ҰЛТТЫҢ САУЛЫҒЫ ҮШІН КҮРЕС БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ


Жасан Зекейұлы,

медицина ғылымдарының докторы,

профессор, академик

 

ҰЛТТЫҢ САУЛЫҒЫ ҮШІН КҮРЕС БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ

(радиосұхбат)

 

– Жасан мырза, қазір әлемді жайлаған індет халықтың еңсесін түсірді, халықтан күй кетті. Әр таңда өлім-жітімге көңіл айту жүректі сыздатады. Сіздіңше, бұл дерттен айығудың қандай жолы бар, алдын алудың ең тиімді амалы қандай, нақты әрі ашық айтсаңыз...

– Коронавирус адамзат тарихында бұрынды-соңды болмаған жылдамдықпен тарап, зардабы мен жұғу көлемі аса ауқымды жағдайға алып келді. Егер сіз дертті жұқтырсаңыз, көңіл-күйді тұрақты ұстау маңызды екенін ұмытпаңыз. Себебі, дертке қарсылық қуаттың қалыптасуы көңіл-күйдің тұрақтылығына байланысты. Артық уайым адамды рухани жақтан жеп қоюы мүмкін.

Ковидті емдеудің халықтық жолын әлеуметтік парақшаларымда, орталықтың сайтында, «Жас-Ай» медициналық журналында жиі айтып келем. Алайда, тағы да үздіксіз ақпар беріп отыру артық болмайды. БҰҰ вирустан сақтанудың ортақ ережелерін бекітіп, емдеу негіздерін жасады. Соған сай, біз де ұлттық негізде, аталмыш дерттен қалай сақтану, отбасылық жағдайда қалай ем қабылдау жолдарын ұсындық. Соның нәтижесінде ауылдардағы қарапайым халықтың көбі, дерттің жеңіл түрін дәстүрлі емдерді қолдану арқылы жазды.  Дегенмен, бұл ауруды емдеудің нақты жолдары әлі табыла қойған жоқ, бірақ емханаға баруға жағдайы жоқ, болмаса алыс жол жүруге жарамсыз адамдар үшін мүмкіндігінше сақтану жолдары мен қарапайым емдік тәсілдерді айтып түсіндірудің артықтығы жоқ деп ойлаймын. Жеңіл түрінде осы тәсілдер арқылы біртіндеп аурудан айығуға болатынына көз жеткізген сияқтымыз.

          – Дерттің қауіптілігі неде деп ойлайсыз?

        – Дерттің қауіптілігі оның аса тез жылдамдықпен тарайтындығында. Сосын ағзада белгілі мөлшерде жасырын өмір сүріп, сол аралықта өзгелерге де жұғатындығы. Коронавирус қатты денелерде қалыпты температурада екі күн бойы сақталып тұруы мүмкін. Айталық, есік тұтқалары, темірлер, т.б.

         Ал науқас маскасыз күйде түшкірсе, ол түшкірген аумақта вирус алты сағат бойы тұра алады екен. Демек, үлкен сауда орталығына кірген науқас бір рет түшкірсе, сол орталықтағы 90 пайызға жуық адам жұғымдануы мүмкін. Маска тақпай жүрудің қауіптілігін осыдан аңғарсақ болады. Оның үстіне қазір қарттардан бастап, кішкентай балаларға дейін жеке телефон пайдаланады. Одан шығатын зиянды радиация вирусты тіпті де активтендіруі мүмкін, сол үшін қолымыздағы телефонның бетін жиі тазалау, мүмкін болғанда уақытша пайдалануды  тоқтата тұрған дұрыс. Ерекше атап айтар жағдай, халық мұндай кезде қолма-қол ақша арқылы айырбас жасаудан, түрлі жиын-тойға барудан сақтанып, әркім өз жеке отбасының тазалығы мен амандығына назар аударуы керек. Біздің Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығы осыны ескеріп, бір бөлмеге бір адам жатқызып емдеуді жөн көрдік.

