рухы мықты адамның денсаулығы да жақсы болады


         «Қазақ радиосының» «Таңғы қонақ» айдарының 2018 жылдың 12 желтоқсанындағы шығарылымында халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығының бас директоры Жасан Зекейұлы қатысып, еліміздегі және әлемдегі денсаулық сақтау саласындағы ізденістері мен іргелі істері жөнінде және қоғамдағы кейбір келеңсіздіктер туралы тікелей эфирде сүбелі сұхбат берген еді. Бұл сұхбат тыңдармандар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, оқырмандар тарапынан «Жас-Ай» журналына жариялауға ұсыныс түскен болатын. Біз сұхбатта радио жүргізушісі мен «таңғы қонақтың» ауызекі сөйлеу стилін сақтай отырып, сіздерге ықшамдалған нұсқасын ұсынып отырмыз. 

        – Ассалаумағалейкум ардақты ағайын, «Қазақ радиосындағы» эфирде – «Таңғы қонақ» айдары. Бүгін, 12 желтоқсан «Денсаулық сақтау қызметін жаппай қамтудың халықаралық күні». Осыған орай студиямызға арнайы шақырылған қонақпен таныс болыңыздар, халықаралық «Жас-Ай» медиц­иналық орталығының бас директоры, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының докторы, халықаралық «Сократ» орденінің иегері, Вена халықаралық университетінің «Құрметті профессоры» Жасан Зекейұлы! Ал аға, студиямызға қош келдіңіз!
        – Армысыздар, құрметті қазақ елі және «Қазақ радиосының» тыңдармандары! Бүгінгі халықаралық мерекеде сіздермен  тікелей эфир арқылы қауышып отырғаныма өте қуаныштымын! 
        – Иә, бүгінгі күннің басты ерекшелігі осы халықаралық мереке екенін айтып өттік. Ал енді халыққа халықаралық дәрежеде қызмет көрсететін мамандардың біздің елде де бар екеніне, осы мерекеге біздің де үлесіміздің болғанына дәлел Жасан ағамыздың өзі. Жақында ғана Ганконгте өткен 150-ден астам елдің дәрігер-ғалымдары қатысқан ғылыми конференцияда арнайы баяндама жасап, алтын медальмен марапатталып келіпсіз, ендеше құтты болсын аға!
        – Рахмет бауырым!
        – Жасан аға, енді тыңдарманға осы конференцияның маңызы және алған марапатыңыз туралы өзіңіз таратып айтып берсеңіз?
       – Аса құрметті қазақ елі, өздеріңіз білесіздер, Елбасымыз Үкіметтен бастап, мемлекеттік емес ұйымдар және қарапайым халықтың алдына да әлемдегі 30 елдің қатарына кіруге міндет қойғанын. Бұл міндетті орындауда мемлекеттік ұйымдардың өз міндеттері болса, жеке ұжымдар мен зерттеу орталықтарының да қызметтері белгіленген. Біз сол бағыт бойынша еліміздің басты 3 қаласында медициналық орталық ашып, халыққа сапалы қызмет көрсеткеніміз үшін «Әлемдік сауда палатасы ұйымының» ұйымдастыруымен өткен ғылыми-конференцияға арнайы шақырды. Онда бірнеше елдің ғалым-дәрігерлері қатарында мен де алғашқылардың бірі болып баяндама жасадым. Осы шараның соңында «Әлемдік сауда палатасының» бірнеше жылғы зерттеу-сараптамасы нәтижесінде өзге де әріптестеріммен қатар халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығы да арнайы «Алтын алқамен» марапатталды. Бұл енді біздің орталық алған марапат болғанымен Қазақ елінің мәртебесі, абыройы деп білемін. Сондықтан барша Қазақ елін құттықтаймын. Себебі сол жерде мен мінбеге шыққанда Елімнің туы желбіреп тұрды. Мен сол үшін қуаныштымын. Еліміздің деңгейін әлемдік сахнада көрсете алғаныма өзімді бақытты санаймын.
     – Бәрекелді, Жасан аға! Сіздің отансүйгіш патриот екеніңізді бұрын да көріп, естіп жүргенбіз, осы жолы кезекті рет дәлелдеп отырсыз. Сонымен қатар жақында «Әділет» газетіне сұхбат бергенде «Еңбегіміз – елге, құрметіміз Елбасына болсын» деп айтқан екенсіз, расында елге еңбек ету әр сала маманының бойында болуы тиіс қасиет қой, осыған кеңірек тоқтала кетсеңіз. 
