Қыздардың құқығы мен денсаулығы алаңдатады


      Ата заңымыздың 1-бап, 1-ші тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсеткен. Заңда бәрі нақты да, айқын жазылған. Қош делік. Ал  енді әр елдің дамуында оның болашағы жас ұрпаққа, оның ішінде қыз балалар денсаулығына байланысты екені белгілі. Оның үстіне қыз баласын қонаққа балап, үкілеп өсірген қазақ қоғамы үшін бұл тіпті де маңызды мәселе. Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығының дәрігерлері мен «Жас-Ай» медициналық журналының журналистері де осы мәселені зерттеп, елімізде қыздарға қатысты орын алған олқылықтарды анықтаған еді, соған назар аударыңыз оқырман.

      Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде жасөспірім қыздардың шаштасып, тырнақтасып, жұдырықтасып жатқан видеоларын жиі байқап қаламыз. Бұл - жат қылықтарға баратын нәзік жандардың қатары өсіп бара жатқанының нақты дәйегі екенін көрсетеді. Ендеше, бұл жерде екі тараптың бірінің құқығы бұзылып, психологиялық соққы алатыны даусыз. Ал оның соңы жасөспірімнің болашағында өзінің кері әсерін қалдыруы әбден мүмкін. Сондықтан мектептер мен колледждер ғимараты, аулалары бейне бақылаумен бақыланып, мұндай заңсыздықтарға жол берілмеуі тиіс. Себебі, жасөспірім қыздар еліміздің болашағы және ертеңгі ұлт анасы емес пе? Өкінішке орай олардың құқықтары мен денсаулықтары туралы статистикалық деректер де дабыл қағарлық жағдайға жеткен.

