Бейбіт күнде ойламаған жерден апат болып, жаймашуақ күнін көріп, тірлігін тірнектеп отырған Арыс халқы бір күнде-ақ тоз-топалаңы шығып, жан-жаққа босып кетті. Ондағы отбасынан айырылып, зардап шеккендер түгел еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін Шымкент қаласына бөлім-бөлім бойынша жайғастырылып, көмек көрсетілуде.
Бұл игі істен "Жас-Ай" медицина орталығы да шет қалған жоқ. Көппен бірге көмек қолын созды.
Халықаралық "Жас-Ай" медицина орталығының бас директоры, профессор, академик Жасан Зекейұлы бүгін Шымкент қаласындағы №1 саңырау балалар интернатына уақытша орналастырылған Арыс қаласынан келген азаматтардың жағдайын біліп, гуманитарлық, материалдық және медициналық көмек жасады. Зардап шеккен азаматтар қандай көмекке мұқтаж екенін анықтап, барлық заттарды ұжым атынан сатып алып, аталған орталықта жатқан 147 адамға үлестірді. Қолдан келгенше ең бірінші дәрі-дәрмек, медикамент, басқа да керекті заттармен қамтамасыз етті. Ол азаматтардың денсаулық жағдайы енді "Жас-Айдың" Шымкент қаласындағы филиалының мойнында. Қаншама адамдар Жасан Зекейұлына алғыстарын жаудырып, көздеріне ыстық жас алды. Балалардың қуанышында шек жоқ. Жарылқаушы, құтқарушы ақ халатты жандарды көріп, мерейі өсті. Жарылыстан зардап шеккендердің әңгімесін естісеңіз төбеқұйқаңыз шымырлайды. Ата-ана баласынан көз жазып, мал-жанын сол күйі тастап қашқан жұрттың жүрегіндегі үрей әлі басылған жоқ. Жұртты сабырға шақырған Жасан Зекейұлы: "Апат айтып келмейді. Арыстағы болған жағдай бәрімізді бей-жай қалдырған жоқ. Әрбір қазақстандық өз шамасына қарай көмегін атап жатыр. Бұл елдігіміздің белгісі. Біздің көмек өзіміздің салаға байланысты зардап шеккендерді бір жағынан сабырға шақырып, екінші жағынан гуманитарлық және медициналық көмек жасау. Осындағы халықтың сұранысымен азық-түліктен басқа тұтыну бұйымдарын да арнайы сатып алдық." Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, арыстықтарға ел болып көмек атап жатқаны қуантады. Мен Алматыдан бүгін азанда арнайы ұшып келіп, осы қайырымдылық шарасына қызметкерлеріммен бірге азда болса да үн қосайын деп жүрегімді қолыма алып жеткенім осы. Бұл баршамыздың қабырғамызды қайыстырады" деді жиналған жұртқа ағынан жарылып.