ЕГІЗДЕР ТУРАЛЫ ЕРЕКШЕ ЖАЙТТАР


Тұқым қуалау, тұқымда кездесетін өзгерістер жағынан адамның басқа жануарлардан айтарлықтай өзгешелігі жоқ. Жанды тіршіліктің бәрінде тұқым қуалайтын қасиет ұрпақтан-ұрпаққа хромосома құрамында болатын гендер арқылы беріліп отырады.  Адамның басқа мақұлықтардан айырмашылығы оның санасы мен тілдесе алатын ғажайып құбылысында. Енді көбіне тұқым қуалайтын егіздер, олардың жаратылысы, ерекшеліктері туралы сөз қозғамақпыз. Бір буында егіз туса, сол әулеттің әйтеуір бір мүшесінде немесе бәрінде егіздер дүниеге келеді. Дүние жүзі бойынша 70-80 млн.-ға жуық егіз адамдар өмір сүріп жатқан көрінеді. Тағы бір көңіл аударарлық жайт: қалыпты жүктілік 38-40 аптаға созылса, егіздер 36 аптаға, үшемдер кезінде 33-34 аптаға, төртемдер кезінде 30 аптаға, ал бесеу болған жағдайда 28-29 аптаға созылады екен.
Егіздер деп бір мезгілде екі немесе екіден көп туылған балаларды айтады. Егіздер пайда болуына қарай екі топқа бөледі. Бір жұмыртқалы егіздер және әр түрлі жұмыртқалы егіздер. Сондай-ақ бұдан 50 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда қазір егіздердің тууы 2,5 есеге артқан. Мұның себебіне дәп басып пікір айтқан маман жоқ.

Бір жұмыртқалы егіздер
Бір жұмыртқалы егіздер бір сперматозоид ұрықтандырған жұмыртқа жасушасының теңдей екі бөлікке бөлінуінен дамиды. Сондықтан бір жұмыртқалы егіздердің генотипі біркелкі, барлық белгілері ұқсас, міндетті түрде бір жынысты (не ұл, не қыз) болады. Биолог-генетик ғалымдар айнадағы келбеттей бір-біріне ұқсас жандардың сырын әлі күнге дөп басып таппаса да, ұрықтағы ақпараттың сақталу мүмкіндігінің және био-химиялық механизмдердің күрделі болуымен түсіндіреді. 
Әсіресе бір жұмыртқалы егіздер адамдарды көп қызықтырған. Түр-түс, сөйлеу, қимыл, т.б. бірдей екі адамды кездестіру, сөйлесу өзгелерге тосын әрі жұмбақ іспетті болған. Тіпті әлі де солай десе де болады. Олар ғылымда да жалпы биологиялық мәселені немесе белгі-қасиеттердің дамып қалыптасуы үшін тұқым қуалаушылық пен сыртқы ортаның әсерін зерттеуде ыңғайлы материал болып табылады. Мысалы, адамның бойындағы туа біткен қабілетті дамытып, қалыптастыру үшін оқу мен тәрбиенің қандай маңызы бар екендігі анықтай алады. Сонымен қатар, егіздік әдіс адамның кейбір тұқым қуалайтын ауруларға (шизофрения, эпилепсия, гемофилия, т.б.) бейімділігін алдын ала анықтауға көмектеседі.
Бір-бірінен аумайтын, 99% ұқсастығы бар, табиғи түрде дүниеге келетін егіздерді 100% ұқсас егіздер туғызуға заманауи, дамыған жоғары технологиялық ғылыми жетістіктердің де шамасы келмейді екен. Яғни, бұл процесс адамзат жаратылысындағы сыры ашылмаған құпия болып қалуда. 
Бір жұмыртқалы егіздердің пайда болуына сыртқы факторлардың (экология, химия, т.б.) әсері жоқ.
Тағы бір таңқаларлық жайт: Құдайдың құдіреті дейміз бе, бір-біріне көшірме болатын егіздердің барлық дене, жыныс, сөйлеу, қызығушылығы ұқсас болғанымен, саусақ іздері мүлде бір-біріне ұқсамайды екен.  
Статистика әр 1000 нәрестенің ішінен үш біржұмыртқалы егіздер дүниеге келетінін айтады.  Жалпы егіздердің 30%-ы бір жұмыртқалы болып келеді.

