, Тарбағатай өңіріндегі Толы елді мекенінде дүниеге келген. Бұл Қытай ғой.
Қазақстан Тәуелсіздігін бүкіл әлемге ресми жариялағанда бөркін аспанға атып қуанғаны оның әлі-күні кешегідей-есінде. Анасы Шәрипа Қазезқызы көз жасын тоқтата алмады. Ата-мекенге деген жүректе тығылып жатқан сағыныш осылайша сыртқа шығып жатты. Бұған енді қанына сіңген, сүйегіне дарыған әкесі, анасы, ата-бабасының қазақ жеріне деген сағынышын қосыңыз- жылатпай қоя ма, шіркін...
Осы сәттен бастап Жасан Зекейұлы бұл кезде Іле-қазақ автономиялық облысы Куитин (ҚХР) қаласындағы орталық ауруханада хирургия бөлімінің меңгерушісі болып жүрген. 1,5 миллиард халқы бар Қытайда Жасан үздік медицина мамандарының жүздігіне еніп үлгерген. Бұл ғылым мен практиканы екі тізгін бір шылбырмен ұстап жүрген уақыты болатын еді. Үйлі – баранды болды. Тұрмыс жағдайы да көңілдегідей. Пендеге қажет дүние- мүліктің бәрі баршылық. Не ішем, не кием деген мұқтаждық болған жоқ.
Дегенмен Атамекенге жол тарту керек деген ой түнде түсіне, күндіз көкірегінен кетпеді.
Еміс-еміс емес, қайта-қайта басшылар кабинеттеріне кіріп, «Обыр ауруын емдеудің тиімді тәсілдері» тақырыбына арналған ғылыми-зерттеу жұмысын аяқтау мақсатымен Қазақстанға бару қажеттігін айтып, олардан рұхсат сұрады. Сонымен «Уһ»-дегенде рұқсатнама қолға түсті-ау.
Бәрін айтта бірін айт: енді Жасан Зекейұлы ата-баба жерінде, Қазақстанда.
Мұнда мамандығың бойынша бір жерге ілігу үшін- орыс тілін білу керек. Білмесең- үйсіз, күйсіз бейшара жағдайына тап боласың. Қытайда қатардағылардан озық маман болса, мұнда қайтадан бәрін бастауға тура келді. Өсітіп С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университеті орыс тілі кафедрасында шетел азаматтарына арналып әдейі ұйымдастырылған орыс тілін үйренем деушілерге біржылдық курс ашылған. Осы курсқа түсіп, оны тәмамдады. Университетте хирургия кафедрасындағы аспирантураға аспирант та болды.
2000ж Қазақ еліне танымал хирург, профессор Аман Жалелұлы Нұрмақовтың жетекшілігімен кандидатық диссертацияны А.Н. Сызғанов атындағы эксперименталды хирургия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми кеңесінде қорғады.
Диссертация тақырыбы «Хирургиялық аурулардың асқыну процесін Тибет медицинасы әдісімен алдын алу және емдеу».
2012 жылы « Жүйке жүйесі әлсіреген науқасты дағдарыстан дәрі-дәрмексіз шығару және оның қалпына келу барысын бақылау» тақырыбына арналған докторлық диссертацияны Москвада қорғады. Жоғары Академияаралық комиссия шешімі бойынша Жасан Зекейұлына медицина ғылымдарының докторы деген ғылыми дәреже берілді.
2004 жылы «Жас-Ай» жекешелендірілген «Жас-Ай» медицина орталығын ашты.
2008ж. тұрғындар арасында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатымен өз қаржысына «Жас-Ай» медициналық –танымдық журналды 5000 данамен шығара бастады. Ел азаматтарына бұл басылым «Қазпошта» жүйесімен таратылды.
10 жылдан астам мерзім ішінде «Жас-Ай» Шығыс медицина орталығы 80 000 науқастарды аяғынан тік тұрғызды, 15 000 ауруларға дер кезінде тегін медициналық көмек көрсетті, 5000 сал ауруына (ДЦП) шалдыққан балаларды сауықтырды, 5000 отбасына бала сүю бақытын сыйлады, 4000 инсультпен және 2000 беломыртқа жарығымен ауырғандарды айықтырып, жұмыс ұжымдарына қайтарды.
