«ЖАС-АЙДАҒЫ» ЖАҢА УДЗ ҚҰРЫЛҒЫСЫ


Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығының Шымкент қаласындағы филиалында су жаңа УДЗ аппараты іске қосылды. Кореядан алдырылған Samsung Medison маркалы аппарат жүрек, бауыр, ұйқы без, өт, бүйрек, қуық, қуық асты безі (простата), жатыр, жатыр құлақшалары, буын аурулары, т.б. анықтайды. Оңтүстік жұртшылығына «Жас-Ай» орталығы аппаратты жетік білетін білікті маманның көмегімен аталған ауруларды дәл анықтауға мүмкіндік жасап отыр. 3D, 4D, 5D сынды анықтау мүмкіншіліктеріне ие бұл құрылғы ауруды көзбен көріп, қолмен ұстағандай жорғары деңгейде анықтап бере алады. 

«Жас-Ай» медицина орталығы халықаралық үздік клиника атауын иеленген еліміздегі маңдайалды медициналық орталықтардың бірі. Орталық медицина ғылымына қатысты жаңалықтарды қалт жібермей бақылап, олардың өз елімізде қолданыста болуына жіті назар аударып келеді. Соның бір дәлелі – Шымкент қаласындағы «Жас-Ай» орталығында науқастардың иігілігі үшін қолданыстағы УДЗ аппараты. 
Еліміздегі көп медициналық мекемелерде диагностикалық қызмет ескі құрылғыларға бағынышты болып отырғаны жасырын емес. Ескірген құрылғылар  арқылы қойылған диагноз бен белгіленген ем түрлерінің дәлдігі мен қауіпсіздігі көңілге күмән ұялатады. Бүгінде Оңтүстік халқының ризашылығын алып жұмыс жасап жатқан орталықтағы жаңа, заманауи, залалсыз УДЗ құрылғысынан тексерістен өткен науқастар өздеріне бұрын мүлде басқа диагноз қойылғанын, сол бойынша ем қабылдағандарына өкініш-реніштерін де жасырмай айтып жатады. Орталық басшысы Жасан Зекейұлы диагноз дұрыс қойылмаған жерде, науқастың өміріне қауіп төнетінін үнемі ескертіп отырады. Сондай-ақ әлі толық дамымай тұрған диагностикалық қызметтің жай-күйі мен проблемасын түсіне отырып, аталған қызметтің кемелденуіне үлес қосу үшін «Жас-Ай» орталығын ерекше дәлдікпен диагноз анықтайтын құрылғымен жабдықтады.
Медицинаны дамытамыз десек ең алдымен мықты диагностикалық аппарат, аппараттың тілін жетік білетін кәсіби маман қажет. Қазіргі уақытта дамыған медицинада диагноз қою барысында түрлі диагностикалық құрылғылар, жаңа технологиялар қолданыста. Солардың ішінде кең тарағаны – ультрадыбыстық зерттеу (ультразвуковое исследование) – УДЗ. Бұл зерттеулер диагноз қою мен қандай ем тағайындау керектігін анықтау барысында да маңызды рөл атқарады.
Залалсыз әрі анық ақпарат беруді қолданатын құрылғыларға тоқталмас бұрын «ультрадыбыс» деген атауды толық түсініп алған жөн. «Ультрадыбыс» деп есту әсерін тудырмайтын, жиілігі 20 кГц-тен жоғары серпімді тербелістер мен толқындарды айтамыз. Көбіне мұндай тербелістерді электр тербеліс генераторы арқылы өндіреді. УДЗ құрылғысының кейбір мүмкіндіктеріне тоқталып өтелік:
1. УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) арқылы сүт безіндегі диаметрі 0,5 см-ге дейінгі ісікті анықтауға болады. Өйткені 7-10 МГц жиілікті УД өте кіші кедергілерден жақсы шағылады. 
2. УДЗ арқылы өт қапшығы зерттеледі. Өт қапшығының ұлғаюы, қабырғасының қалыңдауы УД толқынының мұндай ортадан шағылуы деңгейін өзгертеді. 
3. УДЗ арқылы паразитті хирургиялық аурулар: эхинококкоз, т.б. анықталады. Эхинокок әсерінен бауырдың тығыздығы өзгереді, сол себепті УД толқынының шағылуы да өзгереді. 
4. Эксудатты перикардитті диагностикалайды. УДЗ кезінде перикардит қуысындағы сұйық көрінеді, сұйық ортададан шағылу деңгейі өзгеше болады. 
