Жасан Зекейұлы,
м.ғ.д., профессор, академик,
ҚР Денсаулық сауқтау ісінің үздігі,
Оксфорд Академиялық Одағының және Еуропа медициналық
қауымдастығының докторы, «Құрметті профессоры»,
Халықаралық «Сократ», «Гиппократ»,
Біріккен Ұлттар ұйымы Халықаралық «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері
МЕЙІРІМДІЛІК ЖОҒАЛҒАН ЖЕРДЕ МӘНДІ ТІРШІЛІК ТЕ ЖОҒАЛАДЫ
– Құрметті Жасан Зекейұлы «Мейірімділік жоғалған жерде мәнді тіршілік те жоғалады, өйткені Алла-Тағала бүкіл дүниені мейіріммен жаратқан» дейтін қанатты сөзіңіз бар. Осындай қорытынды ой түюдің мәні мен мағынасын ашып айтып берсеңіз?
– Әрине, бұл қанатты сөзді мен үнемі айтып жүремін. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Алланың адамдарға сыйлаған керемет нығметінің бірі де – осы мейірімділік. Мейірімділік ұғымының ауқымы кең, қамтитын мазмұны ұшан-теңіз. Отбасын, отанды, тіпті жер бетіндегі адамдар арасындағы қарым-қатынасты көзге көрінбейтін нәзіктігімен ұстап тұратын да осы ұғым. Бұл туралы хакім Абайдың да ой түйгенін білеміз. Онда ғұлама:
«Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ» деп айтып кетті емес пе?!.
Мен қоғамда қаншама ғалым, ақын-жазушы ағалармен дәмдес-тұздас болдым, қазір солардың біразы бұл өмірде жоқ, пәниден бақиға аттанып кеткенін сен де көріп, біліп жүрсің. Сондықтан да бәріміздің де өмірге қонақ екенімізді сезіп, әрқашан да жақыннан жанашыр боп, қамқорлық танытып жүргеніміз әбзал деп білемін. Бұл туралы да дана Абайдың:
Алдыңғы толқын ағалар,
Артқы толқын інілер.
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер, – деген философиялық тұжырымына тоқталмай өте алмаймыз. Бірге туған аға-бауыр, іні-қарындас, тіпті өмірге әкелген әке-шешеміз де бір-біріне қонақ екенін уақыт дәлелдеді, сол себепті де жүректен мейрімді өшіріп алмауға тырысуымыз керек.
Мейірімділік жоғалған жерде адамзатқа қауіп төнеді, жер-анаға зобалаң әкеледі, әлемді қанағатсыздық билейді, ашкөздік жайлайды, жай халық сорлайды, бейбіт өмірдің шырқы бұзылады, етжақын туыстардың арасы ашылып, бір-біріне жаулық тілейді, тіпті дұшпан да болады. Сондықтан адамзат өзара мейірімді болғаны жөн.
Медицина дәлелдеген бір заңдылық бар – мейрімділікпен адамға түскен рухани қысымды азайтуға болады, көңіл-күй тұрақты болған жерде, жүрек, қан тамыр аурулары болмайды. Мейірімділік бастауын иманнан алатындықтан, жүрегінде иманы бар адамда міндетті түрде мейірімділік болады деп қабылдаймыз. Халқымыздың бір адамды көріп, көңілі толып, мейірі түскенде «иманжүзді адам екен» деуі содан. Өйткені олар обал мен сауаптың не екенін біледі. Мейірімділіктің негізі отбасында, әке-шешенің тәрбиесі негізінде қалыптасады. Халқымыздың «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақалы бар. Бала үйде ізгілік пен мейірім шуағына бөленсе, ержеткенде сол негізде тұлға болып қалыптасады. Сондықтан да отбасы арасындағы мейірім, атап айтқанда ата-ана мен балалары арасындағы, балалардың өз арасындағы сыйластықтың маңызы ерекше. Қазіргі мынау ғылым-техниканың ұшқан құстай дамыған заманында әлем елдері несімен мақтанады? – деген сұрақ туады. Біздің білетініміз – ғылымымен, техникасымен, ғалымдарымен мақтанады. Онда әкімі ғалымын, ғылым адамын іздейді. Сондықтан біздің елдің билік басында отырғандары да бюрократияға жол бермей, жемқорлықтан бойын аулаққа салып, табиғи жер үсті байлығы саналатын қасиетті дәрі шөптер мен жер асты байлығын жеке өзіне ғана емес, қара халыққа да пайдасы тиетіндей іс істеуі тиіс. Жемқорлық күшейген жерде шағын-орта бизнестің ашылуына тосқындық көп болады да, осы саланың дамуына кедергі келтіреді. Бір сөзбен айтқанда билік басында отырған азаматтар халыққа мейірін төге білуі мен бірге, әр адам жеке мүддесін халықтан жоғары қоймағаны жөн.
