Бүйрек әлсіздігі


       Шығыс-тибет медицинасы бойынша бауыр, жүрек, көкбауыр, өкпе, бүйрек жөніндегі ұғымдар қазіргі медицинаның танымымен сәйкес келе бермейді. Қазіргі медицинада аталған ағзалар нақты мүше ретінде қарастырылады. Егер осы ағзаларда ауру пайда болса, тікелей бүйрек, жүрек, т.б. аурулары деп атала береді. Ал Шығыс-тибет емінде бұлар «бес ағза» деп аталады.  Бесеуінің қазіргі медицинада үнемі айтылатыны қан айналымы, ас қорыту, иммунитет біртұтас, осы ағзалардың «салалары» деп қаралады.

Шығыс-тибет емінде бүйрек адам энергиясы мен көбею қуатының қайнары, денедегі су мен сөлдің алмасуын реттейтін, сүйектің жетілуі, тыныстың тарылуы мен кеңеюі, есту қабілеті мен үлкен-кіші дәреттің қалыпты күйде сақталуы да бүйрек қызметімен байланысты деп саналады. Медицинадағы кейінгі зерттеулер нәтижесінде, Шығыс-тибет шипагерлігінде айтылатын осы қызметтердің қазіргі медицина мойындайтын зәр шығару және көбею жүйесіне қатысты ағзалардың қызметін ғана емес, адамның ішкі секреция, иммунитет сияқты қуаттарын қамтитын аса кең ауқымды ұғым екені анықталды.
      Шығыс-тибет емінде ауруды дерттің белгілеріне қарай, яғни ішкі байланысқа не сырқат нышанына қарай негізделіп диагноз қояды. Сондықтан тибет емі адамның қандай аурумен ауырғанын нақты айтпай, дерттенген ағзадағы жалпы клиникалық белгіні сипаттаумен ерекшеленеді. Ал қазіргі медицина аурудың нақты дәлелдері арқылы дерттің ошағы мен сипатын емдеуге мән береді. Сондықтан, қазіргі медицинада аурулар «бүйректің созылмалы қабынуы», «бүйрек синдромы», «жүрек аурулары» деп жіктеледі. Тибет емінде «бүйрек әлсіздігі», «бүйрек арқауының әлсіреуі», «бүйректің көрнеу арқауының әлсіреуі», «бүйректің көмескі арқауының әлсіреуі» деп бөлінеді.
     1)    Бүйрек арқауының әлсіреуі
     Клиникалық белгілері: 

     Бел ауырып, жон ашиды, балтыры сыздап, тізе талады немесе өкше ауырады. Шаш түсіп, тіс босайды. Түнде кіші дәрет көбейеді немесе кіші дәрет сыздықтап ағады. Ұмытшақтық пайда болады, жыныстық қуат тежеледі, тамырдың соғуы әлсірейді.
     2)    Бүйректің көрнеу арқауының әлсіреуі
     Клиникалық белгілері:

Бүйрек арқауының төмендеуіне байланысты барлық белгіден басқа, науқас тоңғақ келеді, шаршап тұрады. Қол-аяғы мұздайды, сулы ісік пайда болады. Үлкен дәрет сұйылады, кіші дәрет көбейеді және түссіз болып келеді. Науқастың өңі бозарады немесе қарақошқыл тартады. Бел күші кемиді, жыныстық қатынаста бойдан ерте кетеді. Тамыр соғуы баяулайды, іркіледі. 
     3)    Бүйректің көмескі арқауының белгісі
     Клиникалық белгілері:

