ТӘУБЕ ЕТЕРІМ – ТӘУЕЛСІЗДІК


                                                (Шалқар радиосы)

                                                                     
    Құрметті оқырман қауым, жуырда халықаралық «Жас-Ай» медицина орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, Еуропалық медицина қауымдастығының Қазақстандағы ресми өкілі, Қазақстанның және Россияның құрметті азаматы, Республикалық Дәстүрлі медицина қауымдастығының президенті Жасан Зекейұлы ұлттың үн жариясы «Шалқар» радиосына Тәуелсіздік күніне орай арнайы сұхбат берген еді. Эфирге шыққан сұхбаттың толық нұсқасын назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық.  

   – Жасан Зекейұлы, сіз Қазақ елі Тәуелсіздік алғанда Елге алғашқылардың бірі болып табан тіреген азаматсыз. Бұл күнде еліміздің медицина саласында жемісті еңбек етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп келесіз. Тәуелсіз елде өткізген жылдарыңыз сізге несімен құнды, жалпы, ата-мекеніңіз сізге несімен қымбат?
   – Өздеріңіз білесіздер, әлемде 2500-ге жуық ұлт болса, солардың 220-ға жуығы ғана тәуелсіз мемлекет құра алыпты. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев алғаш Тәуелсіздікті жариялаған кезде мен де қазақ ұлтының бір азаматы ретінде өз отаныма ат басын бұрдым. Тәуелсіздік – алтыннан да қымбат ардақты ұғым. Біз үшін Тәуелсіздік демалып отырған ауамыз іспеттес. Сол себепті тәуелсіздік мерекесі – республикамызда белгіленген барлық мерекелердің ішіндегі ең бір ұлысы. Тәуелсіздік бізді тұтас әлемге танытты. Ол 18 миллион халықтың бейбіт, берекелі өмір сүруіне мүмкіндік жасап, осы күнге жеткізді. Тәуелсіздіктің арқасында Қазақ елінің Көк Туы қазір Біріккен ұлттар ұйымының түрлі елдерінің алып спорт сарайларының төрінде, саяси сахналарында желбіреп тұр. Тәуелсіздік болмаса мұның бәрі болмас еді. 
Біз шетелде, бірақ қазақтың өз жерінде қалсақ та Тәуелсіздікті аңсадық. Себебі біз осы Тәуелсіздік жолында күрескен, сонау қиыр шығыста қазақ елінің бір шет аймағын күзеткен батыр бабаларымыздың ұрпағымыз. Ол біздің өсіп өркендеуімізге, ұрпақтарымыздың жар­қын болашағ­ына шексіз мүмкіндік сыйлайды. Тәуелсіз өз еліңде өмір сүру, әлемнің дамыған қай елінде өмір сүргеннен әлде қайда артық әрі мағыналы. Мен Тәуелсіз елімде қазірге дейін 15 000-ға жуық адамға тегін ем жасаппын. 90 000-ға жуық науқасқа медициналық қызмет көрсетіппін. Яғни алдыма келген әр сырқат адамға қуаныш сыйлау мақсатыма әрі соның ішінде өз қара көз қандастарыма қызмет ету ұстанымыма осы Тәуелсіздік арқылы қол жеткіздім. 
   –    Сіздің анаңыз Шәрипа Қазезқызы алғаш шекарадан өткенде тебі­р­еністен көзжасына ерік беріпті. Мұны көріп тұрып сіздердің де көңілдеріңіз босаған екен. Осы бір жарқын сәтті әңгімелеп берсеңіз...
   –    Әлі есімде,  анам шекарадан өткен соң, жол жиегіндегі жусанды жұлып искеді де, тамырындағы топырақпен ақырын бетін сүртіп, жылап жіберді. Бұл Тәуелсіз Қазақ еліне деген сағыныш жасы болатын. Сол жерде тұрып, анамызбен бірге ел болашағы туралы тілек тілеп, дұға жасадық. Шын мәнінде өз басым, қазақ еліне не бере алам деген оймен келдім. Арғы бетте жүргенде анамыздың ақылын көп тыңдадық, «өз ұлтымызға, қара көз қандастарға бар мүмкіндіктеріңше қызмет етіңдер» деп жиі айтатын. Сол күнге жеткізуге ұрпағыма білім, ғұмыр бер деп, Құдайдан тілеуші еді. Анамыздың сол тілегі қабыл болған шығар қазірге дейін сол ұстанымнан тайған емеспін. Анамыз Елге деген махаббатын қалам арқылы білдіріп, терең тебіренісін «Сөнбес сәуле» атты кітапқа жазып, баспадан шығарды. Сол ғұмырнамалық жинағында Отанға деген, қазақ халқына деген сүйіспеншілігін әдемі өлең жолдары арқылы жеткізген тұстары бар. 