Елімізде тұрмыс деңгейі төмен, жағдайы нашар, аурып-сырқап қалған отбасыларға мемлекет тарапынан, белгілі бір қоғамдық ұйымдар мен жекелеген қорлардың атқарып жатқан жұмыстарын күнделікті ақпарат көздерінен көріп-біліп отырмыз. Біреудің еміне қаржы жинап берсе, тағы біреулерін азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз еткенін, тіпті баспанаға дейін алып беріп жатқанын білеміз. Осындай игі шаралардың негізі де мейрімділікте жатыр. Тіпті мемлекеттер арасындағы гуманитарлық көмектердің де негізі мейірімділік пен қайырымдылықта деп айта аламыз. Мейірімділік – күннің шуағы секілді, жүрекке жылылық бағыштайды, адамдардың өзара жанашырлығын оятып, құрметтеуге жетелейді.
– Өткен жыл тұтас адамзат баласына шын мәніндегі ауыр сынақ болды. Денсаулығы үшін Жаратушыдан жарылқау, ақ халатты абзал жандардан мейірім, көмек қажет етті. Республикамыздағы ең танымал, іргелі жеке меншік емхананың басшысы ретінде Отандастарыңызға қандай деңгейде көмек көрсетіп, мейірім бағыштай алдыңыз?
2020 жылдың адамзат баласына үлкен сынақ әкелгені белгілі. Әсіресе, әлеуметтік сала қызметкерлеріне, мұғалімдерге, соның ішінде ақ халат киіп, халықтың жанына жанашыр болған дәрігерлер үшін тіптен ауыр соқты. Емханада өз қызметін адал атқарып жүрген абзал жандардың мойынындағы жүктемесінен тыс, одан неше есе артық салмақ салғаны да белгілі. Бір жылдың ішінде халықтың санасында дәрігерлердің орны қандай болғанын сезіндік. Бүгінгі дамыған заманда, бейбіт қоғамда тосыннан келген, көзге көрінбейтін тәж тажалдың тырнағынан халықты арашалап қала алатын тек дәрігерлер ғана екеніне көздерін жеткіздік, өзімді де осы саланың маманы ретінде мақтаныш етемін. Әріптестерімді қарусыз майданда, тілсіз жауға төтеп берген бүгінгінің қас батырлары деп бағалаймын. Отбасынан жырақтап, ауырған жандардың шыбын жанына медет беру үшін өз өмірлерін арнады. Біраз білікті мамандар, танымал ғалымдар осы аурудың құрбанына айналып кете барды. Біздің қоғамда медициналық мамандықтың болашақта тіптен сұранысқа ие болатынына халықтың сенімі артты. Бүгінгі техниканың қарқынды дамыған кезеңінде, әлем қарумен емес, ғылыммен тайталасқа түскен дәуірде біздің мамандықтың беделі артпаса кемімейді. Биологиялық қаруларға да төтеп беретін осы медицина ғылымы деп ойлаймын.