         – Осы жақында ғана, 30 қарашада «Тұңғыш Президент күніне» орай, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 4 авторлық зерттеу кітабымның тұсаукесері болды. Оған сенатор Әділ Ахметов бастаған, қоғам қайраткері, белгілі заңгер Ирак Елекеев, «Қазақпарат» басшысының орынбасары Мақат Садық және де республикалық газеттер мен телеарналар журналистері мен оқырман қауым қатысты. Сонда мен осы «Еңбегіміз – елге, құрметіміз Елбасына» деген тақырыпты алдым. Менің ойымша, әрбір адам өз саласында жақсы, адал қызмет етсе оның жетістігі жалпы еліміздің дамуына үлес болып қосылары даусыз. Біздің әр қайсымызда осындай отансүйгіштік болуы тиіс. Егер елімізде тыныштық пен береке-бірлік осылай биіктей берсе, еліміз де жылдан-жылға қарыштап дами бермек. Қазіргі таңда ауыз бірлігі кеткен елдердің торғайдай тозып жатқанын көріп отырмыз ғой. Бабаларымыз: «ынтымағы мен бірлігі жарасқан елде ғана бақыт тұрады» деген. Әр қазақстандық ортақ отанымыздың шаңырағына уық болып шаншылса, керегеміз де кең, өзгелермен тереземіз де тең болады. Бұл істе жоғары лауазымдық қызметте ме, қарапайым шаруа адамы ма, бәрібір әр кім өз саласында адал, табысты қызмет етсе болды. Мінеки, Елбасымыз бас болып, аз уақытта әлемде өз орны бар мынандай сәулетті Астана салдық. Оның бас сәулетшісі Елбасымыз болса, оны басқарған басшының да, қарапайым құрлысшының мұнда үлесі бар. Ендеше бәріміз осыған бас болып жүрген Елбасына құрметімізді білдіруіміз керек. Ортақ отанымызда, айналамызда жақсы сөз айтып, жаман ой ойламай, ізгі тілек тілесек, еліміз де гүлдене бермек.
     – Дұрыс айтасыз, Жасан аға! Сіздің «дені де, рухы да таза адамның денсаулығы да жақсы болады» нақыл сөзіңіз осы тұжырымнан шыққан ғой. Жасан аға, енді Сіз Ганконг сапарынан кейін Лондонға барып қайтыпсыз, осы сапарыңыздың мақсаты туралы айтып берсеңіз.
      – Иә, Ганконгтен келген соң 2 күннен кейін Әділ Ахметов ағамыз екеуміз Еуропа медицина қауымдастығының арнайы шақыртуы бойынша Лондонға жол тарттық. Онда – халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығын Еуропа медицина қауымдастығы Қазақстандағы ресми өкілі етіп сайлап, меморандумға қол қойдық. Қауымдастық бізге арнайы сертификат тапсырды. Бұл ғылыми конференцияға да әлемнен 4 мың ғалым-дәрігерлер қатысты.  
        – Бәрекелді Жасан аға, «Жас-Ай» орталығы шынында да өзінің халықаралық мәртебесіне сай қызмет атқаруда екен. Істеріңіз ілгері бала берсін! Жасан аға, бағана эфир алдында аз-кем әңгімелескенде ерте тұрудың пайдасы туралы айтып қалдыңыз, сол кеңесіңізді тарқата кетсеңіз?
       – Адам жүрегінің қуатты жұмыс істеп, қанды өзге ағзаларға белсенді беру процесі таңғы сағат төрт жарымнан алты жарым аралығында болады. Сол кезде адам ұйықтап жатса, қаны тазармай, қан алмаспай қалады. Түнімен ұйықтаған адамның суыған, энергиясы төмендеген, қаны жүрек белсенді жұмыс істеген кезде айналысқа түсіп тазаруы керек. Қазіргі таңда ғылым дәлелдеп отыр, көп ұйықтаған адамның өмірі ұзақ болмайтындығын. Көп ұйықтаған адамдар – рак, ақ қан ауруларына тез ұшырайтыны дәлелденген. Мұны ерте заманда-ақ, бабаларымыз айтқан ғой, «ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп. Сондықтан дәрігер ретінде айтар кеңесім, елдің бәрі таңғы намазға тұрмаса да, ерте тұрып таза ауада жүріп, мүмкіндігі болса жүгіріп, ертеңгілік жаттығу жасаса ол адамның денсаулығы мықты болып, ұзақ жасайтыны анық. 
        – Жасан аға, дәл қазір біздің студиямызға хабарласқан тыңдарман бар екен, сізге сауал жолдамақ көрінеді, тыңдап алсақ...
Тыңдарман: Саламатсыздар ма, мен Жасан ағамызды алған халықаралық марапаттарымен құттықтаймын, ісіңіз ілгері бассын! Сұрағым: менің балам медициналық университетте соңғы курста оқиды, байқағаным бұларды осы оқыған 7 жыл бойында емханаларға өндірістік тәжірибеге өте аз жіберді. Мен өзім де дәрігермін, бұрын біздерге ІІ курстан соң-ақ, сабақтың көбі емханаларда өтетін еді. Осыған деген пікіріңіз қандай?
