НЕСЕП – ЖЫНЫС ЖҮЙЕСІНІҢ АУРУЛАРЫ


Бүгінгі таң­да бүйрек аурулары ең жиі кез­десетін аурулардың біріне айналған. Әсіресе, ағзадағы токсиндер, азот қосындылары зәр арқылы сыртқа шығатындықтан, созыл­малы бүйрек жетіспеушілігі кезінде бүйректің зәр шығару қызметі бұзылып, адам өздігінен кіші дәретке шыға алмай қалады. Демек бүйректің сүзгі қызметі зақымданып, улы қалдықтар ағзада тазартылмай қалып, ағза өздігінен уланады.

      Бүйрек аурулары байқалысы­мен уақытында емделу қажет. Ауру да түрлі жағдайларда пайда болып, асқынады. Мысалы үшін, пиелонефрит – бүйректің қабынуы, сүзгі қызметінің бұзылуынан туындаса, уретрит, цистит секілді бүйрек ауруларын дер кезінде емделінбегендіктен асқынып, созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне әкеп соғады. Ал гломерулонефрит – аллергиялық факторлардың әсерінен туындайды. Сондай-ақ, біз күнделікті өмірде аса мән бере бермейтін суық тию, тұмау, ауыр металлдар және алкогольмен уланудан да бүйрек қызметіне зақым келеді. Ал тым асқынып кеткен бүйрек аурулары кезінде жасанды бүйрекке ауыстыруға тура келеді. Сөйтіп, бүйрегі ауыстырылған адамның өмірі 5-6 жылға созылады. Ота жасау жұмысын білікті маман қолға алып, дұрыс ауыстырылған жағдайда науқас 10-20 жылға өз өмірін ұзарта алады екен.

Бүйректің адам организміндегі атақаратын рөлі маңызды:

  • Азот зат алмасуының ең соңғы өнімдерін бөліп шығарады;
  • Ішкі орта тұрақтылығын, әсіресе қышқылды-сілтілі тепе­­теңдікті реттеуге тікелей қаты­насады;
  • Бүйрек шумақтарында қан қысымын реттейтін ренин бөліп шығады.

Бүйрек ауруларын зерттейтін ғылымды медицинада нефрология деп атайды. Бүйрек ауруларының түрлерін 1827 жылы Р.Брайт - дененің жалпы ісуімен, альбуминурия, гематурия және жүрек гиперториясымен сипатталатын сырқаттар тобының бүйрек патологиясымен екенін алғаш зерттеген ғалым болатын. Сол кезден бастап бүйрек аурулары Брайт сырқаты деп аталынып кеткен.

1914 жылы Ф.Фольгард және К.Т.Фар бүйрек сырқаттарын 3 топқа бөлуді ұсынған. 1) нефриттер, 2) нефроздар, 3) нефросклероздар. 1960 жылдардан бастап көптеген клиникалық, иммунологиялық, электронды микроскопиялық зерттеулер нәтижесінде нефроз­дың жеке сырқат емес, бүйрек шумақшаларындағы өзгеріс­тер­мен байланысты патология екендігі анықталған. Ал, 1980 жыл­дардан кейін бүйрек ауруларын екі топқа бөліп қарайтын болды: 1) гломерулопатиялар – бүйрек шумақшаларында болатын өзгерістер. 2) тубулопатиялар – негізгі өзгерістер бүйрек өзек­ше­лерінде деп табылады деп келген.

Қазіргі таңда бүйрек патологиясында бүйректің барлық құрылымдық компоненті қаты­са­тындығы белгілі болып, үш топқа бөліп қарайды.

  1. Гломерулалық аурулары - бүйрек шумақтарының аурулары (гломерулалық аурулар)
  2. Тубулоинтерстициялық нефриттер – қабыну үрдісі аралық тінде дамып, оған бүйрек өзекшелерінің немесе бүйрек түбегі мен тостағаншаларының патологиясы қосылады.
  3. Біріншілік нефросклероздар – бүйрек қантамырларының аурулары; бүйрек артерияларының гиалинозы, склерозы, фибриноидтық некрозы, тромбозы нәтижесінде дамиды. Бүйрек артериясының атеросклерозға немесе фиб­ро­муску­лярлық дисплазиясына байланысты тарылып қалуын да бүйрек қан тамырларының патологиясына жатқызады.

