ЖАСАН ЖӘНЕ ОНЫҢ КЛИНИКАСЫ


       Уақыт өте келе кімде-кім болсын ауру-сырқауға әйтеуір бір ұрынарына дау жоқ. Осындай жағдай менің де басыма төнді. Бәрін басынан айтсам түсінікті болар. Мен соңғы 15-20 жылдан бері салауатты өмір салтын ұстанған жанның бірі едім. Бәрі аяқ астынан басталды... Әдеттегідей күнде таңертең сағат 5, 6-да ояна сала дене әрекетімен айналысу үшін сыртқа (далаға) шығайын деп төсегімнен тұра бергенімде Құдайдың құдыреті десем бе, әлде аяқ астынан келген «пәле» ме екен, сол жақ аяғымды басайын десем баса алмаймын, тіпті  жан жоқ секілді. Қайтадан кереуетке қисая кеттім. Байқаймын сол қолымда да жан сезілмейді. Жастығымды жоғарырақ қояйын деген әрекетімнен де түк  шықпады, сол жақ қолдан да күш кеткен, жастықты көтеруге әл-дәрменім жетер емес. Түрімді көріп есі шыққан отанасы Шолпан түк түсінетін емес. Сасқанынан жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болды.

    Әй-шәйға қараған жоқ, дереу қан қысымымды өлшеп жіберіп, плащ- палаткаға жатқызып ала жөнелді. Павлодар қалалық №3 ауруханаың жанындағы инсульт орталығына әкеліп, бірден жан сақтау бөлімшесіне жатқызғанда ғана қандай дерт жабысқанын бірақ білдім. Мұнда үш күн қимылсыз жаттым, бастапқыдай емес байланып қалған тіл ептеп сөйлесуге жарады (үш күн тілсіз қалған едім). 15 күн ем-дом жасап, үйге  шығарды. Бір ай дәрілерін қабылдап, реаблитациядан өту үшін тағы дасол инсульт бөліміне жатуға тура келді. Үйде тағы бір ай болдым, берген дәрі-дәрмектерін қабылдап. Бірақ онша оңалып кете қоймадым. 
    Осындай әрі-сәрі күй кешіп жабырқап жатқанымда бала кезде мектеп-интернатта бірге оқыған досым, қазір Астанадағы Гумилев атындағы университеттің профессоры, техника ғылымдырының докторы Дәурен Ахметбаев көңілімді сұрай үйге келді.       Сырқатымның түрін естіген екен: 
     «Саған айтар ақылым сол – сен енді уақыт ұзартпай бірден Астанадағы «Жас-Ай» клиникасына тарт. Мұндай дерттен тез айықтырады. Таяғыңды тастап, өз аяғыңмен екі аптада қаз-қаз басып тіпті билеп шыққаныңды да аңғармай қаласың. Бас директоры Жасан Зекейұлы әйгілі ғалым-дәрігер. Қытайда оқыған, Шығыс-Тибет медицинасы бойынша алтын инемен емдейтін алтын қолды азамат. Қашан келетінін өзім айтам, ол кісімен де, сенімен де хабарласып, жолықтырамын» деді. 
      Әңгіме осымен аяқталды. Мен қуана келістім. 
    ...Құдайдың сәтті бір күні жұбайым Шолпанның, Астанадағы ұлым Тұрлыжанның демеуімен (жетегімен десем де болады) «Жас-Ай» клиникасына профессор Жасан Зекейұлының қабылдауына бардым. Орта бойлы, көзі ойлы, жүзі жылы, денелі жігіт ағасы мені көптен білетін адамындай құшақ жая қарсы алды. Дәрігерден мұндай қайырымды ілтипат күтпеген, таяққа (тростикке) сүйеніп, ақсаңдап келген менің екінші тынысым ашылғандай көңілім көтеріліп, өңіме қан жүгіріп, жүзім жадырап құшағына еніп кеттім.
      Ол бірден оң білегімді ұстап тамыр соғысын байқап көрді де, сосын сырқат жабысқан сол қолымды зерттей бастады. 
      «Ең алдымен 15 минуттей етпетіңізден жатасыз, арқаңызға 12 банка қоямыз, Сосын бастан-аяқ қажетті нүктелерге отыз шақты ине саламыз. Тағы да сонша уақыт өтеді. Одан кейін күн ара жарты сағат массаж жасалады, қол-аяқты аппаратқа таңамыз. Арасында тағайындалған дәрілерді (бәрі де түрлі шөптен әзірленген) ішесіз. Он шақты күн жатасыз осында, – деді де ойланып барып, – жоқ, анығырақ айтсам, онбес күн ем жасаймыз, асықпай әбден қаралғаныңыз жөн болады» – деп бір тоқтады. Жатын бөлмені де жолай көрсетіп үлгерді.
