Жаппай жаһандануға бет алып, ақпараттық ағыстың ағыны қатты болып тұрған бүгінгі қоғамда ұлтымыздан шыққан ғалымдарымыздың алар орны ерекше болмақ. Мыңдаған көрерменнің алдына шығып ән салмаса да, том-том кітап жазбаса да, өз саласының білгір маманы болып үнсіз жұмыс жасап жатқан ғалымдардың еңбегі көзге көрініп тұратын таудан гөрі, түбі терең теңізге ұқсайды. Аса қатты жел соғып, дауыл тұрғанда ғана болмаса көбінде тынық жататын теңіздің күші мен қуаты, байлығы қаншалық мол болса ғалымдардың да ақыл-ойы, алар орны, берер жемісі де сондай орасан болмақ.
Міне, осындай ғалымдарымыздың бірі, 15 жылға жуық отандық медицинаның дамуына, оның ішінде, елімізде тұңғыш шығыс медицинасының кеңінен қанат жаюына зор үлес қосқан «Жас-Ай» медицина орталығының директоры, профессор, м.ғ. докторы, академик Жасан Зекейұлы. Расында біреу қызығып, біреуі қызғанышпен қарауы мүмкін. Алайда, күніне 50-ге жуық науқаспен бетпе-бет кездесіп, олардың жазылып кетуіне себепкер болып, оның үстіне ол науқастардың басым көпшілігі ауыр дәрежедегі, басқа барар жері қалмаған күрделі аурулар болып жатса, мұның бәрі ол адамның біліктілігі, кәсібилігі, ғалымдығы мен дәрігерлігінің кемелденгенін көрсетпей ме? Бір күнінің өзі неше түрлі жағдайлармен өрнектеліп жататын осынау білікті дәрігердің бір жылы қалай өтті, осы жайлы ой бөліскен едік...
– Тағы бір жылымыз тарих қойнауына енгелі тұр. Осы жыл ішінде өзіңіздің және өзіңіз басқарып отырған «Жас-Ай» медициналық орталығының жеткен жетістігі туралы тоқталсаңыз.
– Жеткен жетістігіміз орасан зор. Басты жетістігіміз – емдеген науқастарымыздың дерттерінен толық айығып кетіп жатқаны. Еліміз бойынша медициналық кластер жүйесін алғашқылардың бірі болып енгізудің нәтижесінде, әр науқасқа ерекше мән беріліп, айырықша жағдай жасалынды. Бізге келген науқасты жан-жаққа жүгіртпестен, орталықтандырған емдеу жүйесін қалыптастырдық. Бір науқас келсе, оған арнайы бір дәрігерді жауапты етіп белгілеп, барлық анализдерін өткіздіріп, жатын-орын, үш уақыт тамақпен қамтамасыз етіп отырмыз. Біздің орталықтан ем іздей келген науқас тек ауруына шипа ғана емес, жанына тыныштық, тұрмысына жайлылық тауып кетеді. Емделіп жатқан уақытын барынша тиімді өткізуге тырсамыз. Ем алушылардың бос уақыттарында оқитын газет-журналдар мен әдеби кітаптар қоры бар, ғаламтормен де қамтамасыз етілген.
Нақты мәліметтер бере кетін болсақ 2015 жылы орталығымызға _________ науқас келіп ем қабылдады. Олардың 95%-ға жуығы жазылып қайтты. Олардың ішінде ерекше түрлері, айталық ___ инсульт алған науқас аяғынан тұрса, ______ мешел бала дертіне шипа таптты. Ең қуанарлығы, нәресте аңсап жүрген _____ отбасына бала сүю бақытын сыйладық.
Біздің жұмысымыз тек денсаулық саласымен ғана шектеліп жатқан жоқ. Қайырымдылық шараларымен де белсене айналысып, қоғамдық жұмыстарға да үзбей атсалысып келеміз. Орталығымыздың жанынан құрылған «Нұр Отан» Бастауыш Партия ұйымының жұмысын жандандырып ардагерлерге, мүгедектерге, жағдайы төмен отбасыларға жеңілдік жасап, тіпті тегін ем көрсетіп келеміз. Нақтылап айта кетер болсақ, бір жыл ішінде _______ ардагерге, _______жағдайы төмен отбасыларға, _______мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін ем көрсетіп, ______адамға 50 пайыздық жеңілдік көрсеттік.