Елді қинаған бұл ауыртпалықты да халық болып көтере білдік, Алла қаласа, бұдан құтылатын күн де алыс емес. Халқымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білді. Мемлекет те қаржылық жағынан, заттай көмектер жасады. Антына адал дәрігер ретінде біздің медициналық орталық та «дауылға қарсы ұшқан қырандай» қайсарлықпен қызмет ете білді. Орталықтың ұстанатын емдеу ерекшеліктеріне сай, білікті мамандармен бірге науқастардың сұранысына орай, олардың отбасына барып та, әрі орталықта да тұрақты қызмет көрсетіп отырдық. Өзім де пандемияның асқынған кезінде, елдің еңсесін басқан ауыр жағдайға қарамастан «Қазақстан», «Астана» телеарналары мен «Қазақ» радиосы, «Шалқар» радиосы қатарлы ақпарат құралдары арқылы вируспен жұғымдалып жатқан ауруларға үздіксіз, алдын алу және емдеу шаралары жөнінде тұрақты түрде медициналық кеңес беріп отырдым. Орталығымыздың емдеу тәжірибесіне сай, дәстүрлі медицинаны заманауи медицинамен тең дәрежеде заң жүзінде енгізуге ықпал жасадық. Практика жүзінде жинақталған 15 хаттаманы Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамасына енгіздік, соның ішінде науқастың дене температурасы 38 градустан аспаған жағдайда антибиотик дәрі-дәрмектерді қолдануға болмайтыны жөнінде шектеу жасадық. Оның қажеттілігі күні бүгінге дейін күшін жойған жоқ. Бұл туралы дәрігерлер мен емделушілердің қазірге дейін алғысын алып келемін. Пандемия кезіндегі орталық қабылдаған іс-шара аясында 700-ден астам науқасқа тегін дәрі-дәрмекпен емдедік. Кейбір бағасы қолжетімді емес вирусқа қарсы қолданылатын дәрі шөптерді шетелден алдырып, өмірлерін сақтап қалуға ерекше үлес қостық. Ардагерлер мен зейнеткерлердің ауруға қарсылық қуатын арттыру мақсатында қуаттандыратын сумак тұнбасы мен жиншин қатарлы табиғи дәрі шөптер ұсындық.
Вирустан алдын ала сақтану мақсатында келген емделушілердің алтын ине арқылы ағзаларының қызметін күшейтіп, иммунитетін арттырумен бірге, бойын үрей жеңіп, өз бетімен ем қабылдағысы келген науқастарға да психикалық тұрғыдан көмек көрсетіп отырдық. Коронавирус көп жағдайда өкпе мен өзгеде ағзаларды, әсіресе, бүйрек, жүрек және қан тамыр жүйесін зақымдайды, тканьдарын өлеттендіреді. Ал біз пайдаланып жүрген алтын ине мен дәрі шөптер қоспасы осы ткандарды қайта жандандырып, қан тамырларда қан айналысын жақсартады, жүйке жүйесін тыныштандырады. Қажетті нүктелерге дұрыс қондырылған алтын иненің беретін энергиясы қалыпты адамның бір ай бойы жаттығу залдарында алатын қуатымен бірдей болады. Осы процестен хабардар, біздің тұрақты емделушілеріміз пандемия кезінде де орталықта жеке кабинеттерде, арнайы мамандардың қарауымен үзбей, ұзақ уақыт ем қабылдап отырды.
Халықаралық біртұтас медициналық кластерлік жүйенің негізгі талаптарына сай, Орталық мамандары емделушілердің жалпы жағдайын онлайын негізде тәулік бойы тұрақты бақылауда ұстап отырды. Олардың үйлерінде емді уағында, талаптарға сай қабылдауына жетекшілік жасады. Ерекше атап өтетін жағдай үш ірі қаладағы орталықтарымыздан алтын ине алған 5000-ға тарта емделушілеріміздің коронавируспен жұғымдалмағаны дәлелденді. Сонымен бірге онда жұмыс істеп жатқан «Жас-Ай» медициналық орталығының 200-ге жуық қызметкерлері де бұл аурумен жұғымдалған жоқ. Мұны біз орталығымыздың вируспен күрес барысындағы тың жетістігі деп білеміз.