         – Науқас вируспен жұғымдалғанын қалай біледі, алғашқы белгілері қандай болуы мүмкін?

      – Індеттің негізгі белгісі жөтел, дене температурасы көтерілу, әлсіздік, тамаққа тәбет тартпау. Бұл кәдімгі тұмаудың белгілерімен бірдей. Мен көрген көп адамдар, қарапайым тұмуды осы дертпен шатастырып, рухани жақтан өз-өзін тастап жібергендер болды. Ал коронавируста вирус ішекке әсер етсе, іш тоқтаусыз өтеді, бас ауырады, тамағы ауырып, қақырып, асқазан қызметі қалыпсыз болады. Егер науқаста бұрыннан келе жатқан созылмалы дерт болса, онда індет алдымен сол ағзаларға шабуылдайды. Бұл науқастың халын үш есеге ауырлатып жібереді. Нәтижесінде емдеу өнім бермей қалуы мүмкін.

            Бір жаманы адамдар қазір карантиндік шараларға байланысты үйде отыр, қимыл-қозғалыс аз. Негізі осы кезде ыстық күн нұры астында дене әрекетін бұрынғыдан екі есеге арттырып жасау қажет еді. Денеден қаншалықты мол тер шықса, бұл науқасқа соншалықты пайдалы. Өкінішке орай, адамдар әлеуметтік орындарда, отбасында дене әрекеттерімен айналысып, иммунитет қуатын арттыруға мүмкіндік таппай отыр. Осы жағдайға байланысты тұрақты емделушілерімізден тыс кейбір қарттарымызға орталығымызда 20 минут иммунитетін көтеру мақсатында тегін ине қойып беріп жатырмыз. Дұрыс қойылған ине бір адамға бір ай дене әрекетімен шұғылданғандай энергия беріп, жан каналдарын ашады.

        – Организмді қалай қалпына келтіруге болады, оның жүйесі қандай, биоэнергия деп нені айтамыз, иммунитет дегеніміз не?

        – Иммунитет деп ауыз екі тілде қолданамыз, бұл халықаралық термин. Яғни, ауруға қарсылық қуат. Мұны көп дәрігерлер тәнге қатысты айтады. Өз басым жан, рух, тән осы үш заттың бірігуімен байланыстырамын. Осы үшеуін қуаттандыруға тек қана ішкен тамақ пен қабылдаған дәрі-өкіл емес, өзге де энергия көздерін пайдаланамыз деп есептеймін. Себебі жер шары, ондағы барлық жаратылыс өзге ғаламшарлардан қажетті энергия қабылдайды. Айталық күннен, айдан, жұлдыздан. Күннің нұры – түрлі микробты өлтіретін табиғи қуат көзі. Оның күллі жаратылыс атаулыға өмір сыйлап келе жатқан ғажап энергиясы бар. Ай – бүкіл теңіздегі тіршілік атаулының қалыпты өмір сүруінің кепілі. Жұлдыздардың да бізге берер энергиясы мол. Ал жер – біздің тіршілік ортамыз. Әуелде Алла рухымызды бойымызға дарытпас бұрын бізді топырақтан жаратқан жоқ па? Демек, топырақ яғни жер біздің негізгі энергия қабылдайтын көзіміз. Топырақтың кейбір вирустарды өлтіріп, адамға қуат беретіні ғылыми дәлелденген. Жер қойнауындағы түрлі элементтердің барлығы адам бойында бар.

            Біздің тәніміз осылардан жеткілікті энергия алғанда ғана, толық ауруға қарсылық қуатын сақтай алады. Бұлар жаратылыс атаулының ұзақ жыл өмір сүруінің кепілі ретінде тұрақты энергия бөлетін көздер. Адамдарда осылардың қызметі үшін алаңдаушылық, сенімсіздік ешқашан болған емес. Мұндай рухани сенім бәрімізге қуат беріп тұр. Олай болса, Алланың жаратқан нығметінен күш алып, рухани таза болу, оған сенім арту қалыпты өмір сүрудің негізі.  Біздің дене күшіміз, яғни иммунитетіміздің мығым болуы жоғарыда айтылғандармен тығыз байланысты.