Әр түрлі жұмыртқалы егіздер
Әртүрлі жұмыртқалы егіздер бір уақытта пісіп-жетілген екі жұмыртқа жасушасының екі сперматозоидтен ұрықтануынан пайда болады. Екі жұмыртқа жасушаларының екі түрлі сперматозоидтармен бір мезгілде ұрықтануынан дамыған егіздер бір-біріне онша ұқсамауы мүмкін. Себебі Әр түрлі жұмыртқа жасушалары мен сперматозоидтардағы гендердің үйлесімі түрліше болып келеді. Олар бір-біріне аздап ұқсас болғанымен, гендік қасиеттері әр түрлі болады.
Әлем елдерінде егіздердің туу көрсеткіштері әр түрлі. Мысалы, егіздер Қытайда, Жапонияда және Африка елдерінде көптеп туады. Ал Еуропа елдері ең соңғы орында.

Егіз балалардың анасына ерекше күтім қажет
Өмірге егіз алып келу, оларға күтім жасап, бағып-қағып өсіру оңай шаруа емес. Егіздер екі есе қуаныш сыйлағанмен, анасының бойынан екі есе қажетті микроэлементтер мен қорек алады. Ананың қан-тамыры, жүрек қағысы жиілеп, зәр шығару, ас қорыту жүйесі, т.б. көп күш жұмсалады. Егіздерді тоғыз ай бойы көтеріп жүрудің өзі ағзаға күш түсіріп, қалыпты процестердің бәрі өзгеріске ұшырайды.
Анасының құрсағындағы егізді ультрадыбыспен зерттеу арқылы жүктіліктің 6 аптасынан бастап ақ дәрігерлер анықтап бере алады. Әйелге егіз бала бітсе, ол емхананың әйелдер консультациясы бөлімінде ерекше есепке тіркеліп, денсаулығы қалыпты жағдайда жүктіліктің 36-аптасынан перзентханаға жатқызылып, жан-жақты күтімге алынады. Босанғаннан кейін де егіз сәбиге, анасының денсаулығына әлсін-әлсін тексерулер жүргізіліп тұрады.
Бұл жағдайда ана мен іштегі балалар дәрігерлер мен жақын туыстардың жіті қадағалауында болу керек.  Әйел адамның ағзасына қажетті дәрумендер, әсіресе кальцийді толықтыру, қан қысымын қадағалау басты орында болуы шарт. Екіқабат кездегі көңілшектік, жүйкенің жұқаруы, күйгелектік секілді сәттерге де жол бермей, ана мен балаларға тыныштық, сенім тудыра білу керек. 
Ананың ағзасына қатысты қызық жайт: бір рет егіз туған әйелде келесі жүктілігінде де егіз табу ықтималдығы екі еселенеді екен. Ғалымдардың айтуынша, екі ұрықты дамытып дағдыланған ағза тағы да егіздерді дүниеге әкелуге бейімделеді.

Екіден көп егіздер
Соңғы кезде елімізде екіден көп үшемдер мен төртемдердің де саны артып бара жатыр. Көп жағдайда мұны жасанды ұрықтандыру, технологияның мүмкіндіктерінен десек те, табиғи түрде туып жатқан егіздер де жетерлік. 
Дүниенің түкпір-түкпірінен түрлі деректер естіп жатамыз. Сидней қаласында тұратын Дералдина Бродерик деген әйел 1971 жылы бірден тоғыз бала тапқан. Малайзиялық әйел бір аптада екі рет босанып, 7 қыз табады. Мозамбектік бір әйел төрт ұл, бір қызды дүниеге әкелді. Мұндай таңдай қақтыратын егіздер туралы деректер өте көп.
Өткен ғасырларда алғаш екі егіз туғандар келесі жүктілігінде бала саны көбейіп, үштен-төрттен табатын жағдайлар көп кездескен екен. Қытай қазір бала санын шектейтін ел болғанмен, Хейун-тян уәлаятында тұратын бір әйел 59 баланы өмірге әкеліп, оның 40-ы өсіп, адам болған. Әйел төрт рет екі баладан, алты рет үш баладан туыпты. 1725-1765 жылдар аралығында Мәскеу маңындағы Шун деген елдімекеннің тұрғыны Федор Васильевич деген шаруаның бірінші әйелі алғашқы төрт баласынан кейін жеті рет үш сәбиден туып, өмірге 25 перзент әкелген. Шаруаның екінші әйелі де екі рет үштен, алты рет екіден 18 бала туған. Сол уақытта тағы бір шаруа – Карповтың да екі әйелінен 72 баласы болыпты. 
ХХ ғасырда Қытай, Испания, Африка, Бразилия елдерінде бірден 10 баланы туған деректер ресми тіркеліп, сақталған. 
Ал әлемдік статистика бойынша мамандары жоғарыдағыдай мәлметтерді келтіре отырып, егіздер туу құбылысы сиреп бара жатқанын айтады.