«Жас-Ай» Шығыс медицина орталығы «Мектепке барар жол» Республикалық акциясын ұйымдастырып өткізу ісіне белсенді қатысып, көпбалалы отбасыларына демеушілік көрсетіп жүр.Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып жүр, ұлт батырлары Баян батырға және Ер Жәнібек Бердәулетұлына ескерткіш орнатуға 5000000 тенге ақша бөліп берді.
Еуропа медициналық қауымдастығы (Брюссель, Бельгия) және ОКСФОРД Академиялық Одағы (Ұлыбритания) «Жас-Ай» Шығыс медицина орталығының құрылтайшысы, бас директоры, бас дәрігері Жасан Зекейұлына 2017 жылғы 3 шілдесінде Люцерн қаласында (Швейцария) Еуропа медициналық қауымдастығы мен ОКСФОРД Академиялық Одағының Құрметті профессоры деген атақ берді.
Екі жылда 1 рет шығатын «Сократ альманахы» («Сократовский альманах») Халықаралық басылым жарық көретін кезекті санын «Жас-Ай» шығыс медицина орталығының және оның басшысыЖасан Зекейұлының шығармашылық қызметіне арнады.
Бұл еуропалық журналдың тұсаукесер рәсімі 2018 жылғы 15 маусымында Астана қаласында Еуропа медициналық қауымдастығының Президенті доктор Винченцо Костиглиолоның, (Брюссель, Бельгия) елге танымал медицина мамандары, белгілі ғалымдар, Сенат депутаттары, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен салтанатты түрде өтті.
«Сократ» альманахы басылымы мұқабасының ішкі беті Халықаралық Сократ Комитетінің Төрағасы профессор Джон Неттиннің (Ұлыбритания) құттықтауымен ашылады.
Құрметті доктор Жасан Зекейұлы!
Халықаралық Сократ Комитетінің басшылығы, қауымдастығымыздың пікірлес барлық мүшелері және өз атымнан Сіздің жуырда ғана өткен елужылдық мерейтойыңызбен және Сіздің медицина, руханият және мәдениет салаларын дамытуға сіңірген нәтижелі еңбегіңізді айғақтайтын «Мейірім Елшісі»деген Халықаралық сыйлығыңызбен құттықтаймын!
Бұл айрықша белгінің Сізге табыс етілуі- ұлттық және Халықаралық аренада сондай-ақ халық дипломатиясы институтын кеңейтілген практикаға енгізу ісінде де Сіздің сенімді серіктес екендігіңізді танытады. «Мейірім Елшісі» деген белгі иесі Халықаралық Сократ Комитетінің және ОКСФОРД Академиялық Одағының Қазақстан медицина ұйымдарындағы куәләндырылған өкілі екендігін білдіреді. Жоғарыда аты аталған мәртебелі мекемелер іскерлік және гуманитарлық жобаларын жүзеге асыруға барлық құқықтары мен өкілеттіктері бар аймақтық үйлестірушісі де болып табылады.
Қызметіңіздің гуманистік бағым-бағдарын ескере келіп, мұндай марапатты Сізге табыс ету- біз үшін үлкен мәртебе.
Сізге мол бақыт, сәттілік, бейбітшілік, оптимизм және бизнесіңіздің мейлінше қуат алып дамуын тілеймін. Бірлескен ынтымақтастыққа және жаңа кездесулерге деген үмітіміз бар.
Айта кетелік, «Сократ» альманахы журналын шығаратын Халықаралық баспа редакциясы атынан Жасан Зекейұлына Еуропа медициналық қауымдастығының Президенті доктор Винченцо Костиглиолоның да құттықтауы басылымның бірінші бетінде келтірілген.
Қараорман қазақ баласы Жасан Зекейұлының жеке меншік секторындағы отандық медицинамызды Еуропа деңгейіне көтеріп, олардың оған ықылас-назарын аударта алуы, әлбетте, Елбасы негізін қалаған Тәуелсіздіктің арқасы. Ендеше, қадірлі оқырман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы да ғұмырлы болғай деп тілейік.
Сейітзада Бибатырұлы Әсембек,
мәдениеттанушы