– Коронавирустан сақтану үшін бір тұтас екпеден өтуге көзқарасыңыз қалай, бұл қаншалықты тиімді?
– Алдымен, коронавиурсқа екпе салдыруды айтудан бұрын, жалпы бір тұтас вакциналаудың тарихы мен пайдасы жайлы қысқаша айта кеткеніміз дұрыс. Екпе салудың өзі біздің дәстүрлі медицинада Ибн Синадан бері қарай жалғасып келеді. Ертеде елімізде кең тарап, халқымыздың көбін қазаға ұшыратқан шешек, оба, қызылша, безгек, т.б. аурулардың ваксинасы табылған соң ғана тізгінделіп, елдің жағдайының оңалғанын тарихтан білеміз. Шешек ауруының екпесі тұңғыш рет қазақ даласында тапқырланғанын да айта кеткеніміз жөн. Жұқпалы аурулардың кең таралып кетпеуі үшін ваксинаның қандай маңызды қызметі болғанын сол кезеңдегі жағдайдың өзі дәлелдеп көрсетті ғой. Сондықтан да екпеден қорқа бермеу керек. Бүкіл әлем халқы біртұтас екпе алып жатқанда, біз одан бөлектеніп, жеке-дара қала алмаймыз, тіпті олай болуы да мүмкін емес. Еліміздің бас санитар дәрігері кімдердің екпе алатынын, кімдердің алуға болмайтынын қадап айтты, тіпті екпе алу-алмау азаматтардың өз еркінде екенін де баса айтып жатыр. Сондықтан бұл отбасымыз бен айналамыздың қауіпсіздігіне тіке байланысты. Екпенің жас шамасына қарай егілуінің де ерекшелігі бар. 18-ге дейінгі жастарды, балаларды екпеуінің себебі – олардың ауруға деген қарсылық қуаты жоғары болатындықтан вирусқа төтеп бере алады. Ал көп жағдайда 65 жастан асқан адамдардың ағзасы әлсіз, әрі оларда қан қысымы, жүрек, ми қан тамыр аурулары сынды қосалқы дерттері болатындықтан вируспен күресе алмайды, иммунитет қалыптаспайды. Біз негізі екпенің сапасы мен оның егілу барысындағы медициналық талаптардың орындалуына баса назар аударғанымыз дұрыс. Тәж тәрізді вирус тарағаннан бері елімізді ғана емес, бүкіл жершарын әбігерге салып экономикалық, рухани жақтан қысымға ұшыратты. Біркелкі өмір ағысының ритімі бұзылып, қалыпты өмір дағдымыз өзгерді. Алғашында адамдар бір-біріне жақындаудан үрейленіп, туысқандар арасындағы барыс-келістің де күрт тиылғанын көзбен көріп, жүрекпен сезіндік. Халық күйзелді, санасын уайымға жеңдірді, тіпті болашағына да үлкен қауіп төнді, солардың бәрінен де құтылуға бір үміт сыйлайтыны, әуелі Алла, онан кейін ауруға қарсы біртұтас екпе алу. Мемлекетіміз де қарап қалмай, бұл аурудың вакцинасын зерттеп, отандық өнім өндіруге өз күш-жігерін салып жатыр. Бұны еліміз медицинасының қарым-қабілетін көрсететін көрсеткіштердің бірі ретінде де қарауымызға болады. Сондықтан да қалыпты өмірге оралу үшін, халықтың екпені қабылдағаны дұрыс болады деп есептеймін.
– Еліміздегі дәстүрлі медицинаның бүгінгі хал-жағдайы туралы айтсаңыз?