     Науқастың көңілі алақызып, алақаны мен табаны күйіп жанады. Көзі қарауытып, құлағы шыңылдайды. Тамағы құрғап, таңдайы кебеді. Ұйқысы қашып, денесін тер басады, ұйықтап жатып бойдан кетеді, кіші дәрет сарғаяды. Бұған қоса бел күші кемиді. Тілі қызарып, өңезі азаяды, тамыр соғуы әлсірейді.
    Белсіздік пен бүйрек әлсіздігінің шатастыруға болмайды
    Көп адамдар жыныс мүшесінің қатаймауы бүйрек әлсіздігінен деген қате түсінікте болады. Тибет емі бойынша, бүйрек қызметінің әлсіреуі жыныстық қабілетке әсер етеді деп айтқанымен, бүкілдей жыныстық қабілетті тек бүйрекке қана тәуелді деуге болмайды. Шығыс-тибет емі бойынша бүйректің көрнеу арқауының әлсіреуі тұтас дененің әл-қуатының төмендеуіне байланысты. Көрнеу арқау жыныс ағзасын емес, тұтас дененің әл-қуатын көрсетеді. Сондықтан, бүйрек көрнеу арқауы әлсіреген адамның бел күші кемуі мүмкін. Алайда бұл бүйректің көрнеу арқауы әлсіреген адамның барлығының бел күші кем болады дегенді білдірмейді. Бейжің емшілігі университетінің профессоры Уаңь-и мырза өзінің медициналық зерттеулеріне сүйене отырып, қытай емшілігінің диалектикасы бойынша, белсіздіктің тең жартысынан көбі бауыр арқауының бәсеңдеуімен немесе бұзылуымен, аздаған бөлігі ғана бүйректің көрнеу арқауының әлсіреуімен қатысты болады деп түсіндіреді. Демек, жас жігіттер мен жігіт ағасы жасына келгендердің жыныстық қатынаста әлсіздік танытуына бүйректің көрнеу арқауының әлсіреуі емес, көбінесе, бауыр арқауының босауына қатысты болатындықтан, бүйрек қуаттандыратын дәрілерді белсіздікке ем деп көп пайдаланудың нәтижесі шамалы болады. Егер енді ғана отау құрып, шаңырақ көтерген жас жігіттің алғашы түндері жыныс мүшесі тұрмай немесе төсек қатынасы қалыпты болмаса, бұл психологиялық күйзелістен болуы мүмкін. Мұндай жағдайға көбінде, көңіл-күйде болатын алаңдау, мазасыздық себеп болады.

     Бел ауру бүйрек әлсіздігінің белгісі емес
    Кейбір жас азаматтар төсек қатынасына жиі барса, белі ашып ауырып, 1-2 күнсіз басылмайды. Бұл 30 жастан асқасын тіптен жиілеп, төсек қатынасына бармай-ақ белі сыздайтын болады. Өкінішке қарай, мұндай жағдайды көптеген адамдар бүйрек қуатының әлсіреуімен байланыстырып, бірден бүйрек қуатын арттыратын дәрі-дәрмектер сатып алып іше бастайды. Шын мәнінде, бұл бүйрек қызметінің әлсіреуінен болмауы мүмкін.
Бел ауруы деп бел омыртқасының оң жағы немесе сол жағының бірдей ауруы. Ал белдің сыздауы белдің талып, ашып ауруы. Бұл екеуі де ауру белгісі. Мұны бүйрек әлсіздігінен деп қате тұжырым жасаған еркектердің көбі, бұғы мұйізі, бұғы шыбығы, т.б. дәрілерді өздігінше пайдаланады. Кейбір дәрігерлер науқастың аталмыш жағдайына қарап, бүйректің қызметін қалыпты ететін дәрі жасап беруде. Науқас бұл дәрілерді ішкеннен кейін сауығып кетудің орнына, жағдайы одан ары қиындай түседі. Ешқандай усыз дәрі жоқ, тек дұрыс қолданылмаса, тибеттік дәрілердің де кері әсері болатындығын ұмытпаған абзал.
     Тибеттік емде бүйрек әлсіресе, бел ашып ауырады деп саналады. Бірақ бұл бүйрек әлсіреудің бірден-бір клиникалық белгісі емес. Оның үстіне көптеген дерттердің клиникалық белгісі осы тектес болатыны белгілі.
     Ер адамдардың белі көбінесе, бел бұлшық еттерінің зақымдалуы себепті ауырады. Сондықтан сыз жерге отыру  мен жатудан аулақ болу керек. 

Жасан Зекейұлы,
Халықаралық Вена университетінің Құрметті профессоры