«ОРТАЛЫҚТА БЕЛ АУРУЛАРЫНА ТЕГІН КЕҢЕС БЕРУДІ ЖОЛҒА ҚОЙДЫМ»


 «Пенде үшін дерттенуден ауыр жаза жоқ». Бұл Жасан Зекейұлының жиі айтатын нақыл сөзінің бірі. Шынында да осындай ауыр жазаға өзімізді өзіміз ұсынатын кезіміз көп сияқты. Осы күнде бір елді ғана емес, тұтас жұмыр жер бетіндегі адам баласының баршасын алаңдататын аты жаман, зардабы құрдымға жетелер аурулардың түрі көп. Олардың біразына қазіргі дамыған ғылым-техника ем таба алған жоқ. Ал клиникалық сипаты анық, соңы жаман дертке душар болғанын  біле тұра елемейтін адамдар бар. Сол аурулардың бірі – беломыртқа аурулары. Дерттің осы түрі соңғы кезде жастар арасында да жиі белең ала бастаған. Ота жасатуға мәжбүр болып жатқандар да баршылық.  «Мысқалдап кірген дерт, батпандап шығатынын білмейтін жастар өз тәндерін өздері осылай аяусыз жазалайды» – дейді Жасан Зекейұлы. Бел аурулары туралы бірнеше ғылыми еңбек жазған академик жастарға не дейді? Біз «Жас-Ай» медициналық орталығының бас директоры Ж. Зекейұлымен болған сұхбатты назарларыңзыға ұсынбақпыз.   

– Жасан Зекейұлы, көп науқастар омыртқа аралық дискінің жарығы (грыжа) неден пайда болатынын білмей, ойларын сан-саққа жібереді. Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз?
– Бел омыртқа аралық грыжа дегеніміз – екі омыртқа аралық шелдің (дискі) орнынан тайып кетуі. Бұл дертке бұрынғы кезде ауыр соққы алу, сыну, омыртқа бағанына мөлшерден тыс күш түсіру сияқты сыртқы факторлардың әсерінен шалдықса, қазіргі уақытта адамдар негізінен тұрмыстық дағдыға, қызмет басымдылығы, азықтануға, т.б. байланысты болады. Адамдар осы күні кеңседе қозғалыссыз, ұзақ отыруға дағдыланған, күн нұрына, таза ауаға аз шығады. Ал жұмыстан соң көлік тізгіндеп рөлде отырады, табаннан өткен суықты да елемейді. Осы сияқты жайшылықта елене бермейтін тұрмыстық дағды біртіндеп арқа бұлшық еттерінің қан айналысын бұзады. Бәрі осы жерден басталады. Мұның соңы бел ауруларына алып келеді. Ал бел ауруларының пайда болу себебі көп. Айталық, Төсектің тым жұмсақ болуы, үнемі ауыр жүк көтеру, Аяқ киім өкшесінің биік болуы, бүйрек қызметінің қалыпсыздығы, бет жуатын науаның тым аласа болуы, т.б. Омыртқаның мөлшерден артық иілуі де ұзақ жылдан соң грыжа дертіне әкеп соқтырады. Әсіресе жастар әу бастан осыған баса назар аударулары керек. Адам жас кезінде энергиясы тасқындап тұратындықтан көп нәрсеге көңіл бөле бермейді. Мәселен, суықты елең қылмайды немесе ауыр затты байқамай көтеріп қояды. Бұл бастапқыда ештеңе сездіре қоймағанымен жалдар өте келе өз әсерін шығарып отырады.  
– Омыртқа аралық дискінің өсуі қауіпті ме? Кей адамдар бұл өздігінен жазылып кетеді дейтін көрінеді?
