Жасан Зекейұлы:
«ҰЛТ САУЛЫҒЫН ҚОРҒАУ – БАСТЫ МІНДЕТ, ҰЛТ МҮДДЕСІН ҚОРҒАП САҚТАУ – БАСТЫ МАҚСАТ»
– Жасан Зекейұлы, біздің білуімізше сіз бірнеше халықаралық атақтардың және Вена халықаралық университетінің «Құрметті профессоры» екенсіз. Яғни ел іші-сыртынан алған атақ-даңықтарыңыз жеткілікті сияқты. Бірақ сонда да Астана қалалық мәслихаттығына депутат болу үшін кандидат болып тіркеліпсіз. Бұл не үшін, сізге әлі де атақ керек пе, әлде билікке деген мүдделілігіңіз бар ма?
– Иә, дұрыс айтасыз, мен елге келгелі тынбай еңбек еттім. Өзіме тек қана үздіксіз жетілу, тәжірибе топтау мақсатында талап қойып, жоспар құрып, соның үддесінен шығуға тырысып отырдым. Ешқашан болдым, толдым деген емеспін. Менің санамда мақсатсыз адам – қураған ағаш іспетті. Сол үшін Алла ғұмыр берсе, әлі де жетіле, толыса түсуге тырысамын. Себебі менің кәсібімнің талабы сол. Адам емдеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Шыбын жаны шырқырап, алдыңа келген науқас біреуге әке, біреуге бала, деген сияқты Алланың педесі болғандықтан аманат ретінде адал қарап, дұрыс мәміле жасауың керек. Қателесуге жол жоқ. Шетелге жиі баратын себебім де осыған байланысты. Олардан тәжірибе көріп, техникасын үйреніп қайтамын. Көргенімді, көңілге тоқығанымды қайтып келгесін жұмыс орнымдағы шәкірттеріме үйретіп, науқастарды сапалы емдеуге күш саламыз. Сонау арғы беттен келгендегі мақсатым да осы болатын. Мың қытайды емдегенше, бір қазақты емдейін, егемен елімнен не алам емес, не бере аламын дедім.
Еңбектің де өнбегі бар деген соның арқасында қазір Алматы, Астана, Шымкент сынды үш қалада 5 қабаттан тұратын үш үлкен орталық ашып отырмын. Қаншама жастар бізде жұмыс жасап жатыр. Мемлекетке уақтылы салық төлеп келеміз. Осының бәрі менің егемен елім үшін азғана үлесім деп білемін.
Ал сіздің сұрағыңызға оралатын болсақ, жоғарыда айтқан жетістіктерге жету маған оңай болған жоқ. Қазақ мың өліп, мың тірілсе, мен мың сүріндім, сүріндіруге тырысқандар да, көп болды. Өмірдің не бір өткелінен өттім. Көп білгеннен, көпті көрген жақсы дейді ғой. Осы өткелдерден өту үшін бойыма мол тәжірибе жинадым. Қытайда атақты Лу Шүн деген жазушы болды, басында ол да адам емдеу ісімен айналысты. Кейін «мен бір адамды емдегенше, мыңдаған қытайды рухани едмейін, рухы бүтінделмеген халық түбі оңбайды екен» - деп жазушылыққа бет бұрды. Сөйтіп әлем таныған жазушылардың бірі болды. Сол сияқты медициналық мекемемдегі жұмысым өз алдына, енді көкейге түйгенімді, халықтың арыз-арманын азда болса биік мінберлерден айтқанды жөн көріп жүрмін. Жеткенімнен, асып-тасқанымнан емес, алдыма келіп арыз-арманын айта беретін отандастарымның қазіргі халін көріп сасқанымнан деп біліңіз. Күніне 30-40 адамның тамырын ұстап, дертіне диягноз қойсам, сонша адам әлеуметтік халының нашар екенін сездіріп, отбасындағы қиындықтарын айтып үлгереді. Бұл тыңдауға өте қиын жағдай, екі құлақты тарыс жауып, тек емдеу ісімен айналысайын десең бәрі бір сол үмітті жанарлар санаңа қадалып, үндері жадыңда жаңғырып қала береді. Мені қоғамық өмірге итермелеген себептердің біреуі осы болды. Өмірінде ешқандай кәсіп көзін ашпай, ешқандай қайырымдылықпен де айналыспай құр айқай, құр салпаңмен жүрген талай азамат өздерін ұлттың тұтқасы ретінде көріп депутаттық мандатқа ұсынып жатқанда азды-көпті көргенім мен тәжірибем бар мен неге түспеймін деп ойладым.
– Жаңа өзіңіз айтып қалдыңыз, «үш қаладан да медициналық орталық ашып отырмын» - деп, қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз, науқастарыңыз көп пе?
