Менингит меңдемесін десеңіз...
аурудың белгілері мен алдын алу жолдарын біле жүріңіз
Медицинада «менингит» деген атаумен белгілі бұл ауруды халық арасында «миқұрт» деп те атайды. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, бұл шынында да өте қатерлі ми ауруы. Менингитпен балалар да, үлкендер де сырқаттанады. Дегенмен дәрігерлер иммунитеттері толық қалыптаспаған балалар мен жасөспірімдер көбірек миқұртқа шалдығатынын айтады. Сондықтан халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығының дәрігерлері мен «Жас-Ай» медициналық, ғылыми-сараптамалық және танымдық журналының журналистері бірлесіп, адамның менингитке шалдығу себебі мен оның алдын алу және емдеу жолдарын зерттеп көрді.
Балалар неге миқұртқа көп шалдығады?
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде 300 000 адам менингитпен ауырып, оның 30 000-ы қайтыс болады екен. Осы науқастардың 70%-ы балалар мен жасөспірімдер. Мұның себебі неде?
Дәрігерлердің пайымдауынша, балалардың иммундық жүйесі толық жетілмегендіктен тұмау, шықшыт безінің қабынуы, құлақ безінің қабынуы секілді аурулармен жиі сырқаттанады. Содан соң осы дерттер асқынып кетсе, менингитке ұласады. Сонымен қатар құрсақта жатқанда туберкулезбен ауыратын балалар өмірге келгеннен кейінгі алғашқы айларда дұрыс күтім көрмесе туберкулез менингитіне шалдығуы мүмкін. Мамандар көбіне суықтан болатын бұл кесел ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайтынын айтады.
Миқұрттың алғашқы белгілері
Менингит екi түрге бөлiнедi. Жедел және созылмалы болатын бұл аурудың ең күрделiсi мида iрiңдi түрде болатын менингиальдық синдромы. Бұл дертке шалдыққан науқастан әл кетiп, шаршап, тез терлеп, дене қызуы көтерiледi.
Дер кезiнде емделмесе көп жағдайда мүгедек болып қалуы да мүмкiн. Жарыққа қарай алмай, қатты дауыстан қорқып, есiнен адаса бастайды. Бұл белгi iрiңдi менингитке шалдыққанын білдіреді. Миқұртпен ауырған бала болсын, ересек адам болсын, үй жағдайында емдеуге болмайды. Бірден жедел жәрдем қызметкерлерін шақырып, емханаға жатқызып, қоғамнан оқшаулау керек. Себебі менингитпен ауырған адам оны таратушы болып табылады. Аурудың бактериясы демалған кезде немесе жөтелгенде ауаға тарап, өзгелерге жұға бастайды. Мұрынға түскен бактерия жұлынға жетіп, қан айналымына еніп, ауру асқына түседі. Миқұрттың жүйке жүйесіне жетіп асқынған түріне шалдыққан науқастардың 20%-ы қайтыс болады деген дерек бар. Ертеде миқұртқа шалдыққан аурулардың басым бөлігі тиісті емдік препараттардың болмауы себепті көп өмір сүрген. Қазіргі таңда дер кезінде емханаға жеткізілген науқас дамыған медицинаның арқасында құлантаза айығып кетуге мүмкіндік бар, дейді мамандар. Менингитке қарсы емдік препаратты ең алғаш 1887 жылы белгілі ғалым А. Вейксельбауым ойлап тапқан болатын.
Менингит қалай жұғады?
Менингит – тұмаудан толық жазылмаған жағдайда, тазалық сақталмаған жерде, көп адам жүретін жерде, кейде денеге түскен жарақаттан, құрт ауруынан және іш сүзегінен пайда болады. Көбiне суықтан пайда болатын ауру ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды. Сонымен қатар менингит бактериясы жөтелу кезiнде ауа арқылы жұқпалы түрге алмасады. Аурудың алғашқы белгiлерi – ауру жұққаннан кейiн 10-12 күннен соң ағзада бас ауру, лоқсу, ауыз құрғап, қызу көтерiлу, дауыс қарлығып, өңi бозару секiлдi инкубациялық кезең өтiп, денеде қызғылт түстi дақтар пайда болады. Дене қызуы 40 градусқа жоғарылап, есiнен адаса бастайды. Бұл белгi iрiңдi менингитті білдіреді.
Алдын алу жолдары
1. Туберкулезбен ауыратын анадан туған балалар кейде туғаннан кейінгі алғашқы айларда туберкулез менингитімен ауырады. Жаңа туған сәбиде болатын туберкулездік менингиттің алдын алу үшін сәбиге туған кезінде арнаулы вакцина егілуге тиіс.
2. Балаларға қайнатылған су берген жөн. Өйткені суда көптеген бактериялар мен вирустар болуы мүмкін.
3. Тұрып қалған су айдындарында балаларды шомылдырмау қажет. Мұндай орындарда міндетті түрде ауру қоздырғыш түрлі бактериялар болады.
4. Жеміс-жидек пен көкөністерді пайдаланудан бұрын тазалап жуу қажет. Ет және балықты мұқият пісірген жөн.
5. Жеке бас гигиенасын сақтаңыз. Көшеден келгенде, дәреттен соң, мұқият түрде қолыңызды сабындап жуыңыз.
6. Өзіңіздің және балаңыздың иммунитетін күшейтіңіз. Дәрумендер қабылдап, таза ауада серуендеңіз.
Осы нұсқауларды орындаған жағдайда менингиттің алдын алуға болады.
Биыл Қазақстанда менингитке шалдыққан 58 науқас тіркелген. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ресми мәлімдеген. «Жыл басынан бері Қазақстанда менингит инфекциясын жұқтырған 58 науқас тіркелді. Олардың 18-і 14 жасқа дейінгі балалар. Аталған дерттен 12 адам көз жұмды, соның ішінде бесеуі 14 жасқа дейінгі жеткіншектер» – деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, менингитке шалдығудың ең жоғары көрсеткіші 2015 жылы тіркеліп, 424 науқасқа жеткен. Сонымен қатар 2016 жылы 120 науқас, ал 2017 жылы 62 науқас болған.
Алдымызда қыс маусымы басталып, тұрғындар тұмауға шалдығып, менингиттің өршуі байқалуы мүмкін. Сондықтан өз денсаулығын ойлаған әр адам, тұмауға және менингитке қарсы екпелер салдырып, қатерлі дерттің алдын алғаны дұрыс.
Редакциядан: Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығында менингит ауруынан айыққан адамның иммундық жүйесін көтеруге арналған ем-шаралар жүргізіледі. Ал иммунитеті жоғары адам кез келген ауруға төзімділігі жоғары болады.
Жасан ЗЕКЕЙҰЛЫ,
ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі
Нұрболат АБАЙҰЛЫ,
журналист