– «Жас-Ай» медициналық орталығына келіп ем алып, дерттерінен айығып қайтқан науқастардың жазып қалдырған алғыстарын оқып отырсақ, олар сіздің біліктілігіңізбен қатар, орталықтағы қызметкерлердің де қызмет көрсетуіне, шынайылықтарына, адалдықтарына ризашылығын білдіріп отырады екен. Ұжымыңызды қалай жасақтадыңыз?
– Әр кәсіптің заңдылығы жазылған және жазылмаған ережелері болады. Сізге, толық болмаса да жалпы айта кетейін. Кез келген адам өзінің мамандығына бар жан-тәнімен берілуі керек. Ал, мен таңдаған мамандар, өз кәсібін ерекше жақсы көретін жандар. Олар өмірге екінші рет келетін болса да, ойланбастан қайтадан дәрігер болуды таңдайтындар. Бізде жұмыс жасап жатқан дәрігерлер шығыс емінің адамға ерекше пайдасы барын өз көздерімен көріп, өз басынан өткізгеннен кейін ғана шығыс емін мойындап, осы жолды таңдағандар. Мысалы, біздегі бір дәрігер ең алғаш «Жас-Ай» орталығына өзінің жақын адамын емдету үшін алып келген. Көптеген екпе, таблетка қабылдап, сонда да ауруынан айықпаған жақынын шығыс медицинасымен емдетуге осында әкеліп, көп ұзамай оның ауруынан құлан-таза айыққанын көрді. Осылайша, өзінің бұрынғы жұмысын тастап, шығыс медицинасы бойынша білімін жетілдіріп, біздің орталыққа жұмысқа тұрды. Бұл бір ғана мысал. Біздегі, жұмыс жасайтын дәрігерлер мен мейірбикелердің барлығы да басында не өзі, не туысы емделуші болып келіп, ақыры осы саланы таңдағандар. Олар бұл жерге тек қана ақша табу үшін ғана емес, өз білімін ел қажетіне емін-еркін жарату үшін, адамдарды ажалдан арашалау үшін, сол арқылы өзінің рухани дүниесін байыту үшін келді. Міне, осыдан кейін барып, біздің ұжымның ортақ мақсаты, бірегей тәртібі, ерекше жұмыс жасау жүйесі қалыптасты.
Әр аптада болатын жиналысымызда білімділік пен қоса тәрбиелілікті үнемі айтып отырамын. Біліміңіз мол, бірақ, тәрбиеңіз бен адамгершілігіңіз аз болса, онда мықты дәрігер емессіз. Керісінше, тәрбиелі, кішіпейіл, бірақ, біліміңіз төмен болса, тағы да мықты дәрігер бола алмайсыз. Ал, білімді әрі мейірімді, қарапайым болсаңыз, сіз нағыз мықты дәрігер боласыз. Міне, біздің ұстанымымыз осы. Сондықтан да, бізге келіп емделген әр адам, орталығымыздағы барлық десек те болады, қызметкерлерімізге дән риза болып жатады. Біз науқастарды ауруханаға келгендей емес, өзінің бір жанашыр жақынының үйіне келгендей қарсы аламыз.
Ғылыми жақтан үзбей ізденіс жасап отырамыз. Дерті асқынған науқастар келген кезде, емдеу жолдарын қалай жүргізу керектігін ортаға салып ақылдасып, үнемі жаңаша жолдар қарастырып отырамыз.
Сөзіміздің дәлелі, осыдан бес жыл бұрын зерттеп, іс жүзінде қолдануға болатынын анықтаған «Жасарту аппаратымыз» қазір үлкен жаңалық болып отыр. Біз ғылыми негізде аурудың көбісі жүйке жүйесіне түсетін салмаққа байланысты екенін дәлелдеп шықтық. Бес мың жылдық тарихы бар шығыс медицинасының емдеу жолдарын заманауи аппаратпен ұштастыру арқылы адамдарға тигізер пайдамызды еселеп көбейтіп жатырмыз.