     Клиниканың іші мұнтаздай таза. Әр бөлмесі де ұқыпты жиналған. Бәрі орын-орнында. Кереует, үстел, орындық, шкаф – ретті. Дәретхана, жуынып-шайынатын бөлме де таяқ тастам тұста.
Ем-шара жасайтын бөлмеге барып тоқтадық. Осында тұрған әріптестерімен  таныстыра жөнелді. Сардарын күткен сарбаздардай бәрі де тік тұрып қарсы алды профессорды. Жағдай сұрасып олармен біраз әңгімелесіп те үлгерді.
Өзі бірінші болып мені емдеуге кірісті. Жасан бауырым мұсылмандық  жолмен «Бисмиллә» деп инелерін қоя бастады. Болғаннан соң «Ем болсын!» деген жылы лебізі ине шаншылған жанымды жадыратқандай әсер қалдырды. Ұмытпай тұрғанда айта кеткен орынды, мұндағы ем-дом жасағанға дейін де, одан кейін де еститінің «ем болсын!» деген сөз. Оны әрбір ақ халатты жандардан ғана емес, тіпті асханадағы тамақ беретін қыз-келіншектерден де естисіз.  

    15 минуттен соң мейіргер жігіт емдік шипасы бар бірнеше шөптің қосындысымен жасалған от ораманы денеге қойылған иненің әрбіріне тигізу арқылы қыздырады. Бұл процедурадан кейін электр тогымен әр иненің бойына ток күші жіберіліп, денедегі өлі клетканы дірілдетіп, тітіркендіреді. Тірілтеді десе де болады. Түс ауа нүктелі уқалау жасайды. Бұл процес жарты сағатқа созылады. Емдеу шарасы тағы да жалғасады. Сөйтіп осы тәртіп бойынша екі апта емімді жалғастырдым.  
Қайсысына барсаңыз да иіліп тұрған дәрігер, мейірбикелер шетінен мәдениетті, ибалы, қазақы тәрбие көргендіктері өзара қарым-қатыныс жасаудан, тілдерінен анық аңғарылады. Мені қуантқаны тек қазақ тілінде сөйлесетіндері. Осының алдында ем қабылдаған Керекудегі (Павлодар) ауруханада (инсульт орталығында) мұның бірі жоқ, тіпті сезілмейтін-ді. Жасанның клиникасына енген науқас адам басқа дүниеге (жақсы мағынасында) тап болары даусыз. Айғай-шу, дөрекі сөздер, оғаш мінез танытқан мейірбикелерден құтылып, жанға жайлы, ауруға дауа тапқан ортаға келгеніңе өкінбейтініңе мен кепілдік бере аламын десем сенетін шығарсыздар. Мен осындай қазақы ортаны көрдім.
    «Кемедегінің жаны бір» демекші, клиникада  жатқан емделушілер  де бір-бірімен өзара сыйластықта. Тынығу залында емін-еркін әңгіме-дүкен құрып отыруға қолайлы жағдай жасалған. Әдеби газеттер мен журналдар, ақпарат алатын буклеттер... 
   «Жас-Ай» журналының бірнеше саны, т.б. журналдың соңғы нөмірін оқып отырған Базарбаев Марат деген ақсақал да Қарағанды қаласынан келіпті. 74 жастағы ғалым, ветеринария ғылымының докторы, профессор. Алматыға  кезекті іс-сапармен барып, есеп беріп отырған кезде құлаған. Қалада бармаған жері жоқ. Әбден қажыған. Сөйтіп, ишемиялық инсульт ауруынан 2-3 жылдан бері зардап шегуде. Жазылатын емес әлі. Сол қолы жансыз күйде. Соңғы үміті – «Жас-Ай». Оны өзі де ашық айтып отыр.
       «Қарағандыда осыған дейін есігін қақпаған дәрігерлер, емшілер, массаж жасатпаған мамандар қалмаған шығар, – деді ол, – сол қолымда әлі  жан жоқ, саусағымда солай, қозғалмайтын. Семіп қалмаса жарар еді деп күдіктеніп, кейде оңаша қалған сәтте қапаланатыным да рас-тын. Кеше  ине қойып жатқанда байқап қалдым, бір апта өткенде, саусақтың басына жан кіріп, діріл пайда болды, қуанышымда шек болсайшы, қасымда қатарлас жатқан  замандас ақсақал да қуанышыма ортақтасып қайырлы болсын айтып, көңілімді көтерді. Міне, алтын иненің күші, профессор Жасан ініміздің инесінің  құдыреті. Бір айдан соң екінші курсқа келмекпін».