        Біз күн нұрымен қатар, топырақтың да вирусты өлтіру қабілеті бар екенін айттық. Сол сияқты табиғат аясында таза күйінде сақталған кез келген заттың өзіндік пайдасы бар. Мұны азық-түлікке қарата айтып отырмын. Пандемия кезінде күнделікті көп мөлшерде су ішіп тұру маңызды екенін білдік, егер мүмкін болғанда таза бастаулар мен қайнарлардың суын бөлме температурасында ішсе, бұл да науқасқа қосымша ем болар еді. Болмаса, магнит таяқшаларын суға ұзақ уақыт малып қойып, магниттелген суды ішу қажет. Бұл қазақша айтсақ тірі су, яғни ішінде мол минералы бар табиғи ауыз су. Ал суды қайнатып оның ішіндегі кейбір минералдарды өлтіріп барып ішу, бастаудың суын қайнатпай ішкенге қарағанда өнімі аз болады. Орталығымызда «Жас-Ай» минералды суы бар. Науқастарға дәрі-дәрмек ішуге, ем қабылдау кезінде тұрақты ауыз су ретінде пайдалануға беріледі. Осы суды біз терең жер асты суын сорғызу арқылы жасап шығардық. Қайнатып болмаса, биологиялық тұрғыдан артық өңдемей барынша табиғи қалпында минералдарын сақтай отырып дайындаймыз.

Организмді тазалаудың ең тиімді тәсілі қандай?

Ағзаны күтіп, ас жолын тазалау науқасқа қарай, адамына қарай әр түрлі қолданылады, әсер етуі де ұқсамайды. Қысқа ғана бірнеше түрін айтсақ, таңертең орнымыздан тұрған соң бір стакан жылы суға бір шай қасық сода қосып, тамақтан қырық минут бұрын ішсеңіз, көп өтпей дәретіңізде өзгеріс болып әсер ете бастағанын байқайсыз. Кейбір науқастарға кәдімгі сұлының суын күніне 1,5-2 л. ішу керек. Болмаса құрттың қайнаған суын күніне қажетті мөлшерде ішсін. Ал жасөспірімдерге, балаларға бауыры таза жас малдың қарнын түктетпей, сол күйінде тазалап жуып, екі сағат мөлшерінде қайнатып, сорпасын ішкізу керек. Себебі мал көбінде жусан, т.б. шөптерді жейді. Жусан ағзаны тазалап, микробтарды өлтіреді. Бұл туралы менің дәрілік шөптер кітабымда түсінікті, жан-жақты жазылған болатын...

  • Қазір түрлі жеке емханалар емделуі  қиын дерттерді  емдеп сауықтырамыз деп жиі жарнама жасайтын болды. Солардың бірі ақ қан ауруы. Сіздіңше шынымен де аталмыш дерттен тез айықтыратын өзге амал бар ма?

Негізі ақ қан ісігіне шалдыққандардың емдеп жазылғаны әлем бойынша өте аз шығар. Әрине емі бір Құдайдан. Себебі бұл иммунитеттік қуатқа байланысты дерт. Оны емдеудің халықаралық негіздері де қалыптасқан. Асқынған түрінде науқасты жүз пайыз сауықтырып орнынан тұрғызу мүмкін емес. Егер осы ауруға шалдыққан өзіміздің қандастарымыз болса, көңіл-күйді жақсы сақтап, қойдың бауырын шала қайнатып жеп, айран, құрт, қымыз, шұбат сияқты адамға күш-қуат беретін өнімдерді тұтынып, пайдалы дене әрекеттерімен шұғылданса дертке жақсы әсер етеді.

