Жаман ауруға – жақсы ас.
халық даналығы.
«Жас-Ай» медицина орталығынан ем алған, асханасынан дәм татқан адамдардың барлығы орталықта бөдене жұмыртқасы мен еті міндетті түрде табылатынын біледі. «Ас – адамның арқауы», «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды» деген халық даналығын үнемі қайталап отыратын медицина майталманы, орталық басшысы Жасан Зекейұлы науқас жандарға ұсынылатын ас мәзірінің құнары мен пайдасына, тазалығы мен сақталуына аса көңіл бөледі. Сол себепті өзі – ем, өзі – қуат бөдененің еті мен жұмыртқасын дастарханнан үзбейді. Олай болса өзі жұдырықтай, сөйте тұра адам денсаулығы үшін өте пайдалы бөдене туралы сөз қозғап көрелік.
Бөдене – қырғауылдар тұқымдастарына жататын құс. Дене тұрқы 20 сантиметрдей, салмағы 80-150 грамм шамасында. Ақшыл жолақты кішкене сұр құс. Мекиенінің тамағы ақ, жемсауы мен көкірегі теңбіл болады. Бөдене – жыл құсы, соның ішінде түнде қоныс аударатын жалғыз түр. Бөдене ұялайтын жеріне көктемде ұшып келеді де, қыстау үшін Оңтүстік Азия мен Африкаға ұшып кетеді. Далада, шабындықта, егістікте жерді шұңқырлап, құрғақ шөп төсейді де, 7-20 шұбар жұмыртқа салады, оны мекиені 15-17 күн басады. Бөдене өсімдік тұқымымен және өркенімен, кейде жәндіктермен қоректенеді. Бөдене әуесқой аңшылық мақсатта көп ауланады, сондай-ақ, үйде де ұсталады.
Адам баласы бөденені өзге аң мен құс түрлері сияқты сонау ерте замандардан-ақ өз қажеттіліктеріне пайдаланып келе жатыр. Жапонияда ХI-ХХ ғасыр аралығында ол декоративтік-сәндік құс ретінде өсірілген. Оның суреті шамамен 5 мың жыл бұрынғы Мысырдағы фреска кескіндемелерінде бейнеленген. Бөдене жұмыртқа мен ет өнімдерін алу үшін тәжірибелік мақсатта тек өткен ғасырдың басында ғана пайдалана бастаған.
1966 жылы құс шаруашылығы бойынша Бүкіләлемдік конгресс өткізілгеннен кейін Кеңес одағында да бұл сала дами бастады. Конгресте бөденелер халықаралық құс шаруашылығының көрмесіне экспонат ретінде қойылған болатын. Кейін Санкт-Петербор радиациялық гигиена ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ақ егеуқұйрыққа жүргізген тәжірибе кезінде оның бөдене жұмыртқасынан дайындалған тағамды жегенде сәулелі ауруы жеңіл түрде болатынын дәлелдеді. Зерттеу кезінде олардың дене салмағы тұрақтанып, ауруға қарсы тұру қабілеті тез қалпына келіп, қан алмасу үдерісі жақсарғаны айқын аңғарылды.
Әлемде негізінен бөдене шаруашылығы үш бағытта: биологиялық, медициналық және ветеринарлық зерттеудің лабораториялық обьектісі ретінде және дәмді деликатестік әрі диеталық тағам ретінде, сондай-ақ, биологиялық және парфюмдік өндірістің шикізаты ретінде пайдалану болып табылады. Елімізде оның бірінші бағыты ғана дамуда. Деректерге қарағанда елімізде қазір бөдене өсіретін қырықтай шаруа қожалықтары бар.
Бөдене жұмыртқалары диета-терапияда кеңінен қолданылады. Оның емдік қасиеттері адам баласына ертеден-ақ белгілі болған. Бөдене медицина саласында – демікпе, созылмалы өкпе ауруын, туберкулезді, созылмалы гастрит, асқазан ауруын, өт іріктелетін қалта ауруы мен өт жолдарын, жүрек-қан тамырларының жетіспеушілігін, бронхит, қан аздық және сәуле ауруларын емдеуде қолданылады.
Оның жұмыртқасының құрамына кіретін тирозин амин қышқылы косметика саласында ең қат өнім саналады. Оның адам бетінің түсін жақсартуда зор пайдасы бар. Шетелдік биоөндіріс саласында бөдене жұмыртқасының негізінде әртүрлі бетперделер мен кремдер шығарылады. Бөдене жұмыртқалары ұзақ уақыт бойы бұзылмайды. Себебі оларда микрофлораның дамуына кедергі болатын аса құнды амин қышқылы лизоцим бар. Тағы бір дәлелденгені, бөдене жұмыртқасы тауықтардікіне қарағанда микробтардан таза келеді. Бөдененің дене температурасы құстардың басқа түрлеріне қарағанда 2ºС жоғары.
Әлем бойынша құстарға жаппай келген дерт – «құс тұмауы» ауруына бөдене ағзасының қарсы тұру қабілеті мықты болып шықты. Бұған себеп – оның қалыпты дене қызуының 42 градус екендігінде. Сонымен қатар, құрамында мүлдем холестерин болмайтын бөдене «сальмонеллез» құс дертімен ауырмайтын көрінеді. Кейбір ғалымдар бөдененің көптеген ауруларға қарсы тұрақтылығын осы ерекшелігімен байланыстырады. Олардың пайымдауынша, бөдененің дене температурасының жоғары болуын қарқынды зат алмасумен байланысты. Әсіресе үй бөденесі күйзеліске, токсикалық заттардың әсеріне және жұқпалы ауруға төзімді.
