Түркі дүниесінің тарихы түгенделсе...


Жасан Зекейұлы, м.ғ.д. профессор, академик:

Түркі дүниесінің тарихы түгенделсе...

Елбасы Н.Назарбаевтың  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы  қоғамда үлкен резонанс тудырып, елімізде ғана емес, алыс-жақын мемлекеттерде де талқыланып жатыр. Ал отандық ғалымдар әрқайсысы өз салалары бойынша мақалаға үн қатып, оның елімізге тигізер ғылыми және рухани пайдасы жөнінде пікір білдіруде. Осы ретте Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Халықаралық «Сократ» орденінің иегері, Оксфорд Академиялық Одағының және Еуропа медициналық қауымдастығының  докторы әрі құрметті профессоры, еуропалық медициналық қауымдастығының Қазақстандағы ресми өкілі Жасан Зекейұлына жолығып, осы мақаладан алған әсері мен түйген ой-пікірін сұраған едік.

- Жасан Зекейұлы, жалпы Сіз еліміздегі қоғамдық маңызы бар істерге бейжай қарамай, қайта оған белсенділікпен пікір білдіріп, нақты іспен үлес қосып жүретініңізді білеміз. Ал, Елбасының жақында жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан қандай әсер алдыңыз, сол бойынша оған қосар ұсыныс, пікіріңіз бар ма?
- Әсерім өте көп. Солардың ең бастыларын таратып, жіктеп тоқталайын. Бұл мақаланың негізі түркі дүниесі тарихына қатысты әлемде шашырап жатқан құндылықтарды түгендеу, соны жазба  тарихқа   енгізіп, суретін түсіріп, бейнесін таспаға басып, болашақ ұрпаққа қалдыру деп білемін. Мәселен, мен туып-өскен Қытайдың Алтай, Тарбағатай аймағындағы көптеген жер, су аттары, таулар әлі күнге қазақы атауларымен аталады. Шындығына келер болсақ тек Қытай ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Монғолия, Түркменстан, Азербайжан елдерінде де қазақы атаудағы жерлер баршылық ғой. Мысалы, Тарбағатайдан тармақталып жатқан Барлық, Қарамай, Орқашар, Жайыр, Майлы тауларын алайықшы. Барлығы да қазақи мағынасы бар атаулар. Болмаса Алматы облысымен шектесетін Қытайдағы басты-басты тау атауларына назар аударайық. Еренқабырғадан бастап, Сарытау, Аттың тауы, Үйсінтау сілемдері, Мұзарт таулары, Әулие шоқы, Көктөбе деп кете береді. Ал, өзен көлдерге келсек, Сайрам көл, Жасыл көл, Үліңгір, Боғда көл, Қастың өзені, Қайыңды Қарасу, Шаты өзені, Алтынбұлақ, Қызылбұлақ, Түргенбұлақ сияқты бәрінің қазақы мағынасы бар атаулар. Бұлар менің есіме түскендері ғана. Сондай-ақ осы өңірлерде Үйсін қорғандар деген атаумен белгілі көптеген қорғандар бар.  Оардың кейбірінен қазақ даласынан табылып жатқан «Алтын адамдарға» ұқсас алтыннан жасалған бетперделер табылған. Басқа да түркі халықтарына тән әшекей заттар шыққан. Сонымен қатар Қостолағай көмір кені, Қарамай көмір кені, Қарамай алтын кені, Қату алтын кені секілді қазақы атауға ие өндіріс орындары жатыр. Мұның бәрінің біздің тарихымызбен тікелей байланысы бар. Сондай-ақ, мен жоғарыда атаған көрші елдерде де қазақы атаулармен аталатын жер, су аттары жеткілікті. Олар да осы тізімге енуі керек. Сондықтан осы бағдарламалы мақала аясында тарихымызды түгендегенде осылардың бәрін қағазға түсіріп, болашаққа қалдыруымыз керек деп ойлаймын. Менің бұл ұсынысымды өзге де ұлтжанды азаматтар қолдайтыны даусыз.