5. УДЗ арқылы жүректің сол жақ қарыншасын және қолқа түбін зерттейді. Қарыншаның және қолқа түбінің кеңейуі УД шағылуы деңгейін өзгертеді. 
6. УДЗ арқылы бауыр гепатитін, цирозын зерттейді. Бауыр тығыздығының өзгеруі УД толқынын шағылу интесивтілігін өзгертеді. 
7. Әйелдердегі жатыр ауруларын, жатыр құлақшаларының өзгерісін анықтайды.
8. Құрсақтағы сәбидің дамып-жетілуін, генетикалық ауытқуларды өте жоғары дейгейде көрсетеді. 
Ультрадыбыстың таралу жылдамдығы дыбыс толқ­ындарындай, бірақ толқын ұзындығы біршама кіші, сондықтан ультрадыбыс толқындары оңай фокусталады. Ультрадыбыс толқынының интенсивтілігі 1 сантиметр квадрат ауданға ондаған ватт, ал фокусталғанда бірнеше жүз немесе мыңдаған ваттқа дейін жетеді. Ультрадыбыс толқындары тығыздықтары әр түрлі екі орта шекарасында шағылады және сынады. Толқынның екі орта шекарасында шағылу дәрежесі толқын кедергісінің қатынасына тәуелді. Жиілігі 2,5 МГц УД толқыны 24 сантиметрге дейін денеге енеді, 3-3,5 МГц – 16-18 см, 5 МГц – 9-12 см, 7,5 МГц 4,5 сантиметрге дейін енеді. УД толқынының жиілігі жоғары болған сайын оның өте кішкентай нәрселерді дәлірек байқау мүмкіндігі артады.
Ультрадыбысты медицинада пайдалану оның заттарға механикалық, физико-химиялық, биологиялық және жылулық әсер етуіне негізделген.
УД толқындарының механикалық әсері заттардың микроқұрылымының деформациясымен байланысты, яғни толқын әсерінен дене құрамындағы молекулалар тербеліске түседі. УД толқындардың интенсивтілігі артқанда заттардың құрылымының бұзылуы байқалады. Бүйректегі тастарды майдалайтын УД-емдеу аппаратының жұмысы толқындардың осы қасиетіне негізделген. Ал сұйықтарда бұл кавитация тудырады, яғни сұйық ортада газ немесе сұйық буымен толтырылған микроқуыстар пайда болады. Олар бір-біріне жақындасып, үлкен қысыммен соқтығысады. Бұл процесс ортаның иондануына, молекулалардың дисоциациялануна, сондай-ақ жылудың пайда болуына алып келеді. УД-толқындарының әсерімен вирустар, бактерияларды өлтіруге болады. Сондықтан оны стерилизациялауда пайдаланады. Ал УД-ның азғана қуаты әсерінен жасуша мембранасының өтімділігі артады да, ұлпадағы зат алмасу процессі күшейеді. Медициналық практикада УД толқындары диагностикалық және емдік мақсаттарда қолданылады.
УД зерттеу (УДЗ) ультрадыбыстың әр түрлі тығыздықтағы ұлпалармен бөлініп тұрған шекарадан шағылу құбылысына негізделген. Қазіргі уақытта және болашақта да ультрадыбыстық зерттеудің қажеттілігі мен мүмкіндігі тек ұлғая бермек. 
УДЗ құрылғысы үздіксіз және импульсті режимдегі УД-толқындарын шығаратын пьезоэлектрлік генератордан, биологиялық денеден шағылған УД толқындарын қабылдайтын пьезоэлектрлік датчиктен, оның сигналдарын өңдейтін микропроцессордан, кескінді бақылайтын монитордан, т.б. көптеген қосымша бөліктерден тұрады.
Барлық ультрадыбыстық диаг­ностикалық аппараттар локация принципі бойынша жұмыс істейді. Екі орта шекарасынан шағылғын сәуле және негізгі сәуленің ортадан шағылу және таралу уақытының әр түрлі болуы, объектінің орналасу тереңдігін анықтауға, ал датчикті қозғалта отырып олардың пішінін білуге болады.
Датчик қабылдаған УД микропроцессорда өңделіп кескін құрылғысына жіберіледі. Осы арқылы дәрігер мониторда дененің бөлігінің кескінін, мүшелердің пішінін (формасын) сондай-ақ ондағы жаңа пайда болған нәрселерді (ісік, тастар, т.б.) көре алады.
