Өзім қатты науқастанып, халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығына алғаш келген кезде «жығылып жатып, сүрінгенге күлме» демекші, өзімнің ауру түріме қарамай, көрші керуетте ем алуға келген бет-аузы қисайған, көзі жабылмай, жас ағып тұратын науқас апаны көріп, «япырмай-ай, мына кісінің түрі қандай қорқынышты еді?» деп ойлаған едім. Ол кісіні бастапқыда балалары ертіп келіп жүрді, сөзі түсініксіз болатын. Бірге ем алып жүргендіктен, бірге келіп жүрдік. Көп ұзамай апамның бет-әлпеті түзеліп, сөзі дұрысталып, күндер өте келе «қорқынышты апам» сұлу болып шыға келді. Мен әзілдеп: «Апа-ау, әп-әдемі екенсіз ғой» дедім бірде. Жұмағайша апаммен кейіннен жақсы араласып, рухани дос болып кеттік. Қазір Аллаға шүкір, Астаналық Жұмағайғаша Нұрғазықызының денсаулығы жақсы. Немерелерін бағып, үй шаруасын да істеп, қазіргі заман ағымынан да қалмай, әлеуметтік желіде де белсенділік танытып жүрген апамызбен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Жұмағайша апа, «Ауру айтып келмейді» дейді ғой, бірақ әр нәрсенің өзіндік себебі бар, осы ауруға қалай душар болдыңыз? Оны қалай жеңдіңіз?
– Мен 2004 жылы инсульт алдым. Бір жақ денем тұтас жансызданып қалды. Біраз емделдім. Тәубе, одан аяғымнан тұрып еңбекке араластым. Бірақ үнемі ауырлық танытып жүретін. Дәрі-дәрмегімді жанымнан тастамайтын едім. Содан 2017 жылы инсульт қайталанды. Бұл жолы аяғым сау болғанымен, бет-аузым қисайып, сөзім түсініксіз болып қалды. Көзімнен жас парлап, дұрыс жабылмайтын еді. Туыс-туғандарым шошып кетті. Уақыт өткізбей емделе бастадым. Бас-ми жүйесіне көп система да қабылдадым. Тәубе! бері қарадым. Бірақ бетімнің, аузымның қисайғаны жазылмады. Кейін «Жас-Айға» кеп еміме шипа табылды.
– Апа, Жасан Зекейұлы, «Жас-Ай» орталығы жайлы қайдан білдіңіз?
– Мен интернетке шығып жаңалық біткеннен хабардар болып отыратын әдетім бар. Оған құрбыларым, замандастарым қызығып: «Осы сен қартайсаң да, заманнан қалмай бәрін меңгеріп алдың!» – дейтін еді. Бұған мен мақтана күлетінмін. Дегенмен науқастанған кезде интернетті «қопарып» отыратын әдетімнің пайдасы тиді.
2016 жылы қазан айында әдетімше интернет қарап отырып, Астана қаласында Күйші Дина 37/1-де «Жас-Ай» орталығының филиалы ашылғанын оқып қатты қуандым, неліктен екенін білмеймін, бірақ осы медицина орталығының өзімнің дертіме шипасы тиетінін сездім.
Ауруханадан кезекті емімді қабылдап болғаннан кейін, (күн жұма еді) «Жас-Айға» қоңырау шалдым. Телефонның ар жағынан жас қыз: «Жас-Ай» медициналық орталығы тыңдап тұр» деп жауап берді. Жағдайымды айттым. Ол: «Ертең сағат 11:00-де үлгеріп келіңіз, өйткені профессор Жасан Зекейұлы Алматыға кетіп, сол жақтағы науқастарды қарайды», – деді. Мен бірден: «Ертең барамын!» – деп келістім.
– Ем жайлы, алғашқы әсеріңіз?
– Жасан Зекейұлының қабылдауына кірдім. Тамыр ұстады, бірақ көп сөйлемеді. Тек «Ауруыңыз баттасып тұр екен» деді. Сосын мейірбикелер емін бастап, бетіме банка төңкерді. Банкамен ем аяқталған соң, Жасан дәрігер келіп, «Бисмилла» деп бетіме ине салды. Сол кезде мен аузында Алласы бар шипагердің қолынан ем ала бастағаныма қатты қуандым. Ішімнен тілеуімді тілеп жаттым, өйткені адамның жазылуы үшін алдымен сенім керек. «Ем болады деп сеніммен ішкен қара су да ем» дейді ғой. Алғашқы салған инеден кейін көзімнен аққан жас пен мұрнымнан аққан су бірден тоқтады. Сөйтіп Жасан Зекейұлы маған 10 күндік (бір курс) ем тағайындады. Сізге өтірік, өзіме шын, бет-аузым бес күнде қалпына келді, сөзім де дұрысталды. Банка қойды, ине салды, шөппен қыздырды, алтын иненің күші мені қуаттандырды, дертіме дауа таптым. Нүктелі уқалауға да күн ара барып отырдым. Сонымен он күн өткен соң, бір айға үзіліс берді. Бір айдан соң екінші курсқа қайта келдім. Екінші он күндік емімді алдым. Тәубе, Аллаға сансыз шүкір! Жасан Зекейұлы бастаған «Жас-Айдың» мың жасағыр медицина қызметкерлері мені ауруымнан жазды.
– Апа, қазір денсаулығыңыз қалай, «Жас-Ай» орталығына айтар тілегіңіз?
– Мен емге өз басым қатты сенім артып келдім, әлі де сенемін. Өйткені дертімнің шипасын «Жас-Айдан» таптым. Қазір химикат дәрі ішпеймін, тек «Жас-Ай» орталығына барып шөп дәрі аламын. Қан қысымым орнында.
Осы орталықтың басшысы Жасан Зекейұлын аса құрметтеймін. Мені қайта қалпыма келтірген алтын қолды, алтын инелі дәрігерге балаларым да, жолдасым да дән риза. Алла, Жасанның денсаулығына қуат беріп, еңбегі еселеніп құрметке бөлене берсін! «Жас-Ай» орталығының барша ақ халатты абзал жандарына айтар алғысым шексіз! Баршаңызға аналық ақ тілегімді білдіріп, жасай бер, «Жас-Ай» демекпін!
– Жұмағайша апа, сұхбатыңызға рахмет! Деніңіз сау болсын, ұзақ өмір сүріңіз!
Сұхбаттасқан,
Тұрар Сәттарқызы