- Иә, бұл мәселені ұлтжанды, пікірін ашық айтатын азаматтар бұрын да көтеріп жүрген. Енді Елбасы нақты тапсырма берген соң атқарушы билік жалтақтамас болар. Осы арада Сізден тағы да білгіміз келгені Қытай архивтерінде жатқан еліміз тарихына қатысты құнды мұрағаттар да бар ғой. Оның біразындағы мәліметтерді қазақ ғалымдары елімізге алып келіп те жатыр. Ал, жарыққа шықпағандары қаншама?
- Дұрыс айтасыз. Қытай архивтерінде  қазақ тарихына қатысты құжаттар өте көп. Бірақ оның көбін олар жасырып отыр. Қолы жеткендерін қазақ ғалымдары біртіндеп жариялауда. Дегенмен көбіне қол жетпеуде. Ашығын айтқанда, қытайдың арнайы күш құрылымдары ондағы құжаттарға қол жетпейтіндей жүйе жасап қойған. Дегенмен бүгінде әлемдік құндылықтарға БҰҰ, ЮНЕСКО секілді халықаралық ұйымдар да көңіл бөлуде ғой. Қажет болса солардың көмегіне сүйеніп, Қытай мұрағаттарында жатқан өз тарихымызға қатысты құжаттардың көшірмесін алдырып, Елбасы мақаласындағы «Архив-2025» тармағында айтылғандай, ғылыми айналымға енгізуіміз қажет. Бұған қытай тілін жетік білетін сол жақтағы ғалымдарды тартсақ, олардың мүмкіншілігі мол.
- Ұсынысыңыз өте орынды. Осы ретте Елбасы мақаласындағы «Ұлы даланың ұлы есімдері» тарауында жазылғандай тұлғалар тізіміне енуі тиіс Қытайда өмір сүріп, сол жақтағы елге қорған болған ата-бабаларымыз да бар ғой. Олардың біразы көзі қарақты елге белгілі болғанымен қарапайым халық біле бермейді. Сол тұлғалар туралы айтсаңыз.
- Ол рас. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, қазіргі таңдағы Қазақ елімен шектесетін Қытайдағы біраз аймақтар кезінде біздің ата-бабаларымыз болған Үйсін мемлекетіне қараған. Бұған ондағы Үйсін қорғандары - нақты дәлел. Міне сол аймақтарда қазақтың көптеген рулары ежелден қоныстанған. Оған кейінен орыс отарлаушыларына көнбей барған босқын ел қосылды. Алайда оларды Қытай мемлекеті құшақ жайып қарсы ала қойған жоқ. Адам басына, малына салық салды. Ол салықты жылдан-жылға көбейтті. Төлемесе жазалады. Сол кезде ол жақтағы қазақтарға бас болған батырлар, билер болды. Алтай, Тарбағатай қазақтарына қорған болған Зұқа батыр, Қалибек һакім. Үрімжі, Мұңғылкүре қазақтарына бас болған Бұқа батыр, аталас  Тазабек, Саурық батырлар Мергенбай мерген, Жақыпберді батыр, Уәйіс зәңгі сияқты  елді әділ басқарған ақалақшылар өткен. Беріде қытайдың жазалаушы әскернінен елді қорғаған Оспан, Ыдырыс батырлар болды. Қырық жыл Қытай түрмесінде отырса да қолынан қаламы түспеген Қажығұмардай жазушымыз болған, Қожекедей күйші өткен. Осы сияқты қазақтың рухын көтерген тұлғалар Қытайдың әр аймағында болған. Міне, олардың өмірбаянын, істеген істері мен ерліктерін  сол жақтағы тарихшыларымызға жаздырып, болашақ ұрпаққа қалдыру аруақты бабалар алдындағы парызымыз. 
-  Жасан Зекейұлы, енді өзіңізге етене жақын медицина саласына келейікші. Бұл  бағытта еңбектерін елге  дәріптейтін тұлғаларымыз баршылық ғой, соларға тоқталсаңыз.