– Біз орталықты халықаралық деңгейге жеткіздік. Яғни республикадағы денсаулық сақтау департаменттерінің талаптарына сай болумен қатар, халықаралық өлшемдерге де сай жұмыс жасаймыз. Европадағы «Окспорт» ғылыми орталығы бізге «Халықаралық үздік клиника» атағын беріп отыр. «Жас-Ай» – аз жылдың ішінде заманауи медицина мен дәстүрлі медицинаны ұштастыра отырып, денсаулық сақтау саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген мекеме. Қазір міне екі жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отырмын. 2004 жылы орталық құрылғаннан осы күнге дейін 90000-нан астам адамға медициналық қызмет көрсетіптік. Оның ішінде әлеуметтік жағынан қорғалмаған 25000-ға жуық науқас тегін ем алыпты. 7000-ға жуық сал ауруына (ДЦП) шалдыққан балаларға нәтижелі ем жасалды, 4000-нан астам инсульт халіндегі науқас сауығып еңбекке жарады, 5000-нан астам отбасы бала сүю бақытына ие болыпты. Жергілікті «Аманат» париясы және түрлі саяси, қоғамдық ұйымдар мен Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығының арасындағы келісімнің нәтижесінде бізде ай сайын 100-ге жуық ардагерлер тегін ем алуға құқылы. Осы қызметті де өз деңгейінде атқарып келеміз. Бұл сифрлар айтуға оңай болғанмен ұзақ жылдар бойы табанды, жапалы еңбекпен келген көрсеткіш. Менің тілегім де, тірегім де халық. Халқымның сау денелі болуы менің бақытым. Әлемде 2000-нан астам атомдық бомба сынақ ретінде жарылса, соның 1500-ге жуығы қазақ топырағында жарылыпты дегенді естимін. Бұл сол тұстағы Кеңес үкіметінің біздің ұлттың денсаулығына жасаған ең үлкен зардабы болды. Соның кесірінен қаншама адамдар күні бүгінге дейін ауру азабын тартып жүр. Солардың көбіне ем жасаймыз, қолдан келгенді аямаймыз, бірақ бәрі бір кеш боп жататын жағдайлар көп.
Біз тарихымызда мың өліп, мың тірілген, небір саяси қастандықтардың құрбаны болып, қойша қырыған халықпыз. Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама болып XIX ғасырға әрең жеткенде 1930 жылдан бұрынғы кіші ашаршылық, одан кейінгі үлкен ашаршылықта тағы қырылдық, рухани тоналдық, аздық. 1986 жылы мыңдаған жастарымыз сол тұстағы қанды қол саяси жүйенің құрбаны болды. Басқасын қойғанда коронавирус кезінде де біраз қазақ ажалынан бұрын көз жұмды. Осы тұста да қоғамдық қайраткерлік танытуға тура келді. Күндіз демей, түн демей радио, теле арна, газет-журналдарда халыққа дұрыс емделудің жолын айтып, медициналық кеңес беріп отырдым. Өз орталығыма ем іздеп, шыбын жанын қоярға жер таппай келген мыңдаған науқасты аман алып қалдым. Үйде бұғып жатпай, басымды қатерге тігіп кейбірінің отбасына барып ем көрсетуге тура келді. Бәрінен де кәрі адамдар үшін вирустан соңғы ағзаның қалпына келуі қиын болды. Соларға алтын ине арқылы канал көздерін ашып, қуаттандырып, ағзаларының қызметін қайта қалпына келтіріп отырдық.
Қарап тұрсақ еліміз тәуелсіздік алғалы отыз жыл ішінде ең бір үлкен саяси бет бұрыс кезеңіне өтіп келеді. Халық шын мәніндегі еркіндікті, демократияны сезінді. Осы ұлы науқан кезінде айтары бар азамат ретінде шет қалып қоюды өзіне ар санаймын. Алла сәтін салып, халқыма енді бір қырынан керегіне жарап жатсам, мен үшін бұдан өткен бақыт жоқ болар еді.
– Айтары бар азаматпын дейсіз, қандай тосын ойларыңыз, идеяңыз бар еді?
– Менің басты ұраным – ұлт саулығын қорғау – басты мақсат, ұлт мүддесін қорғап сақтау – басты міндет! Мен үшін халықтың физикалық тұрғыдан саулығымен қоса, рухани ақаусыздығы да маңызды. Жастар рухани жұтаң болумен қатар, есірткіге де әуестеніп бара жатыр. Сол үшін «Есірткісіз аула» бағдарламасын құрып, жергілікті құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау мекемелерінің көмегімен бірлесіп шешсем деймін. Әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтар мен ардагерлерге арналған «Салауатты және ұзақ өмір сүру» орталығын ашсақ деген идеяда отырмыз. Бастысы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы шарықтап барады, халыққа қатты бататыны да осы. Осы сияқты қордаланған мәселелер менің күнтәртібімнен ешқашан түспейтін болады.