Жалпы, дамудың жалғыз шарты – ізденіс. Судың өзі ақпаса, бір орында тұрып қалса сасып кетеді. Өмірдің өзінде де ағыс болу керек. Алға немесе артқа жүру бар, тоқтап тұру жоқ. Тоқтап тұрмын деп ойласаң, демек сен артқа кетіп бара жатырсың деген сөз.
– Жасан Зекейұлы, Сіз белгілі дәрігер ғана емес, танымал кәсіпкерсіз. Кемінде 70 адамға жұмыс беріп, мемлекет қазынасына салық төлеп отырсыз. Кәсіпкер, іскер азамат ретінде айтыңызшы, жеңіл-орта кәсіпорындарға биылғы жаһандық дағдарыс, инфляция қаншалықты әсер етті?
– Бұл жолғы дағдарыстың әсері ауыр болды. Өйткені, бір мемлекеттің, бір кәсіпорынның, тіпті бір отбасының жоспарлап қойған қаржылық жоспары болады. Биылғы теңгенің құнсыздануы сол жоспарды тас-талқан етті. Жиналған қаржының жартысы, желге ұшып, селге ағып кеткендей болды. Өйткені, біздің ел өндірістік ел болмағаннан кейін, шетелден келетін тауарлардың теңгеге шаққандағы бағасы қымбаттап шыға келді. Сондықтан, етек-жеңді жинайтын кез келді. Шетелден келетін тауарларға деген тәуелділігімізді азайтуға қарай бейімделуіміз керек. Барынша, отандық өнімдерімізге жүгіну керек.
Екінші бір жағы. Дағдарыс дамудың жаңа мүмкіндігі. Осы жолғы дағдарыс ішкі өндірістің қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп кетті. Өзімізде егілген бидайдың ұнын алып, өз малымыздың сүтін ішіп, етін жеп, елімізде жасалған киімді киіп, туған жеріміздің тау-көлдерінде демалып, өз ауруханаларымызда ем алуымыз керек. Сұраныс бар жерде, өнім міндетті түрде пайда болады. Өз басым алдағы он жылдықтан үлкен үміт күтемін. Шетелдің қымбат тауарын, өзіміздің кәсіпкерлер отандық өніммен алмастырады деп ойлаймын. Одан басқа жол жоқ. Бізге, тек теңгемен сатып алатын өнім ғана пайдалы.
Ал, біздің орталық барынша отандық медициналық жабдықтар арқылы жұмыс істейді. Тек елімізде мүлде жасалмайтын, заманауи, жаңа құрылғыларды ғана шетелден алдырамыз.
Біз бұл дағдарыстан қызмет көрсетуді арзандату, өз жұмысымызда түрлі реформалар жүргізу, әртүрлі жеңілдіктерді қарастыру арқылы өтіп жатырмыз. Түсетін пайдамыз азайса да, келетін ауруларымыздың санын кемітпеуге тырысудамыз. Өйткені, ақша табылады, денсаулық табылмайды. Ауру күтіп тұрмайды. Ақшасы жоқ екен деп, көмек сұрап келген адамды кері қайтармаймыз.
– «Жас-Ай» орталығы еліміздегі ең үздік медициналық орталық екенін дәлелдеп келеді. Осындай жетістікке жетуіңіздің басты қозғаушы күші не? Қолдаушыңыз кім? Мемлекеттің көмегі болды ма?
– Әрине, ең бірінші, Алланың қалауы. Сенім мен тазалық бар жерде арман алыс емес екеніне көз жеткіздім. Өз ісіңізге сенімді болсаңыз, ол ісіңіздің жеке басыңызға ғана емес, елге пайдалы екеніне көз жеткізген болсаңыз сіздің жұмысқа деген құлшынысыңыз мың еселеп артады. Ал, олай болмайды екен, арба сүйреген өгіздің күнін кешесіз. Тазалық екі түрлі болады. Бірі – ар алдындағы тазалық, екіншісі – заң алдындағы тазалық. Егер, ар алдында таза болсаң, рухың таза жүреді және ана дүниедегі сұрағың жеңіл болады. Заң алдында таза болсаң, мемлекет пен қоғам алдында жүзің жарық, жұмысыңда тыныштық орнайды. Менің негізгі күшім – сенім мен тазалық деп анық айта аламын.