- Медицина саласынан сөз қозғасақ, Отырардан шыққан Әль-Фараби бабамыздан бастаймыз. Ғылымның көптеген салаларында еңбек жазған ол медицинада да құнды еңбектер қалдырған. Одан кейін Стамбул, Бағдат шаһарларын шарлап жүріп, ғылым қуған Авицена бабамыз бар. Жәнібек ханның замандасы Өтейбойдақ Тілуқабылұлының «Шипагерлік баян» ғылыми еңбегін бүгінде Қытай мойындап, 1997 жылы «Мемлекеттік бірінші кітап» деп жариялағаны біздерге мәртебе. Сонымен қатар Қытайдғы қалың қазаққа емшілігімен әйгілі болған Бек әулие еңбегі де дәріптелуі қажет. Ал осы Өтейбойдақ бабамыздың көптеген еңбектері әлі Қытай архивтерінде жасырулы. Мұны ғылыми айналымға енгізу жалпы адамзаттың игілігі болмақ. Мен өзім Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығында қолданып жүрген ине емі мен дәрілік шөптермен емдеуді осы бабаларымыздың әдісі деп насихаттап  жүрмін. Еуропа медицина қауымдастығына да солай таныстырдым. Сол үшін де олар 2017 жылы Оксфорд Академиялық Одағы және Еуропа медициналық қауымдастығының докторы әрі құрметті профессоры атақтарын беріп, БҰҰ-ның халықаралық «Құрмет белгісі» орденімен марапаттаған болатын.
- Бәрекелді, ғылыми ізденісіңіз бен тынымсыз еңбегіңізді елімізде ғана емес, шет елдерде де бағалап жатқаны халқымыз үшін де абырой екені анық. Мұндай халықаралық бағалаулар биылғы жылы  да жалғасқан екен, енді соған ретімен тоқталсаңыз.
- Иә, ағымдағы жылдың 13-14 қараша күндері Ганконгтағы WORLD CONFEDERATION OF BUSINESSES (WORLDCOB) компаниясы мен сәуле палатасы шақыртуымен халықаралық «Бизнес әлемі»  басшыларының семинар жұмысына қатысып, өз тәжірибемді ортаға салдым. Біздің орталықта көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін таныстырдым.  Бір қызығы WORLDCOB  компаниясының көрсететін қызмет түрлерімен біздің қолданатын медициналық әдістеріміздің көбі ұқсас екені белгілі болды. Және өзіндік ерекшеліктеріміз де дараланып көрінді. Мен ELITE мүшесі болғандықтан осы семинар барысында THE BIZZ AMEA – 2018 тікелей эфирде берілген салтанатты іс-шараға қатыстым. Онда маған бизнесте қол жеткізген табыстарым үшін WORLDCOB компаниясының атынан күміс мүсінше (статуэтка) тапсырды. Бұдан кейін қарашаның 20-21 күндері Ұлыбританияның Лондон қаласында Еуропа медициналық қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен «Acute and General Medicine» тақырыбындағы ғылыми-меди­цина­лық конференцияға қатыстым. Бұл халықаралық конференцияға әлемнің әр түкпрінен 4000-ға жуық ғалымдар жиналды. Конферения барысында Еуропа медициналық қауымдастығының президенті Винченцо Костиглиоло мырзаның ұсынысымен екеуміз өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойдық. Бұл құжаттың мақсаты 
– денсаулық сақтау саласында азаматтарға қолжетімді медициналық жәрдем беру болып табылады. Осы конференция қорытындысы шешімімен мен Еуропа медициналық қауымдастығының Қазақстандағы ресми өкілі болып тағайындалдым.
- Жасан Зекейұлы, Сіз бұдан бұрын да әлемдегі дамыған Австрия, Швейцария, АҚШ, Жапония, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Корея және Малазиия елдерінде болып, қазақтың дәстүрлі медицинасын, Әл-Фараби, Ибин Сина және Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабаларымыздың емдеу тәсілдерін таныстырып, зиянсыз эко емнің пайдалы тұстарын халықаралық қауымдастыққа дәлелдеп ғылыми баяндамалар жасаған едіңіз. Осы бағыттағы абыройлы ісіңіз биыл да жалғасын тауыпты. Ендеше болашақта да осындай мәртебе биігінен көріне беріңіз! Жалпы Сіз Елбасы мақаласында айтылған тапсырмаларға да үлес қосуды бастап кеткен екенсіз. Осы ісіңіз өзге азаматтарға үлгі болғай. Барлық істеріңізге сәттілік тілеймін.
-    Рахмет! Сіздерге де табыс тілеймін. 


Сұхбаттасхан,
НҰР–Сұлтан