–  Бірнеше  ғылыми еңбектердің авторысыз, даналар сөзі негізінде жеке қанатты сөздеріңіз жазылған кітап шығардыңыз. Соның ішінде «өзіңнің кім екеніңді айтпа» депсіз. Нені көздедіңіз?

– Бұл бір қарапайым ғана түйін сөз. Өзіңді артық мақтағаннан гөрі, сүбелі ісің арқылы дәлелде деген ойдан туған. Жалпы адам рухани мүгедек болмауы керек. Жастарымыз көп жағдайда ұлттық тарихына, тіліне, дініне немқұрайлы қарайды. Кеңес кезінде біз бұл құндылықтардан тіпті де алшақтап қалдық. Рухымызды құрт жеп жатса, тәніңіздің сау жүргенінен не пайда?! Шекарамыз шегенделді енді бізді жау алмайды деп жүре берсек қателесеміз. Өзге елді жаулаудың жолы көп, дін арқылы, тіл арқылы, жастарды жаһандық сұм мәдениетке еліту арқылы. Ғылым мен білім арқылы да жаулап алуға болады. Ал ұл-қыздарымыз осы күреске дайын ба?! Жоқ, біздегі көп жастар әлі бейқам. Кілең рухани жұтаң жастарды жетілдіре берсек, ертең өзге ел бізді қалпақпен ұрып алады. Сол себепті бабамыз «жатқа жараңды білдірме!» деп кетті. Менікі де осы ашынудан туған ой.

– Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегінің түп нұсқасын қытай халқы қолдана ма?

– Жалпы, ханзу ұлты ішкі саясатын сыртқа шашпайтын, оқу-ағарту ісіндегі көп мәселелерді жабық ұстайтын мемлекет. Олар ұзақ жылдық жазбаша тарихына сүйеніп, өз территориясындағы басқа ұлттардың мәдениетін, қолөнерін, ғылыми жетістігін,  халықтық емдік тәсілдерін, ортақ қазынамыз деп қарайды. «Шипагерлік баян» сол елде басылып, алғаш сол жақта тарады. Сол себепті ондағы көптеген рецептерді әрине олар пайдалана алады. Өтейбойдақ бабамыз өмір бойы дәрілік өсімдіктерді іздеді, мекен еткен жері қазіргі Қазақстан территориясы. Өзіңіз білесіз, әр жердің климатына, тау-өзендеріне қарай бір жерде өскен өсімдік екінші елдімекенде кездеспейді.

  Олардың ұлттық дәстүрлі медицина ретінде пайдаланып жүрген кітаптарындағы көптеген дәрі шөптер әрине осы шығыс халықтарының, оның ішінде біздің Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз, Өтейбойдақ бабамыз сияқты ғалымдардың еңбегінен алынуы да мүмкін. Олардың Хуаң хы, Шаң жияң сияқты өзендерінің бойы мен арғы теңіз жағалауларында, тауларында Орта Азияда болатын біраз шөптер өспейді. Мұның бәрі үлкен ғылыми топтың ұзақ жыл еңбектенуіне татитын жағдай...

– Сіз дәрігер ретінде ғана емес, табысты кәсіпкер ретінде де танымалсыз. Пандемия экономикамызға, халықтың әл-ауқатына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

Қазақта «қасқырлы жерде қой өсер» деген тәмсіл бар. Бұл дерт халықты тіпті де ширата түскен сияқты. Уақытты қадірлеуге, еңбек еткен күндерін құрметтеуге, бастысы денсаулықты аялай білуге үйретті деп ойлаймын. Сондықтан «бәрі құрдымға кетті, экономикамыз әлсірейтін болды» деп, қорықпай, керісінше, тіпті де белсенді болуға тиіспіз. Экономика дегенде көп адамдар ақшаны ойлайды. Меніңше ақша нағыз байлық емес екенін ұқтық. Нағыз байлығымыз денсаулық, өз рухымыз. Ал қалғаны біртіндеп қалпына келеді.