Мемлекеттік қолдауға келетін болсақ, біз үшін мемлекеттік билік орнатып отырған демократиялық қоғам басты қолдау болып табылады. Яғни, бізге емін-еркін жұмыс жасауға мүмкіндік беріп, құқығымызды заңмен қорғап қойды. Ешкім келім, тыныштығымызды бұзып, жұмысымызға кедергі жасап жатқан жоқ. Одан артық не керек? Мемлекет зейнеткер, мүгедек, асыраушысынан айырылған жандардан басқаларға уыстап ақша ұстатуға міндетті емес. Ақша берген күннің өзінде оның қайтарымы болады. Ал ақыл ойы толысқан, он екі мүшесі сау әрбір адам өзіне, жақындарына, отанға, елге қызмет ету парызы екенін әрдайым есінде ұстауы керек.
– Тікелей мамандығыңызға көшейік. Халыққа өте танымал, үлкен сұранысқа ие дәрігерсіз. Күніне, алдыңызға келген 40-50 адамға диагноз қоясыз. Ұлтымыздың денсаулық, салауаттылық деңгейі қандай? Қандай аурулар ел арасында көп таралған осы туралы білгіміз келеді
– Жұрттың жұты болып тұрған, жиі кездесетін қан тамыр жүйесіндегі аурулар. Салауатты өмір салтын сақтамай, жүйесіз тамақтанудың кесірін көріп келеміз. Қазіргі уақытта адамдарда дене қимылы азайып, бір орында қозғалмай отырып алып, оймен жасайтын жұмыстар көбейіп кетті. Дене қозғалысы мүлдем азайған. Үйден шыға салып, көлікке отырамыз, көліктен түсе салып кеңседе отырамыз, одан шыға салып, үйге барамыз. Жүріс аз. Тамақ іше салып теледидар қараймыз, қарамасақ – ұйықтаймыз.
Осы топқа жататын жоғары қан қысымы аурулары да көбейіп тұр. Қан жүрмей қалудан барып, инсульт орын алады. Инсульт ауруы тіпті жасарып кетті. Бұрында тек жасы ұлғайған адамдар ғана құлап, сал болып қалды дегенді еститін болсақ, қазір 30 жасқа жетпей жатып инсульт алған адамдарды кездестіріп жатырмыз.
Сондай-ақ белсіздік ауруы жаппай белең алып тұр. Бұл дерт ер мен әйелдер де бірдей кездеседі. Үйлене салып, бір жыл ішінде балалы болатын отбасылар азайып кетті. Қозғалыстың аз болуы, әртүрлі химиялық қоспасы бар сусындарды тұтыну, ластанған ауа, сондай-ақ электромагниттік толқыны бар құралдарды, айталық, қолтелефон мен планшеттерді, ноутбукті қолдану міне, осылардың барлығы жинала келе, ұрпақ өрбіту қабілетін жоятын аурулардың таралуына себепкер болып жатыр.
Сонымен қатар, омыртқа аурулары мен нервтік жүйедегі аурулар жиі ұшырасады. Біздің жанымызды ауыртатыны, медицинаның дамыған заманы бола тұрып, дүниеге мешел балалардың саны әлі күнге азаймай отырғаны. Бұл алдағы уақытта қоғам болып күресетін індет. Ана мен бала өмірін қорғауды ел болып басты назарда ұстауымыз керек.
– Қазақ халқының дәстүрлі емшілігінің терең тарихы бар екені белгілі. Мысалы, апаларымыз тұмау тиген немересін дәрі бермей, екпе салмай-ақ, қойдың құйрық майын ерітіп, сүтке бал қосып ішкізіп, сорпалап, сылап, жазып алатын. Қазір, баламыздың қызуы көтерілер болса немесе жөтеле қалса бірден жедел жәрдем шақырып, аурухана төсегіне таңып тастаймыз. Неге? Дәстүрлі емшіліктің заманға ілесе алмауы ма? Әлде, ұлттық құндылықтарымызды ұмыта бастағандық па?