– Омыртқа ауруларын елемеудің соңы ауыр зардаптарға алып келеді. Себебі мойыннан сегізкөзге дейін, омыртқа бағаны өзегінен өтетін жұлыннан тарайтын барлық нерв талшықтары адамның ойлау, сөйлеу, ақыл-есі мен қимыл-қозғалысын қамтамасыз етеді. Тіпті өміріміз осы нерв жүйелерінің дұрыс жұмыс жасауына тәуелді. Осы жүйке жүйесі адамның жан каналдарын қалыптастырады. Шығыс емінде көп айтылатын 700 нүкте де осы ұсақ нерв талшықтарын бойлай орналасқан. Ал омыртқа аралық шелдің ішке қарай өсуі жұлынды басып қалуы мүмкін. Бұл ары қарай сіздің қалыпты сау денелі адам ретінде өмір сүруіңізге мүмкіндік бермейді. Бел ауруларынан тыс өзге көптеген дерттердің пайда болуы да жүйке тамырларына өткен суықтың әсерінен болады. Омыртқаға өткен суық әуелі құяң болып басталады, ал құяң (радикулит) омыртқа аралық сіңірдің қызметін бұзады. Мұның соңы омыртқа аралық дискінің өсуі мен қатар, белсіздікке әкеледі, науқас ұзақ уақыт тік тұра алмайды, тез шаршайды, күрделі болғанда аяқ-қолы салданады. 
Соңғы кездері бұл дерт жастар арасында да жиі белең ала бастады. Сол себепті мен халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығында науқастарға бел ауруларына тегін кеңес беруді жолға қойдым. Әрі бұл тұрақты түрде жалғасады. Дерттің алғашқы сатысы ма, әлде асқынған түрі ме? Бұл жайында нақты диагноз қоямыз. Қажетті аппараттарымыз да бар. Жалпы бел ауруларына шағымданатын науқастар біздегі мамандардан тегін медициналық кеңес ала алады.
– Омыртқа аралық дискінің өсуі несеп жолы жүйесіне әсер ете ме?
– Әрине. Омыртқа аралық дискінің сегізкөзбен жалғасқан 4-5-омыртқа немесе S1, L4-L5 омыртқалары аралығындағы грыжа несеп жолы каналдарымен байланысты болады. Грыжаның өсуі әсерінен осы каналдарға зақым келсе, несеп жолы жүйсі бұзылады. Жүйке-жүйелерінің қысылуы салдарынан қуық тұтылуы мүмкін. Нәтижесінде науқастың денесіне несеп жайылып, өз дәретіне өзі уланады. «Жас-Ай» медициналық орталығы осы топтағы науқастардың біразына өнімді ем жасады. Алтын ине қою мен өзге де емдік тәсілдер арқылы несеп жолы каналының нервтерін қалпына келтіргеннен кейін науқастың кіші дәреті қалыпты жүре бастайды. Ары қарай 1-2 курс емнен соң толық сауығып кетеді. 
– Омыртқа аралық дискінің өсуін отасыз-ақ емдеп жазуға болады дейсіз, ол үшін науқас қанша курс ем қабылдайды?
– Егер науқастың омыртқасы жол апатының және басқада күрделі жағдайлардың себебінен сынып, немесе дискісі тайып, жұлынды басып қалса әрі дерттің соңғы басқышына өтіп, сүйек тіндері бұзылса алтын ине арқылы сауықтыру мүмкін емес. Мұндай жағдайда тек қана отадан соң нервтерді қалпына келтіруге шығыс емін қолдануға болады. Ал өзге омыртқа аралық дискі өсудің кез келген түрін отасыз өнімді емдей аламыз. Біздегі тәжірибе бойынша қазірге дейін 90%-дан астам науқас дертінен құлантаза айықты. Осы тәжірибемізге негізделе отырып, «Бел омыртқа аурулары және оны емдеу жолдары» атты ғылыми еңбек жаздым.
– Ота арқылы омыртқа аралық дискінің өскен бөлігін қырдырып тастау қаншалықты дұрыс?
– Шығыс емінің ұстанымы бойынша аса ауыр жағдайда болмаса, денеге пышақ тигізу дұрыс емес. Отасыз да көптеген дерттерді өнімді емдеуге болады. Омыртқа аралық дискінің өсуі жалпақ тілмен айтқанда екі омыртқа аралық сіңірдің ығысып шығуы, тіннің өлеттенуі. Осы өсіп шыққан сіңірді жібіту үшін омыртқа сыртына алдымен «Жас-Ай» шипалы емдік майын» жағып жібітіп, одан кейін өлеттенген тінді алтын иненің көмегімен тірілтеміз, ары қарай омыртқа созу аппараты мен нүктелі уқалау арқылы өскен сіңірді біртіндеп қайта орнына келтіреміз. Ал омыртқа аралық грыжаны қырдыру зиян. Себебі қырдыру кезінде кеткен ағаттықтар себебінен қол-аяқтың жансыздануы көп болады. Пышақ тиіп, зақымданған орын 100% қайта қалпына келмейді.