Бөденелердің басты артықшылығы оның түрлі-түсті жұмыртқаларында деуге болады. Олар витаминдер мен аминқышқылдарына өте бай, гипоаллергенді. Бөдене жұмыртқаларын жүйелі пайдалану ағзаның әртүрлі ауруларға, оның ішінде түберкулезге қарсы күресуін жоғарылатады. Оларды шикі күйінде пайдалану Чернобыль апатынан сәулелі ауруға ұшыраған балаларға көмектескен. Олар өздерін жақсы сезіне бастаған, мұрындарының қанауы, бас айналулары тоқтап, қандағы гемоглабиндері көбейген.
1945 жылғы Нагасаки, Хиросима қасіретінен кейін Жапон елі бөдененің жұмыртқасын балаларға ішкізуді міндеттейтін бірнеше заң да қабылдаған. Сол уақыттан бері жапондық әрбір оқушының ертеңгілік ас мәзіріне бөдене жұмыртқасы енгізілген. Осы ретте, мұндай үрдістің Семей полигонымен іргелес жатқан өңір тұрғындары үшін де берері мол болар еді.
Қазіргі уақытта Жапонияда бөдене шаруашылығы қарқынды дамып, жылына 19 миллиардқа жуық бөдене жұмыртқасы өндіріледі. Ал Қытайда осы сала мәселесін зерттеу үшін Вукси қаласында арнайы бөдене шаруашылығының институты құрылған. Неміс ғалымдары да бөденелерге генетикалық-селекциялық зерттеулер жүргізуде. Қазіргі кезде бөденелерді өндірістік жолмен көбейтіп өсірумен әлемнің көптеген елдері шұғылдануда. Осы саладағы ғылыми зерттеулерге де көп көңіл бөлінуде.
Бөденелердің жұмыртқасында басқа құстарға қарағанда ақуыз көп. Егер тауық жұмыртқасында ақуыз орташа 5,6% болса, бөденелерде ол 6 %-ды құрайды. Сарыуыздың үлесі тауықтікі сияқты 32%-ға жуық. Онда қауыз жұмыртқа салмағының 7%-ын құрайды, ал тауықтарда бұл көрсеткіш 10%-дан асады.
Ғалымдардың дәлелдеуінше, кальций және амин қышқылдары әлдеқайда жоғары құрамды бөдене жұмыртқасындағы калий мен фосфор 5 есе, темір 4,5 есе, В және В12 дәрумендері тауық жұмыртқасының құрамынан 6 есе көп. Бөдене жұмыртқасы қант диабетін, гастрит, асқазан жарасын, туберкулез, әртүрлі диатез бен аллергияларды емдейді, ағзадағы радионуклеидтер мен холестеринді шығарады.
Күніне 4-5 жұмыртқа жеп отырса: бұлшық ет жүйесі мен сүйектер қатаяды; қан қысымы төмендейді; жүрек, бүйрек, өкпе, асқазан ауруларын емдеуге көмектеседі; ағзадағы радионуклеидті тұздар мен ауыр металдарды шығарады. Жүйке жүйесінің қызметін жақсартуға септігін тигізеді. Оның құрамындағы фосфор, калий, темір есте сақтау қабілетін жақсартады.
Бөдене құнды диеталық ет пен ақуыздың қайнар көзі болуымен қатар, жұмыртқасының антибактериалды әрі оның иммунитет көтеретін қасиетіне байланысты иммунитеті төмендеген, сырқат және денсаулығы әлсіз адамдарға шикі бөдене жұмыртқасын беруге кеңес беріледі. Анемия, бас ауруы, демікпе, бронхалық астма, жүйке, туберкулез, тұмау, ішек, әсіресе, асқазан жарасы гастритіне бірден-бір ем.
Халқымыздың бұл құсты – киелі құс санап, «бөденедей жорғалап, бақыт қонсын басыңа» деп бата береді. Ерінбеген, кәсіп қылған адамға бөдене – бизнес көзі. Алақандай болса да, адам ағзасына мың бір емі бар құсты дамыған шет мемлекеттерде әлдеқашан «брендке» айналып, нарықтағы өтімді өнімдердің біріне айналдырған. Өйткені, бөдене шаруашылығы мол өсім беріп, шығынды тез ақтай алады. Қалыпты қызуда небәрі 17 күнде қабығын жарып шығатын бөдене балапаны 45 күнде жетіліп, жұмыртқалай бастайды.
Түйіндей айтсақ, бөдене жұмыртқасы қан аздыққа, бас және тыныс жолдары ауруларына, өкпе қабынуына, төмен және жоғары қан қысымын реттеуге, ағзаның қорғаныс қабілетін көтеруге, асқазан-ішек ауруларына, қант диабеті, қатерлі ісік, бүйрек, бауыр және өт жолдары мен жүрек-қан тамырлары ауруларына шипа болып қана қоймай, асқазан жарасы мен гастрит ауруларына таптырмас ем саналады. Шетелдік биоөндіріс саласында бөдене жұмыртқасының құрамынан бетті жасартып, сепкілдер мен дақтарды жоюға көмектесетін маскалар мен кремдер де шығарылуда.
Ақмарал Жасанқызы,
Жанна Иманқұл
журналист