Егіз түйсік

Бір-бірінен аумайтын егіздерді екі жақта өсірсе, бірі ауырса, екіншісі де ауырып, бірі бір жағдайға тап болса, екіншісі де соған ұқсас жағдайда болатынын естіп жатамыз. Бұл туралы түсірілген фильм, жазылған әдеби шығарма, көркем дүниелер де жетерлік. Мұның бәрі шынайы құбылыс. Бірақ бұл туралы толық зерттеп, сырын ашып, құпиясын тапқан адам әзірге жоқ.
Айнымайтын егіздердің қызығу­шылықтары мен қасиеттеріне, қалыптасуына қашықтық та, ұзақ уақыт бір-бірін көрмей жүру де кедергі бола қоймайтын көрінеді.
Медицина ғылымының докторы Иван Усовтың зерттеуі бойынша, егіздердің 30%-ы әртүрлі ауруларды бірдей сезіп, қабылдайтын болып шықты. Игорь, Борис Фроловтар дейтін екі егіз баланың біреуі Минскіде, екіншісі Чебоксарыда тұрса да, екеуі де бір уақытта бірдей аурумен сырқаттаныпты. 
Егіздер ересек кезде тап болатын түрлі стресс пен депрессиядан шығу үшін сыңарын іздеп, соның жанында өзіне деген сенімділігін қайта арттырады екен. 
Егіздер бір-бірін іздеп, сағынып, бір-бірін қайталап қана қоймай, бір-біріне нағыз бақталас та болады екен. Олар өзге ортада лидер, елдің алдына шығатын, көпшілікті өзіне қарата алатын рухты адам болып қалыптасады. Егіздердің өз арасында бәсекелестік әйтеуір олардың өзгеше болып өсуіне әсерін тигізбей қоймайды екен.
Елімізде ғана емес, әлем бойынша да егіздерге бірдейсіңдер деген түсінікпен қарап, тәрбие беріледі. Оларды бірдей киіндіріп, бірдей арба, велосипед, бірдей сөмке ұстатып қояды. Бірақ олардың өзара бәсекесі, мен одан өзгешемін, мен басқамын деген индивид ретіндегі өзін бағалауына мән берілмейді екен. Соңғы уақытта психологтар егіздер тәрбиесінде осы жайтқа ерекше көңіл бөлу керектігі туралы айтып жатыр. 
Екеуіне, үшеуіне не төртеуіне бір адамсыңдар дегендей қарау, бағалау – олардың жеке дара тұлға болып қалыптасуын баяулатады. 
Бала кезінде оларды бірдей киіндіру ата-анасына, өздеріне де, өзгелерге де ұнайтыны рас. Бірақ жасөспірімдегі өтпелі кезеңнен бастап, өз талғамы мен қызығушылығын іздей бастайды. 
Егіздер өздерінің ерекше екендіктерін сезініп, бір-бірінің қызығушылығы мен ортақ қызығушылықтарына құрметпен қарайтын жағдайда өссе – нағыз тәрбие деп бағалауға болады. Егіз болу – ата-бабадан қалған тұқым қуалайтын қасиет, зор қуаныш, мақтаныш екенін де ұғындырып, қадіріне жету керектігін түсіндіріп қойған жөн.

Егіздер жарысы

АҚШ-та не жоқ дейсіз? Огайо штатындағы Твинсбург қаласында жыл сайын егіздер жарысы өтіп тұрады екен. «Твинсбург» деген атаудың өзі – егіздер қаласы деген мағынаны білдіреді. 1976 жылы алғаш өткізілген бұл жарыс осы уақытқа дейін мәні мен мазмұны қалыптасқан фестивальге айналған.  Жыл сайын 2-3 мыңнан астам әртүрі жастағы егіздер бұл қалада түрлі салада бақ сынасып, танысып қайтады екен. Қаланың ең ұзын көшесінің бойымен «Егіздер шеруі» өтеді. Бұл тамашаны көруге ағылатын туристер саны да жылда өсіп отырады. Міне, осылай егіздер өз артықшылықтарын өзгелерге көрсетіп, үлкен думан ұйымдастырады екен.


Жасан Зекейұлы,
м.ғ.д., профессор, академик
Жанна Иманқұл
журналист