   – Сіз «бір науқас болса да, өз қазағымды емдесем» деген оймен елге келген жансыз. Қайырымдылық істермен де жиі айналысатыныңызды білеміз, көп жағдайда мұны жария етуді қаламайды екенсіз. Жалпы, Атажұртта әуелгі мақсатыңызға қол жеткіздіңіз бе?
   – Өзгеге жақсылық жасау әуелі Алланың разылығы үшін болу керек. Себебі біз пендеміз, Жаратушыдан рахым тілейміз. Өміріміздегі бар жағдай бір Алланың қалауымен ғана жүзеге асады. Біздегі жұмыс тәртібі – ұлттық болмысты құрметтеуге бағытталған. Имандылық, дәстүрден ауытқымау, тілді құрметтеу. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы алғаш жарық көргенде оның түп негізін, нені мақсат ететінін жақсы түсіндік. Оған өз тарапымыздан үлес қосу мақсатында Астана қаласында бас жүлдеге көлік тігіп, халықаралық дәрежедегі «Рух жаңғырығы» атты аламан айтыс өткіздік. Кейін «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына үн қосу мақсатында «Ұлы даланың емі» атты халықаралық конференция ұйымдастырып, Әль-Фараби, Ибн Сина, Өтейбойдақ бабаларымыздың еңбегін нәсихаттау, конференцияда оқылған ғылыми мақалаларды жинақтап арнаулы кітап етіп шығардық. Біздің Тәуелсіздікке береріміз әлі де көп. Көмегіміз ерекше зәру болған қаріп, ауру жандардың неше мыңына тегін көмек жасай алдық. 
   – Сіз елге келген 90-жылдар экономикалық қиын кезеңдер болатын. Халықаралық «Жас-Ай» медицина орталығын қазіргідей үш үлкен қалада филиалы бар үлкен компанияға айналдыру қаншалықты қиын болды? 
   – Қазақта: «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген әдемі мақал бар. Өзім «Рухы мықты адамның арманы биік, күш-қуаты мықты, денсаулығы да мықты болады» деген қанатты сөз жазып, кітабыма кіргіздім. Жалқаулыққа бой алдырмай, үздіксіз алға қойған мақсатыңа талпынсаң, сөзсіз дегеніңе жетесің. Алғаш Алматыға келгенде мені қолтығымнан демейтін ешқандай көкем, танысым болған жоқ. Б. Момышұлы даңғылы мен Төлеби көшесінің қиылысынан Қалқаман ықшам ауданындағы жатақханаға дейін 15 шақырым жаяу жүретінмін. Себебі кешкі алтыдан соң көше автобусы мен трамбай тоқтап қалатын. Такси кем дегенде 500 теңге сұрайды, бұл ақша менің үш күндік тамағыма жетеді. Шәкірт ақым 3000 теңге еді сол кезде. Осы азғана қаражатымды үнемдеу үшін екі аралықта қаншама жыл жаяу жүрдім. Қаншалаған аяқ киімнің өкшесін тестім. Егерде сол кезде осы қиындықтарға төзбесем онда мен базар жағалап кеткен болар едім. Онда менің ғылымым, дәрігерлік білімім жайында қалар еді. Бір күнде де базар жағаламай, сол қиын кездерді еңсеріп, өз дегеніме жеттім. Өткен өмірім кейінгі ұрпағыма үлгі болсын, менің қызмет жолымнан тәжірибе алса екен деп ойлаймын.  Тәуелсіздік бізге оңай жолмен келген жоқ. Қазақтың басынан өткен ғасырдың соңына дейін нәубет кетпеді, көзіміз ашылып, кең көсіле шуып, кең тыныс ала бастағанымызға міне – 28 жыл. Сол үшін Тәуелсіздікті даңғаза тойлап емес, терең ойлап, тарихымызға бойлап өткізгеніміз дұрыс. Алғаш Астананы Сарарқаның төсіне көшіргенде мұнда қазақтың бас қаласы бой көтеріп тұратынына ешкім де сенген жоқ. Сазды, батбақты жер болды. Қазір Елордамызға қараңыз, жарқырап, жайнап тұр. Бәрі де тарих үшін қасқағым сәтте аяқталды. Сол үшін жастар өмірін бүгінмен өлшемей, болашаққа деген зор сеніммен, қажырмен өлшеу керек. Олардың жарқын өмірі алда. 
   – Сіздің өмірбойы зерттеген тақырыбыңыз дәстүрлі медицинаны негіз еткен екен. Осы жүйе қазір елімізде тек қана мамандық емес, үлкен бір ғылыми салаға айналып барады, осы жүйенің ғылыми тұрғыда даму барысы қалай болып жатыр?