Көп адамдар батыстық медицина мен дәстүрлі медицинаның арасында байланыс жоқ деп ойлайды, бұл дұрыс па?

– Дәстүрлі медицинаның тамыры терең, тарихы ұзақ. Ол – халық жадында мәңгілік дамып, өркендей беретін сала. Ал батыс емінің бір жүйеге келгеніне – 300 жыл. Негізі мақсат адам денсаулығы болғандықтан, екеуі бір-бірін толықтырып отыруы керек. Кеңес кезіндегі атеистендірумен қатар, ұлттық құндылықтарымызға да шабуыл жасалды. Сол кезде ғасырлар бойы бізді түрлі дерт-дербез, індет, жарақат, сынықтардан аман алып келген қазақ медицинасы да ұмытыла бастады. Бұл саланың небір білгірлері қудаланды. Құдайға шүкір қазір, дәстүрлі медицинаға мемлекетіміздің қамқорлығы арта бастады. Алдағы күнде жүйелі түрде заңдық негіздері жасалса құба-құп. Халық қалай болмасын бұл емнен ажырай алмайды. Оған біз қолданып келе жатқан алтын ине, қан алу, сынықшылық, шөп арқылы емдеу, нүктелі уқалау, от банкілер арқылы суықты шығару, ашығу арқылы ағзаны тазалау т.б. барлығы кіреді. Қарап тұрсаңыз, бұл да бір үлкен сала. Енді егемен елде осы саланы барынша дамыту баршамызға міндет.

– Қазір дәріханаларда сатылатын дәрілердің түрі өте көп. Көп адам дәрігердің кеңесінсіз алып ішіп жатады. Сіздіңше бұл жағдай дұрыс па, бұл дәрілер шынымен де дертті емдей ала ма?

–  Коронавирусты емдейтін дәрі әлі табылған жоқ. Дәріні дәрігердің нұсқауынсыз сатып алғанға қарсымын. Мөлшерден артық дәрі ішу ағзаға зиян. Бір дертіңізді емдегенімен келесі бір ағзаңызға кері әсер етеді. Сол себепті біз айтып отырған дәстүрлі емдік шараларға көбірек жүгінген пайдалы. Әрине дерт асқынған жағдайда халықаралық біртұтас белгіленген емдік жүйе негізінде ем алу керек. Бірақ емханаға бармай өз бетімен дәрі ішу қауіпті болуы мүмкін. Одан да ұлттық азық-түліктерді, қымыз, шұбат, тұздалған сары май, құрт сияқты өнімдерді көп тұтынса, іштегі вирусты айдайды. Орталығымызда кейбір науқастар терлей алмағанда, бөдененің сорпасын жұмыртқасымен қосып  береміз. Нәтижесінде науқас жақсы терлейді әрі иммунитет қуаты артады. Сосын науқастарға арнаулы мейірбикелерді жұмылдыру арқылы тыныс алу жаттығуын жасатамыз. Індет кезінде өкпесі қабынған науқастарға мұндай жаттығу аса қажет. Жалпы қозғалыс ол – өмір. Сол үшін дертке шалдыққанда қозғалыссыз жата бергеннен гөрі қимылдап, дене әрекеттерімен шұғылданып, қан айналысын тездетуге тырысу керек.

– Өмірде қандай арманыңызға қол жеткізе алмай келемін деп ойлайсыз?

– Армансыз адам жоқ қой. Әр адамның арманы әр түрлі. Кәсібіңізге қарай, болмаса жасыңызға қарай арман әртүрлі болады екен. Қазіргі мына жағдай талай жанның арманына тұсау салып, ойын кері өзгерткен шығар. Мүмкін болса, ұлтымыздың иммунитеті негізінде осы дертке қарсы тұра алатын дәрумендер ойлап тапсам деймін. Әрине барлығын уақыт көрсетеді.

Әумин, арманыңызға жетіңіз!

 

 

Гүлнұр ОМАРХАНҚЫЗЫ,

«Шалқар» радиосы