      Мәселен, соңғы екі жылдың мәліметін салыстырсақ, кә­мелетке толмағандарға қат­ысты қыл­мыстық құқық бұзушылық 14,7 пайызға өскен. Осындай қылмыстық істер салдарынан өлім-жітім 25 пайызға артқан. 16 жасқа толмағандарға қатысты жыныстық жақындасу мен жыныстық сипаттағы зорлықтар 59,7 пайызға көбейген. Жасы кәмелетке толмаған қыз балаларды жезөкшелікпен айналысуға итермелеу 100 пайызға еселенген. Бұл енді сұмдық жағдай. Бойжетіп келе жатқан қыздардың арасында беті ашылған, ашынған, адасқан қыздардың үлесі көбейгенін көріп тұрып қалай үндемей отыруға болады? Қоғамда дабыл қағылып, бұл келеңсіздіктен арылтатын, оған қарсы тұратын кешенді іс, шара қабылдану қажет ғой. Өкінішке орай, бұл істің басында тұруы тиіс біздің Үкіметіміз де, депутаттарымыз да үн, түнсіз отыр...
        Деректерді тағы сөйлетсек, өткен жылы елімізде 50 мыңға жуық қарагөз гименопластиканың көмегіне жүгінген. Пәктігін сақтай алмай дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндердің қатары бұдан да көп дейді гинеколог-дәрігерлер. Ең сорақысы қыздардың пәктігін сататын халықаралық сайттардың анкеталық базасында қазақстандық қыздардың қатары көбейген. Мұның бәрі ұлттық дәстүрімізді  сақтамау мен сырттан келетін жат әдеттерге қарсы тұратын иммунитетіміздің әлсіреуінен деп білген жөн. Сондықтан, қыз балалардың ерте жастан некеге тұруы, жыныстық бопсалау, бей-берекет жыныстық қарым-қатынасқа түсу, қыз алып қашу, жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырау фактілерінің белең алуымен қоғам болып күреспей дұрыс нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. ҚР Президент жанындағы отбасы және гендерлік комиссиясы бас болып, отбасы, мектеп, орта және жоғары оқу орындарындағы тәрбиені жетілдіру арқылы жат әдеттерден қоғамды сауықтыруы қажет. Әйтпесе еліміздегі 18 жасқа дейінгі қыздардың десаулықтары туралы мәліметтер де мәз емес. Дәрігерлердің тексеруінен өткен дені сау қыз балалардың саны – 46,9 пайыз. Сондай-ақ, 18 жасқа дейін бірінші рет тексерілген қыздардың 25 пайызында жыныстық жолдарының қабынуы, яғни гинекологиялық аурулар анықталған. Ал, 22 пайыз қызда жыныстық жолмен жұққан инфекциялар белгілі болған. Соңғы 5 жылда жасы кәмелетке толмай жатып жүкті болған жеткіншектердің саны 33 мыңнан асқан. Бұлар – 15-17 жас аралығындағы қыз балалар. Олардың 10 мыңы түсік жасатуға мәжбүр болған.
       Жалпы бұл келеңсіздік - әлем елдерінің көпшілігін алаңдатып тұрған мәселе. 2018 жылғы Дүниежүзілік банк пен Әйелдердің проблемаларын зерттеу халықаралық қорының (ICRW) мәліметтері бойынша жыл сайын әлемде кемінде 15 миллион жасөспірімнің некесі тіркеледі екен.  БҰҰ қорының мәліметтеріне сенсек, Қазақ еліндегі жасөспірімдер арасындағы жүктілік 1 мың адамға 28 оқиғадан келеді. Сол себепті әр ата-ана өсіп келе жатқан ұл-қызға жыныстық қарым-қатынастар туралы жөн сілтеп, тәрбиесіне назар аударғаны дұрыс. Қыз балаларды әлеуметтік желілердегі зорлықшылардан сақтандыру, құқ­ығын қорғау мен олардың реп­родуктивтік денсаулығын сақтау бұрынғыдан да өзекті болып барады. 
Заман жаңарды, заң талаптары қатайды десек те елімізде «қыз алып қашу ойыны» әлі тыйылған жоқ. Сонымен қатар соңғы уақыттары діннің атын жамылып, бүгін үйленіп, ертесі «талақ» етіп тастап кететіндер де заңның құрығынан құтылып кетуде. Бұған жасөспірім қыздардың құқықтық сауатсыздығы мен жалған діннің соқыр сеніміне сенулері себеп болуда. Ықтиярсыз жыныстық қарым-қатынасқа түсу, зорлық-зомбылыққа ұшырау балаң тағдырды бүлдіріп қана қоймай, толысып-жетілмеген ағзасына қалпына келтірілместей зиянын тигізеді. Ең өкініштісі сол-осы құқығы ерте бұзылған қыздардан туылған сәбилер қоқыстар мен әжетханаларда қатып қалуда. Тірі қалғандарының тағдыры мүлдем бұлдыр...
Заңгерлердің пікіріне сүйенсек, елімізде жыныстық зорлық ауырлығы орташа деңгейдегі қылмыс болып саналады екен. Сондықтан зорлықшыл ары кетсе 5 жылға сотталады. Немесе мұндай жағдайдың 70 пайызы екі жақтың мәмілеге келуімен тынады. Ал дамыған Еуропа елдерінде зорлау ауыр қылмыс болып есептеледі. Сондықтан да, Қылмыстық кодекстен зорлықтан кейін екі жақтың бітімге келуі туралы шартты алып тастау қажет дейді, заңгерлер.
Редакциядан: Қорыта айтқанда еліміздің болашағы болар жасөспірім қыздардың құқықтары мен денсаулықтары туралы күрделі мәселелерді біз көтердік. Тисті шаралар қабылдау құзырлы органдар еншісінде. Біз өз тарапымыздан бұл мәселені бақылауда ұстайтын боламыз. Ал, сөз соңында айтарымыз халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығында күйзеліске түскен қыздарға кеңес беретін психологтар мен гинекологтар жұмыс істейді. Білікті мамандардан кеңес алған қыз, келіншектер олардың кәсіьи қызметіне қашанда ризашылығын білдіруде.

Бибігүл Нұртазаева,
инетерапевт
Нұрболат Абайұлы, 
журналист