   – Менің шығыстық емдерге деген қызығушылығым университет қабырғасында жүргенде басталды. Дәстүрлі медицинаның білгірі Сунь деген жетекшім болды, сол кісіден көп тәжірибе алдым. Қазақта көп таралған «Қылтамақ» деген дерт бар, өңештен шығатын қатерлі ісік. Осы тақырыпты қаузаған біраз ғылыми мақалаларым баспасөзде жарық көрген соң, университет ұжымы менің осы тақырыпты жазуыма қызығушылық танытты. Кейін осы тақырыпты кең көлемде, жүйелі түрде зерттеп, Аспандияров атындағы университетте диссертациялық жұмыс қорғадым. 
   Қазақта «біткен іске сыншы көп» деген сөз бар. Біздің атқарып жатқан ісімізге сын айтқан адамдар көп болды. Бірақ көп адам осы күнімізге жоғарыдағыдай қыиын сәттерді сабырмен еңсеріп, біртіндеп жеткенімізді ескермейді. Неше күн ас ішпеген күндеріміз болды, түн бойы ғылыми жұмыстар жазып, жарғақ құлағым жастыққа тимейтін кездерім көп болды.  Солай бола тұрса да қолымнан кітабымды тастамадым, ойымнан мақсатымды ада қылмадым. Қазір 4 медициналық патенттің иесімін. 500-ден астам ғылыми еңбекті жарияладым. Соның ішінде Сызғанов ғылыми зерттең орталығында «Отадан кейінгі асқынуларды шығыстық тәсілдермен емдеу» атты ғылыми диссертацияны қорғадым. 2012 жылы жүйке жүйесі дертіне шалдыққан науқастарды дәрісіз күйзелістен шығаруды негіз еткен докторлық диссертациямды Ресей елінде қорғадым. Мұның барлығы тынымсыз еңбектің нәтижесі. Республикамыздағы үш қаладағы орталықтарға апта сайын барып, науқас қабылдау оңай шаруа емес. Сол тынымсыз еңбектің арқасында 500-ге жуық адамға жұмыс беріп отырмын, мұның бәрі мен үшін үлкен жауапкершілік. Сол үшін де әрбір минутымды құр босқа жібергім келмейді. Бастысы қаншама халық менің келгенімді күтіп, дертіне шипа іздеп, үміттеніп отырады. Алланың қуатымен солардың көбі аяққа тұрып кетті. Мен үшін бұдан үлкен қуаныш жоқ. Қазірге дейін 8000 отбасына бала сүю бақытын сыйладым, 5000-ға жуық ДЦП дертіне шалдыққан баланы орнынан тұрғыздым, 3500 беломыртқа жарығымен келген науқасты отасыз орнына қойып бердім. Осы еңбек тәжірибемізді негіз етіп, 3 ғылыми оқулық құрастырып, баспадан шығардым. Сол кітаптарымдағы теорияларды шәкірттеріме талмай үйретіп жатырмын. Олар содан алған білімі арқылы өліп қалған нерв клеткаларын алтын ине қондыру арқылы қайта жандандырады.
  – Үнемі ізденісте жүресіз, аты әлемге мәшһүр даналардың еңбегін жиі оқиды екенсіз...
   – Кітапты көп оқитыным рас, жай ғана оқып қоймай, ондағы көңіліме жаққан сөздерді қағазға түрте жүремін. Кейде тіпті Алла аузыма салғандай бұрын қағаз бетінде болмаған ойлы сөздер аузымнан шығады. Сол негізде өзімнің ойыма түйген қанатты сөздерді де жинақтап шағын кітап етіп шығардым. Ондағы ойым аз болса да жастарға өнегелі іс, сөз қалдыру. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейтін халықпыз ғой. Бұдан сырт Елбасымыздың саясатына үн қосу мақсатында «Тәуелсіздік – тағдыр сыйы», «Елдік пен ерлік» атты еңбегім жарық көрді. Осы арқылы Тәуелсіздіктің шексіз құдіретін жас жеткіншектердің санасына сіңіре беру. Олар Отаншыл, ұйымшыл, иманды болып өссе, біздің еңбектің еш кетпегені. Рухы биік ұрпақ жерге қаратпайды, тән рахатына салынып кеткен жастар көп қазір, рухы пәс, жігері мүжілген мұндай адамдар қоғамның нағыз вирусы. Ал оларды  емдеу, қоғамды тазарту осы баспасөз арқылы, кітаптар арқылы, түрлі электронды ақпарат көзі арқылы жүзеге асады. Сол үшін де өзімнің қаржыландыруыммен «Жас-Ай» мед­ицина­лық, ғылыми-сараптамалық және танымдық журналын шығарып келемін. ЖОО-на арналған бірнеше ғылыми, медициналық оқулықтар шығардым, баспа сөздерде, теле-радиоларда жиі сұхбат беремін, барлығы да осы жастардың санасына аз болса да сәуле салу. Жалпы, Тәуелсіздік жер бетіндегі күллі қазақтың бақыты. Сол бақытымыз баянды болсын! 

Сұхбаттасқан, 
Ләззат Тиышбекқызы