УД толқындары сондай-ақ қан ағыны жылдамдығын өлшеуде де қолданылады. Бұл әдіс Доплер эффектісіне негізделген.

Доплер эффектісі деп бір-біріне қатысты қозғалыс кезіндегі негізгі УД толқын мен оның шағылысқан толқыны арасындағы жиіліктің өзгеруін айтады. Жиіліктің әр түрлі болуына қарай зерттелген дене қозғалысының жылдамдықты анықтауға болады. Доплерография әдісінде қозғалыстағы эритроциттен шағылған ультрадыбыс жиілігі, датчиктен шыққан негізгі сәуле жиілігінен өзгеше болады. Негізгі толқынмен салыстырғанда, шағылған ультрадыбыстың жиілігінің артуы немесе кемуі қан ағыны бағытына байланысты (датчикке қарай немесе оған қарсы). Қан ағыны жылдамдығы қаншалықты үлкен болса, шағылған ультрадыбыс жиілігі соншалықты үлкен жиілікке өзгереді. Осы мәліметтерді салыстыра отырып, УДЗ құралының микропроцессоры қан ағыны жылдамдығын есептейді.
Зерттелетін мүшенің орналасу тереңдігіне және өлшемдеріне байланысты секторлық, конвексті, сызықтық датчиктер қолданылады. 
ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында: «кадрлар дая­рлаудың практикалық бағытталуы төмен, білім беру бағдарламалары жетілдірілмеген күйінде қалып отыр. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулердің бәсекеге қабілеттілігінің төмен болуы, олардың практикалық маңызының қанағаттандырмауы, ғылыми дәрежесі бар кадрлар тапшылығы мәселелері өзекті күйінде қалып отыр» делінген. Осы аталғандарды басшылыққа ала отырып, медициналық ғылыми білімі бар, кәсіби дағдыларды толық меңгерген, сонымен қатар ғылыми-зерттеу іс-әрекеттеріне дағдыланған, өз бетінше білімін жетілдіре алатын мамандар заманауи құрылғыларды толық меңгеріп кете алады. Тек ондай мамандарға жағдай жасалу қажет.
Қазіргі заманғы медицина кеселдің симптомдары мен себебін анықтау және оны жою сияқты көп сатыдан тұратын диагностикалық және терапиялық үрдістерден, клиникалық мәліметттерді жинау, оларды талдау, шешім қабылдау және емдеу сияқты негізгі сатылардан тұрады. Көп жағдайларда аурудың себептерін анықтауда және оны емдеуде дәрігер өз білімі мен тәжірибесімен қатар, қазіргі заманғы диагностикалық және терапевтік медициналық құралдар мәліметі мен физикалық емдеу факторларына сүйенеді.
Медициналық құрылғылары жоқ мекемелер мен орталықтарға науқастар да қаралуға бармайтыны анық. Шетел ғалымдарының зерттеулерiне сәйкес, дәрiгер өзінің бiлiмi мен бiлiктiлiк дәрежесіне қарамастан диагностикалау мен емдеу iсiнде 25-45% медициналық құрал-жабдықтар мәліметіне сүйенеді. Дәрігердің диагностикалық және емдеу іс-әрекеті медициналық құралдардан алынған мәліметтерге байланысты болады.
Медицина саласында көш бастап келе жатқан Корей елінен әкелінген «Samsung Medison» УДЗ аппараты қолданысқа енген бір айда өзінің мүмкіндігі мен артықшылығын көрсетіп үлгерді. Талай уақыт ауру диагнозын таба алмай келген науқастар нақты ем алуға кірісті. Осі игілікті істі ұйымдастырып, халық денсаулығы үшін көптеген мемлекеттік мекемелер қол жеткізе алмай отырған заманауи құрылғыны іске қосып, анық диагноз, нәтижелі ем жүргізіп отырған орталық басшысы Жасан Зекейұлына халықтың алғысы шексіз.
Редакциядан: Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығында удз зерттеу арқылы тығыз ағзалар тексеріледі. Олар жүрек, бауыр, өт көкбауыр, бүйрек, бүйрек үсті безі, қалқанша безі, сүт безі. Сараптама нәтижесіне орай, ине емі және дәрілік шөптер арқылы ем қолданылады. 

Жайнар ТАТЫМХАНҚЫЗЫ,
инетерапевт
Эльвира Абдуллаева,
удз дәрігері
Жанна ИМАНҚҰЛ,
журналист