                                                        

Пиелонефрит

Пиелонефрит – бүйрек түбегінің, тостағаншаларының, аралық тінінің және өзекшелердің зақымдануымен сипатталатын патология. Бұл инфекциялық сырқаттар қатарына жатады, сондай-ақ, адамдар арасында өте жиі кездесетін ауру түрі. Өлген кісілердің 9-10 пайызында пиелонефриттің әр түрлі көріністері анықталады. Ал бүйрек ауруларының ішінде 30 пайызды құрайды.

Пиелонефрит инфекция тудыратын сырқат болып табылғанымен, одан да өзге себептердің әсері бар. Әсіресе бүйректе қан айналысының және несеп әрекетінің бұзылуының маңызы зор. Оның даму механизмдеріне қарап, обструктивті және обструкциясыз дамитын пиелонефриттер деп екіге бөлінеді. Обструктивті себептерге ер адамдарда қуық безінің аурулары (аденома, рак, простатит), қуық және тік ішек рактары, несеп жолдарының тастары жатса, ал әйелдерде жыныс ағзаларының ісіктері мен осы ағзалардың қабынуы және несеп жолдарындағы тастар жатады. Несеп жолдарының туа біткен кемістіктері де осы өзгерістермен асқынады.

Науқаста пиелонефрит ке­зінде бас ауру, әлсіздік, көңіл-күйдің төмендеуі, құсу, лоқсу, тәбеттің қашуы, кекіру, ауыздың жиі құрғауы секілді белгілері байқалады. Ең алдымен дене қызуы көтеріліп, 37-39 градустан асқынып кеткен жағдайда 40 градусқа дейін жетуі мүмкін. Әсіресе түнгі уақытта көтеріліп, таңға жуық басылады. Кей кездерде мүлдем түспей қойып, адам денесі қалтырап-дірілдейді. Белі шойырылып, іштің төменгі жағы шаншып, жыныс мүшелерінің жиі ауырсынуы байқалады. Түн уақытында зәр жіберіп қоюы мүмкін, ал түсі өзгерген, көбінесе жасыл түсте әрі иісі жағымсыз келеді. Қарт адамдар мен жүкті әйелдерде пиелонефрит ауыр түрде өтеді.

Пиелонефритті инемен кешенді емдеу барысында зәр айдағыш, қабынуға қарсы дәрілік шөптер жинағы тағайындалады. Аурудың деңгейіне байланысты айлап кейде жылдап қолдануға рұқсат етілуі мүмкін. Дәрілік шөптер бүйректегі микробтардың азаюына, қан айналымның жақсаруына, ауыру сезімдерінің азаюына әсерін тигізеді. Сондай-ақ, емдік жаттығулардың да науқас үшін маңызы зор.

Пиелонефритпен көбінесе әйелдер жиі ауырады. Гормондық баланстың бұзылуы, жыныс мүшелерінің қабынуымен қатар мынандай аурулар әсер етеді;

  • Тұрақты жыныстық қаты­нас­тың болмауы;
  • Қуыққа тас байлану;
  • Он екі елі ішектегі дисбактериоз;
  • Иммунитеттің әлсіреуі;
  • Жүйкенің шаршауы;
  • Белдің суықтауы;
  • Қант диабеті.

Тибет медицинасы бойынша балалар мен ересектерде кездесетін пиелонефритті емдеу кезінде бүйректі ғана емес, осы аталған ауруларды қоса емдейді, яғни, иммунитетті көтеру, суықты шығару, тастарды кетіру әдістерін бірге қолдануымен ерекшеленеді.

 

Несеп-жыныс жүйелерінің ауруларында қолданылатын инетерапия нүктелері:

V 25 Да-чан-шу;

V 23 Шэнь-шу;

T 4 Минь-мэнь;

GI 11 Цюй-чи;

GI 4 Хэ-гу;

J 6 Ци-хай;

R 13 Ци-сюе;

J 2 Цюй-гу;

T 20 Бай-хуэй;

R 3 Тай-си.