– Жастар арасында омыртқа ауруларының көбеюі неден дерек береді?
– Бұл жоғарыда айтқандай әр отбасының тұрмыстық шарт-жағдайына байланысты. Қазіргі жастардың көбі біздің заманымыздағыдай еңбек етпейді. Оларға ата-анасы барлық жағдайды жасап берген. Яғни, дене әрекеті аз. Таңнан кешке дейін үзіліссіз үстелде отыру, сағаттап компьютер қарау, телефонға тәуелділік, химиялық жолмен қатырылған азықтарды, тез даярланатын тағамдарды жеу оларды біртіндеп омыртқа бағанының дұрыс өспеуіне, бел омыртқа аралық жарығына душар етеді. Бұл өте алаңдатарлық жағдай. Біз жоғарыда «омыртқа өзегіндегі жұлыннан тарайтын барлық нерв талшықтарының қалыпты жұмыс жасауы аса маңызды» деп атап айттық. Аяқ пен арқада қан айналыс дұрыс болмаса, жылдар өте келе ағзамыз біртіндеп дерттене береді. Сондықтан кез келген ата-ана сау денелі ұрпақ өсіру үшін оның қарнын тойдырып, оқып білім алуын ғана қадағаламай, күнделікті тұрмыстық әдетін де бақылауда ұстауы керек. Спорттық ойындарға қатыстырып, жаяу жүруге, велосипед тебуге баулығаны жөн. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Саламатты өмір салтын ұстану» бастамасы жастардың сау денелі болуын басты назарда ұстайды. «Жас-Айда» емделіп жатқан науқастардан бастап, орталықтың барлық қызметкерлі үшін мен арнаулы спорттық зал аштырдым. Онда омыртқа қимылын жетілдіретін барлық аппараттар бар. Емнің арасында, уақыты болғандары осы жерде күнделікті спорттық жаттығу жасап тұрады. Біздің осы залға омыртқа ауруларынан зардап шегіп жүрген өзге де жастардың көптеп келуін қалар едім.
–    Бел омыртқа жарығынан сақтану үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Балалардың жүрісіне назар аудару керек, егер оның аяқ алысы қисық болса, арқасын көп сипаса дәрігерлердің көмегіне жүгінсін. Әрине бұл кезде бірден баланы рентіген сәулесінен өткізбей-ақ, шығыстық емдік тәсілдер арқылы диагнозын білуге болады. Жаңа қалыптасып келе жатқан ағза үшін түрлі медициналық аспаптарға түсідің де зияны көп. Сол үшін шығыс емі жас жеткіншектер үшін аса пайдалы. Баланың зейінін арттырып, сергек жүруі үшін де, ұмытшақтық дертінен айықтыру мақсатында да алтын ине емін қолданып тұруға болады. Бұдан сырт, нүктелі уқалау арқылы арқа, бас, қол-аяқ тамырлары мен бұлшық еттердің қимылын жетілдіруге мүмкіндік мол. Жалпы, балаңызды әр үш ай сайын шығыс емінің барлық түрінен комплекс ем қыбылдатып тұрсаңыз оқу үлгерімі мен ойлау қабілетін арттыруға әбден болады. Бел омыртқа ауруларынан сақтану үшін көңіл-күйді тұрақты ұстау да маңызды. Бастысы табаннан және белден суық өткізбеу керек. Кез келген бетонның үстіне күн салқын кездері отырмаған жөн, қыста, күзде көліктің  терезесін ашып қойып жүргізуге болмайды. Өзіңізден тартып, балаңызға дейін өте жұмсақ төсеніштерге жатып әдеттенбеңіз. Бұл бүлдіршіндер үшін же маңызды.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Мамытай ОННАН