– Қазіргі уақытта нәрестелер де тым әлсіз болып туылып жатыр. Табиғатқа бейімі жоқ. Одан қалса, көпшілік ата-аналар сәбиді үйден шығармай ұстайды. Таза ауа жұтқызып, табиғатқа үйлестіріп отыру қажеттігін ескермейді. Қашанғы үйде қамап отырады. Әйтеуір бір күні сыртқа шыға қалса, апталап, ай бойы үйден шықпаған бала «үп» еткен желге үшкіріп, ауырады да қалады. Бұрында аталары мен апалары кішкентай сәбиді өз қарауына алып, жаңа айтып өткендей қойдың майымен сылап, күніне бірнеше мәрте көтеріп далаға шығарып, аяқ-қолын созып, табиғаттың ыстық суығына туа салып үйрете бастайтын. Қазіргі жастарда олай істейтін уақыт және батылдық жоқ. Ата-енелерімен бірге тұрмағаннан кейін, өмірлік тәжірибесі жоқ жастар дәрігерге жүгіннен басқа амалы қалмайды. Бірнеше рет дәріге жүгінгеннен кейін, бала ағзасы антибиотик алмаса жазылмайтын болып дағдыланып қалады. Осылайша сәбилердің ата-анасы көп жайтқа өздері себепші болып, аурухананың табалдырығын тоздырумен болады.
Сол үшін, ақпарат құралдары арқылы жиі кездесетін аурулардың қарапайым емдеу әдістерін, қазақы тәсілдерін, шығыс медицинасының емдеу жолдарын үнемі жариялап, елдің құлағына сіңіре беру керек. Кез келген қазақ отбасы өз балаларын суық тиюден, тұмаудың бастапқы деңгейлерінен өзі айықтырып алатын жағдайға дейін жеткізуге күш салуымыз керек.
Оның екінші бір пайдасы, екпе дәріге көп сүйенбей, қазақи ем қолданып, қуатты тағамға сүйеніп өскен баланың ертеңгі денсаулығы да мықты болып, ел үшін еңбек ете алатын қуатты, ақылды болады. Сондықтан, ақпарат құралдарының насихаты көп керек.
– Жыл сайын елімізде неше мыңдаған студенттер дәрігер мамандығын алып шығады. Жас мамандарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Дәрігер болу үшін адамда табиғи бейімділік болу керек. Мысалы, ақын болу үшін табиғи дарын, әнші болу үшін дара дауыс, спортшы болу үшін физикалық бейімділік болу керек сияқты, дәрігер болу үшін де ерекше қабілет қажет. Дәрігердің үш қасиетін атап айтқым келеді. Бірінші, аурумен күресетін кезде арыстандай айбатты, науқаспен тілдескен кезде анасындай мейірімді, ем жүргізген кезде қолыңыз қыздың саусағында нәзік әрі епті болу керек.
Әр мамандықтың өзіндік қиындығы бар. Бірақ, солардың ішіндегі ең қиын мамандықтың бірі – дәрігер мамандығы. Өйткені, сынға тез ұшырайды, жауапкершілікке жиі тартылады, қауіптілігі жоғары, кішкентай қателігінің өзі кешірілмейді.
– Келер жылдан не күтесіз? Халыққа айтар тілегіңіз?
– Жылдан жылға адамдарға түсетін табиғи және жасанды қысымдар көбейіп барады. Экологияның ауытқуынан бөлек, жұмыс барысындағы ауыртпашылықтың адам денсаулығына әсері күн санап жасарып келе жатыр. Бұл майданның алғы шебінде ақ халатты абзал жандар жүр. Мен барлық дәрігерлерге шыдамдылық, төзімділік және жеңіс тілеймін.
Халқымызға амандық, тапқан табыстарына береке тілеймін. Алла Тағала халқымызды тәуелсіздігінен және сабырынан айыра көрмесін. Еңбегіміз – елге, құрметіміз – Елбасыға арналып, халық үшін қызмет етуден айырмасын. Келер жыл бізге тек шаттық, табыс әкеледі деген ойдың жетегімен ғана өмір сүрейік.
Сұхбат жүргізген Қазірет Бердіхан