– Халқымыздың дәстүрлі медицинасының тамыры тереңде жатыр, әрісі Ибн Сина, одан бері қарай Қазақ хандығы тұсындағы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлынан жалғасып келе жатқан үлкен арқау бар. Сондықтан еліміздегі дәстүрлі медицинаны жоқ деп ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Алайда олардың саны аз, өз деңгейінде жұмыс жасауына кейде жағдайдың жар бермей жатқаны белгілі. Батыс медицинасы мен Үнді-Қытай, Тибет медицинасының кең көлемде қарқын алуына байланысты, тек қазаққа ғана тән, ұлттық бояуы қанық, дәстүрлі медицинамыз тоқырап қала ма деген қауіп бар. Сол себепті, мен тұтас шығыс халықтарына тән қазіргі емдеу тәсілімізге міндетті түрде өзіміздің қазақы емдеу жолымызды қосып, түрлендіріп, өз орталығымызда үзбей қолданып келемін. Әрі жанымдағы шәкірттерімнің осыған ден қоюын қадағалап жүремін. Кезіндегі бүкіл әлемнің медицина саласының атасы атанған Ибн Синаның бүгінгі ұрпақтарында оның ізі жоқ деп айтуымыз асылық пікір. Еліміздің әр өңірінде, тіпті алыс-жақын шетелдегі қазақ медицинасының білгірі саналатын мықты-мықты дәрігер мамандардың басын қосып жүйелі жұмыс атқарып, отандық дәстүрлі медицинаны көтеруімізге мол мүмкіндік бар. Алдағы бес-он жылда бұл жағдай мемлекет тарапынан жүйелі қолға алынады деп сенеміз. Оның себебі Өтейбойдақ қазақ даласындағы дәрілік шөптердің каталогын жасаған, Қазақ мемлекеті тұсындағы тұңғыш хирург, сынықшы, төл емшілік өнеріміздің атасы. Оның жазған еңбегі тұтас түркі халықтарын қойғанда, әлем медицинасындағы санаулы еңбектердің бірі. Егер «Шипагерлік баян» кітабын толық түсініп, халықаралық ықпалы күшті 4-5 тілге аударуға мүмкіндік болса, бұл тұтас адамзат үшін алтын қазынаға айналары даусыз. Толық нұсқасы бізге жетпесе де, қолдағы бар материалдарға негізделгенде біздің қазіргі ғылым саласына әлі беймәлім боп келген көп дүниелердің бар екеніне көз жеткіземіз. Біз Өтейбойдақтың құнды еңбегінің өзегіне бойлап, құпиясын ашқан күні қазақ медицинасы да тың сатыға, жаңа биікке көтеріледі. Сол себепті төл дүниелерімізден көз жазып қалмай, үнемі назарда ұстап отыратын болсақ, алға қойған мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын.
– «Жас-Ай» медициналық орталығын халықаралық деңгейге көтердіңіз. Орталықтың алдағы даму, өркендеу жолы туралы жоспарыңыз, арманыңыз бар ма?
– «Жас-Ай» медициналық орталығы алғаш құрылған күннен бастап тынымсыз еңбек жасап, үздіксіз ізденіс үстінде келеді. Әр жылы білікті дәрігерлермен толығып отырады, өзімізде істейтін жас мамандардың да білім-білігі жылдан-жылға жоғарлап келеді. Алға қойған мақсатымыз, ойлаған арманымыз көп, оларға біртіндеп, ақырын-ақырын сатылап қол жеткіземіз деген үмітіміз бар. Ғылым дамып, кейбір аурулардың емін тапқанымен, әлі де емі табылмаған аурулар қаншама?! Мына коронавирус секілді тыңнан аурудың түрлері қосылып жатыр. Осылардың емін табуға өз тарапымыздан ізденістер жүріліп жатыр. Менің өз басым тапқан бір жаңалығым бар ол – түйеден басқа, он екі жыл мүшесінің сүйіп, таңдап жейтін шөптері бар екенін білдім. Осы шөптерді орталықтың емдеу хаттамасына енгіздім, оның адамдардың иммунитетін көтеруге, ауруға қарсылық қуатының күшейуіне үлкен көмегі бар. Пандемия жағдайында жиі назар аударып, зерттеп жүргенім – коронавирус кесірінен адам ағзасында зақымдалған тканьдарды, қан айналысының бұзылуын тезарада, өнімді түрде, толық қалпына келтіру. Тек осы себеппен алдыма келген науқастар саны күн санап артып барады. Сол үшін әлемдік медиада жарық көрген, осы саланың ғалымдарының жаңа еңбектерімен танысып, оқып-біліп отырамын. Жинаған тәжірибеміз бен алған білімімізді ұштастырып, ел игілігіне бұдан да қомақты үлес қоссақ деген тілегіміз бар. Оның барлығы уақыт еншісінде.