– Сізде медициналық кәсібіңізден тыс, қоғамдық қызметте бұрынды-соңды тәжірибеңіз болды ма?
– Мен өз кәсібім төңірегінде шетелдерде өткен конференцияларға қонақ ретінде, сарапшы ретінде қатысулардан тыс, Алматы мен Астанада әлемнің 20-ға жуық мемлекетінен арнаулы делегаттар қатысқан бірнеше конфренция ұйымдастырдым. Бұл кезде де шетелдік мамандар денсаулық сақтау саласында әсіресе дәстүрлі медицина төңірегінде қордаланып қалған ойларын ортаға салып, өз ғылыми тәжірибелерімен бөлісті. Бұл үшін мемлекеттен ешқандай қаржы сұрап, көмек дәметкен жоқпын. Барлығын да өз қаржымызбен атқардық. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» кезінде де тікелей құрылтайшы болып, Астананың төрінде халықаралық ақындар айтысын ұйымдастырдым. Бас бәйгеге көлік сыйладық. Мен елімізде болып жатқан түрлі қоғамдық науқандар кезінде ешқашан шетте қалған емеспін, барлығына да бір кісілік азаматтық үлесімді қосып келемін.
Қазір Астана қалалық қоғамдық кеңестің мүшесімін, осы кеңес төңірегінде де біраз мәселердің шешілуіне ат салысып, ой-пікірлерімізбен бөлісіп келеміз. Жақында құрылған Ұлттық мүдде, қоғамдық бірлестігінің тең төрағасымын. Осы ұйымдардың мүмкіндігін пайдаланып кейбір тіркелмеген жеке медициналық мекемелерде хиджама алуға тиым салғыздым. Себебі көптеген адамдар адам едеу кәсібінде аз ғана тәжірибесіне сүйеніп, базарлардың бұрыш-бұрышында, жеке үйлерде, өз пәтерлерінде емдеу орындарын ашып, халықты алдап емдеуге көшті. Яғни кәсіпкерлікке айналдырды. Осының нәтижесінде көтпген науқастардың дерті асқынып, дер кезінде қажетті ем ала алмағандықтан өмірлеріне қауіп төнген жағдайлар бар. Тіпті өткенде 2 жастағы баладан қан алу емін жасағаны үшін нәресте шетінеп кетті. Осы сияқты жағдайлар мені ешқашан бейжай қалдырмайды. Осыған байланысты бірнеше телеарналар менен арнаулы келіп сұхбат алды, радиоға шақырды.
- Сіздіңше ұлтымыздың бүгінгі ең үлкен қасіреті не деп ойлайсыз?
– Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлеңі мен Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» өлеңіне үлкен үндестік бар. Зар бар. Қазақты сергелдеңге түсірмей селт еткізетін бір идеяны іздеді. Сол тұстағы қазақтың оқымаған қараңғылығы мен жалқаулығы, ғылымсыз өмірі жылатты. Құдайға шүкір қазіргі қазақта оқымаған адам аз. Бірақ ғылым жоқ, енжарлық, жалқаулық, бойкүйездік әлі басым. «Алма пыс, аузыма түс» деп қарап отырғандар әлі көп. Кәсіпке ұмтылу аз. Абай есектің артын жусаң да ақша тап деген жоқ па?! Жастарымыз еш еңбексіз бір жолда байып кетсек деген құр арманның жетегінде жүр. Балық басынан шіриді демекші биліктің дені орыс тілді. Ұлт ретінде әлі жоғалтқанымызды толықтай алмай келеміз. Мұның бәрі қасірет емей немене?!
Маған қатты бататыны ана тіліміздің әлі тұғырына қона алмай келе жатқаны. Осы жөнінде қаншама мақала жаздым, сұхбат бердім. Рухы мүжілген ұлттың, дені де сау болмайды деп айттық. Абайша айтқанда, «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық» ... Сонда да қарап қалған түгім жоқ, 15 жыл бойы «Жас-Ай» медициналық ғылыми-сараптамалық және танымдық журналын тек қана қазақ тілінде шығарып келемін. Байқасам ұлттық тілде шығатын бірден бір медициналық баслым осы біздің журнал сияқты. Бұл да болса, ана тілін арым деп білетін қазақтың алдында арым таза болсын деген аз еңбегімнің бірі. Бағасын халық берер.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасхан,
Төкеш Мамырбек