      – Бұл қазіргі таңдағы өте өзекті мәселенің бірі. Бізге алғаш келетін науқастар баласы немесе өздері мемлекеттік емханаларға барып, дұрыс диагноздарын таппай, ем қонбай, шаршаған соң келеді. Сонда олар жас дәрігерлердің көбінде тәжірибе жоқ, біліктіліктері төмен, дұрыс диагноз қоя алмайды деп келеді. Әрине, дұрыс диагноз болмаған соң, ем қонбайды. Мұны Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің «құлағына алтын сырға» деп айтамыз. Біз де осы мәселені талай көтердік. Осы Астанадағы, Алматыдағы медицина университеттеріне бос уақытымызда барып, шығыс медицинасынан лекция оқиық, іс жүзінде ине салуды көрсетіп, мастер класс өткізейік дедік. Себебі мұны үйренгісі келетін талапшыл жастар көп, олар бізге келіп ұсыныс айтады, біз министрліктер мен оқу орындарына айтамыз, біреуі тыңдамайды. Сол бұрынғы 70 жылғы таптаурынды жүйемен тартып келеді. Ол жаңа заманға сәйкес пе, іс жүзінде не керек, онымен санаспайды. Жаңағы тыңдарман қарапайым дәрігер екен. Оның баласын шетелде оқытуға жағдайы келмейді. Ал біздегі білім сапасына көңілі толмай отыр. 
Бұл медицинада ғана емес, өзге салаларда да осындай. Сондықтанда мүмкіндігі келген ата-ана балаларын шетелге оқытып жатыр. Алайда оған да мемлекеттік бақылау керек. Мынау Қытай, Жапония сиқты дамыған елдер шетелде білім алып келген жастарын бақылауда ұстайды. Санасын сүзгіден өткізеді, «жат елдің жаман әдетін алып келген жоқ па?» деп. Ал бізде мұның бірі жоқ. Өзге елдің жат ағымдарын алып келіп жатқандар да бар. Білім алған жерлерінде өзге елдің азаматтарымен некеге тұрып, сонда қалғандары да кездеседі. Жақында Елбасы айтты ғой, «жастарды шетелге жөнсіз жібермеңдер, адам капиталын сыртқа шығармайық» деп. Сондықтан тыңдарманның сауалына орай айтарым, әсіресе медицина мамандарына іс жүзіндегі тәжірибені көбірек көрсету керек. Мен биыл Шымкенттен филиал ашарда сол қаладан 4-5 дәрігерді Алматыға шақыртып, 1 ай курстан өткіздім. Алды 40 жыл, арты 20 жыл жұмыс істеген дәрігерлер болатын.  Олар сол кезде ғана түсінді, адамның тәні мен жанын бірдей емдемесе ем қонбайтынын. Әл-Фараби бабамыз: «науқасты емдеуде дәрігердің 3 құралы бар: біріншісі – жүрегі, екіншісі – тілі, үшіншісі дәрілік шөп пен қандауыры» деген ғой. Міне, бабамыздың осы өсиетін әрбір дәрігер жадында ұстауы тиіс.
      – Жасан аға, сіз миллиардтаған қытайдың арасында оқыдыңыз, қытай тілін білесіз. Мұнда келіп орыс тілін үйрендіңіз. Ана тілімізге екі бастан жетіксіз. Енді міне, мамандығыңыздың арқасында әлем елдерін аралап жүрсіз, осы бізден басқа елдерде тіл мәселесі бар ма? Біздің мемлекеттік тіліміз неге әлі өз деңгейінде қолданысқа ене алмай келеді? Ұлтжанды азамат ретінде ойыңызды білсек.
     – Ұлт ұстазы аталған Ахмет Байтұрсынұлы атамыз айтқан ғой, «тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деп. Содан кейін ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов: «қай ұлттың тілімен сөйлесең, сол ұлтқа жұмыс істейсің» деген. Бізде бұрын орыс тілді қазақтармен мәселе болса, енді ағылшын, француз, кәріс тағы басқа тілдерге жетік ұл, қыздарымыз көбейді. Өзге тілді білген жақсы әрине, алайда осылардың арасынан ана тілімізге салғырт қарайтындар көрініс беруде. Шетелде оқып, қанша жерден ғұлама болып келсе де ол ана тілін білмесе мемлекетті құрап отырған негізгі ұлт – қазақтың мүдесіне жұмыс істемейді. Себебі оның айтқан сөзін түсінбесе, жанын түсінбесе қалай ұлтына қызмет етеді? 