         «Екінші мәрте келуге бекініп отырғаныңыз өте орынды. Сырқат жанға батқан соң пендеміз ғой, емін кешіктіріп іздейміз, екі жыл бейнет шегіп енді дертіңіздің беті бері қарағанын сезгеніңізге сеніміңіз арта берсін, – деп әңгімеге араласты манадан диванда үнсіз отырған Арқалық қаласының  тұрғыны Кенжекүл Жүзбаева деген зейнеткер әйел, – сенім керек, аға, сенім керек». 
Иә, ол кісі биыл наурыз айында үйде іс тігіп отырғанда инсультқа шалдығып, төсекке таңылыпты. Бейнет көрген. Астанада жұмыс істейтін бала-шағасы бар, жан-жақты жан, дереу осы клиникаға жеткізілген көрінеді. Үшінші рет ем-дом қабылдауда, қазір тәуір, таяқсыз жүріп-тұрады. Айтар алғысы шексіз...
        Емделуші Гүлзейнеп Шәкенова Екібастұз қаласынан келгеніне бүгін үшінші күн. Оның сырқаты біздегілей емес, басқаша. Диагнозы: ревмотоидты артрит. Буыны, тіпті бүкіл сүйектері қақсап, маза бермейтін көрінеді, әсіресе, түн баласы ұйықтау қиын, кірпіктері айқаспайды  екен, бармаған дәрігері аз, бәрінің айтатыны біреу: сүйекке сіңген сырқат, сүйекпен кетеді, дәрігер берген дәріден бас алмаңыз, басқа амалын іздеп әуре болмаңыз дейді екен. Мұнда қазан айында бір курстан өтіпті, енді екіншісіне келіп отырған жайы бар. Қазір жақсы, тәбеті де ашылған, түнде тыныш ұйықтап жүр. Жасанның  өзіне, клиника ұжымына риза. 
      Емделуге келгендердің қай-қай­сымен сөйлессеңіз де айтатындары-тек қана алғыс. Расында солай болатын жөні де бар. Науқастың түрі де әртүрлі болып келеді. Шыбын жанға араша іздеп келетіндер еліміздің әр өңірінен. Олардың ішінде жас иісті аңсап, бөпелі болуға үміттенгендер, обыр ауруына қарсы ем іздегендер, көру қабілеті күрт төмендегендер, т.б. адамдар кеш естісе де келіп жатыр. Астанадан клиника ашылған екі жылдың ішінде теріскей облыстардан ат ізін салатындыр көбейе түскен. Солардың бәрін диагнозына мұқият қарап барып ем жасайтын Жасан Зекейұлының ұжымы тынымсыз еңбек үстінде. Мәселен, Жасан баурым Алматыға (онда клиниканың бас ғимараты орналасқан, биыл Шымкентте де ашылды) кеткенде мұндағы бас дәрігер Дәурен Нұрмұханов, инетерапевт Ләззәт Кемелбек инені шебер салады. Екеуі де Қытайда оқып, бұл мамандықты терең меңгерген, профессор Ж. Зекейұлының шәкірттері. Аға мейірбике Айнұр Сабиғат, мейірбикелер Ғалияш, Элмира және Әсел қашанда қасыңнан табылатын инабатты қыздар екенін айту ләзім. Тазалықшы Рәмилия, асханадағы Ризагүл мен Жарқын, бізді босағадан аттаған кезде биязы қабылдаған Жанар мен Сандуғашқа алғыс айтамыз.    
Мен  қазір жақсымын, ден­са­улығым түзелді. Бір жұмадан кейін таянышым-таяғымды тастап, өз аяғыммен  жүре бастадым. Үйге жадырап қайттым. 
       Құрметті Жасан бауырым! Халқыңа жасап жатқан еміңіз тек ұзағынан болсын! Өзіңізге, отбасыңызға бақыт, шаттық тілеймін. Ғылыми тұрғыда өзің дәлелдеген инетерапиясының өмірі Мәңгілік Елмен бірге мәңгі жасай берсін! Еліміздің Сен сияқты Ері аман-саулықта жүрсе әлі жер жүзі Қазақстанды танып, Ерінің де еңбегі жана бермек. Әумин!

Социал Әйтенов,
емделуші, 
Қазақстанның Құрметті журналисі, 
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық Бірлестігі Павлодар облыстық Басқармасының 
(филиалы) төрағасы.