Осы күнге дейінгі орталығымыздың жеткен жетістігін бізбен қатар жұмыс жасап жатқан көптеген орталықтардан жоғары бағалаймын. «Жас-Ай» медициналық орталығының статусы қазірдің өзінде халықаралық деңгейде. Демек, біз отандық емдеу жүйесінің стандарттарына сай болып қана қалмай, халықаралық емдеу талаптарының үдесінен де шығуға тиіспіз. Орталықтың жетістігін мемлекетімізбен бірге, батыс пен шығыс елдері жиі бағалап, түрлі марапаттар беріп отырғанын білесіз. Тіпті, БҰҰ-ның тарапынан құрметті атаққа иеміз. Алдағы күндерде бізге ұсыныс тастаған Түркия, Австрия, Малаизия, Индия, Қытай, Ресей, Жапония қатарлы елдерде «Жас-Ай» орталығының бөлімшесін ашсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Түркия дәстүрлі медицинаны дамытуды қолға алды, тоқсан мың студенті бар Медицина академиясында арнайы факультеттер ашты, бізді ұсыныспен сонда дәріс оқуға шақырып отыр. Бұндай жағдайда біз де өзіміздің мамандардың шетелге кетіп қалмауын назарда ұстауымыз, оларға жағдай жасайтын, дәрілік шөптерді қорғайтын заңдарымызды жетілдіре түсуіміз керек. Осы жағдайды көре отырып, біздің де қазіргі ойдағы басты мақсатымыз – Республикадағы маңызды қалаларда филиал ашу. Бұл еліміздің түкпір-түкпірінен келетін емделушілердің сұранысы үшін ойлаған ой. Бұдан бөлек, дәстүрлі медицинаны дамыту бағытында жеке академия, колледж, болмаса медициналық оқу орындарының жанынан кафедра ашуды ойластырып отырмыз. Бұндай қадамға баруды мақсат етіп отыруымыздың себебі – ұлттық медицинаны дамытуға айтарлықтай атсалысу. Өз орталығымздан ғана науқас емдеуді мақсат етпей, емдеушілердің де санын арттыру. Біз шетелдік мамандар бәрін үйретеді дегенге көп сене бермеуіміз керек. Олар қайта, біздегі бар дүниелерді өздеріне алып кетуі бек мүмкін, сондықтан өз мамандарымызды даярлауға басымдық берсек деген ой бар. Бүгінгідей қиын жағдайда өз дәрігерлеріміздің алдыңғы шепте жүруі соны көрсетеді.
Біз мекемемізде науқастарды емдеп қана қоймай, медициналық мағлұмат беретін, халықты рухани жақтан сауаттандыратын «Жас-Ай» медициналық журналын қоса қолға алып, оның да жұмысын өз деңгейінде жүргізіп отырмыз. Ондағы мақсатымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығын ұстану. Бұл журнал Қазақстандағы таза қазақ тілінде басылып шығатын бірден-бір медициналық басылым. Бұл осы салада ізденген жанға кішігірім оқу құралы. Ондағы ойымыз қазақ тілді аудиторияны өз тіліндегі құнды дүниемен сусындату. Орталығымыздың бағыты мен журналымыздың алға қойған мақсат-міндетін ескерсек, қазақ медицинасының атасы Өтейбойдақтың ұлы арманының жалғастырушысымыз деп айта аламыз. Журналдың бір ерекшелігі – тек қазақ медицинасымен шектеліп қана қалмайды, қазіргі кезеңдегі халықтың сұранысына ие еуропаша емдеу мен шығыс халықтарының, соның ішінде Қытай, Тибет медицинасының ем-тәсілдерін таныстыруды қатар қолға алып отырмыз.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Мамытай МАМАН