Ендеше олардың қызметінің бәрі өзгеге бағытталып кетеді. Сондықтан Елбасының өткен жылғы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да, биылғы «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласында да осы мәселелер жан-жақты айтылды. Ендігі жерде соларды басшылыққа алып, бағдарымызды түзеуіміз керек. Отаншыл, ұлтжанды болуымыз қажет. Мұны басшылық қызметтегілер де, қарапайым азаматтар да өздерінен бастағаны дұрыс. Әр кім өзі отырған қызметінде, жұмысында жүзеге асырса, тағы 28 жыл созбақтатпай бір-екі жылда-ақ, мемлекеттік тілге деген сұранысты биік деңгейге көтеруге болады. Мәселен, біздің елге келіп жатқан шетелдік компаниялар ағылшын немесе басқа тілдерге сұраныс жасайды. Біздің қазақтың қыздары мен жігіттері қайтсе де үйреніп, соларда қызмет етіп жатыр. Міне, осындай сұранысты ең болмағанда мемлекеттік, бюджеттік, сот, прокуратура, әскери қызметкерлерге міндеттеуімізге болады ғой. Өйткені осы салаларда қызмет етіп, мемлекеттік жеңілдіктерді пайдаланғысы келетіндер көп. Қазір өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін үйреніп, мемлекеттік қызметте, бюджеттік салада, журналистикада қызмет етіп жүргендері баршылық. Бүгінде елімізде 15 шақты телеарналар болса, солардың әр қайсында 2-3-тен өзге ұлт өкілдері бар. Эфир жүргізіп жүр. Біздің орыс тілді қазақтар неге солардан үлгі алмайды? Елбасы да айтты ғой, «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деп. Ендеше неге орындамаймыз? Алдағы уақытта мемлекеттік тілді білмейтіндерді халыққа қызмет көрсететін салаларға жолатпау керек. Осындай шара қолданбасақ тағы жүреміз созбақтап, жиырма неше жыл!
       – Жасан аға, сөз соңында медицина тақырыбына қайта оралайықшы. Сіз елімізге  шығыс медицинасын алып келіп, осы 15 жылда дертіне ем таппай жүрген жүз мыңға жуық науқасты емдеп, алғысын алып жүрсіз. Енді осы шығыс медицинасы мен қазіргі қолданыстағы медицинаның қандай айырмашылығы бар, соған қысқаша тоқталсаңыз.
     – Шығыс медицинасы дегенде ең алдымен тілімізге Әбу Әли Ибн Сина оралады. Бүгінде көптеген елдің ғалымдары бұл деректі мойындап, медицинаның атасы біздің бабамыз екенін айтып жүр. Ол кісі өзінің трактаттарының бірінде мынадай сөз қалдырған. «Мен аз уақыттың ішінде медицинада көп табысқа жеттім. Сол кездегі дәрігерлер менен кеңес сұрап келе бастады. Ауруларға баратын болдым. Өзімнің алған тәжірибемнің нәтижесінде, маған айтып жеткізе алмайтын сауықтыру қақпасы ашылды» дейді. Яғни, ол кісі алғашында тек теорияны ғана оқыды және өз түйгендерін кітап етіп жазды. Бірақ бірден оны ешкім ғұлама ғалым деп таныған жоқ, кеңес сұраған жоқ. Кейін өзі науқастарға барып, олардың ауруының себебін тауып, оларға ем жасай бастады. Сол кезде ол кісіні халық та, өзге емші, дәрігерлер де мойындаған. Міне, Ибн Синаның ілімін кейін Ұлықпан хакім меңгерген, бертінде Өтейбойдақ бабамыз білген, сөйтіп бүгінгі күнге жетіп отыр.
Шығыс медицинасы адамның денсаулығын тән және жанмен байланыстырып қарастырады. Сондықтан қазіргі таңдағы тек қандауыр мен тамырға система салып емдейтін дәрігерлер ойлануы керек, тәнмен бірге жанды да емдеуді. Бір нақты мысал айтайын. Өткенде Керекуден (Павлодар) бір журналист ағамыз келді. Инсульттан кейін аяғы қозғалмай қалыпты, төрт адам көтеріп кіргізді. Шетелге кеткенше өзім ине салдым, одан кейін орталықтағы дәрігерлерім қарады. Мен айналып келсем кіре берісте гүл ұстап, маған арнап өлең оқып тұр. Сонда 15 күнде орнынан тұрды. Ендеше шығыс медицинасының ерекшелігі – адамның жанын да емдей алатындығында.  
      – Түсінікті Жасан аға! Енді бізге берілген эфир уақыты да аяқталып қалыпты, тізгінді осы жерден тартып, өзіңізге мәнді, мазмұнды сұхбатыңыз үшін алғыс айтамыз. Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығының мәртебесі артып, халықтың алғысына бөлене беріңіздер!
       – Сіздерге де рахмет!

Аудио сұхбатты редакциялап жазған, Нұрболат Абайұлы