жолдау – болашаққа бағдар, тарихқа тағзым
ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығы «Ұлт рухы» бірлескен жобасы бойынша 1 қазаннан 6 қазанға дейін Шымкент қаласындағы «Айғақ» телерадиокорпорациясымен бірлесіп «Мәртөбеден-Ұлытауға» кешенді шараны жүзеге асырды. Шараның негізігі мақсатының бірі Елбасының: «Жалпақ жұртыңды, исі Алашыңды құрметтеу - алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» нақыл сөзін жастар санасына сіңіріп, нақты бастама арқылы іске асыруды көздеді. Мәртөбе – қазақ елі үшін қасиетті өңір. Қазақ тарихының алтын қазығы осы жерде қағылған. Бұл арадан басталатын «Ұлт рухы» жобасы Ұлытауға дейін жалғасты. Қасиетті тарих ашыла түскен сайын Сіздің ішкі дүниеңіз үшін оның маңызы арта түспек. Жаңғыру жасампаздығын діттеген осы бағдарлама ішкі туризм нысандарын да назарға алды.
Бұл өңір «Қазақстанның рухани құндылықтарының бірі де бірегейі ретінде «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» енген. Бүкіл қазақ азаматтарына қадір-қасиеті ортақ. Осыны әр қазақ білсе нұр үстіне нұр болар еді. Аталмыш жобаны жүзеге асыру мақсатымен қоғамдық делегация құрамы анықталды. Делегация құрамында Қазақстанның «Құрметті журналисі», Қазақстан журналистер академиясының академигі, «Айғақ» телерадиокорпорациясының бас директоры Дулат Әбіш, Елбасының курстасы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Аманәлі Әбдіраманов, ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің, халықаралық «Сократ», Біріккен ұлттар ұйымының «Құрмет белгісі» орденінің иегері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығының құрылтайшысы Жасан Зекейұлы, Түркістан облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасы, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» Әнуарбек Бейсе, ҚР Сәулетшілер Одағының мүшесі Мұхит Көшенов, Халықаралық «Жас-Ай» клиникасының Шымкенттегі филиалының директоры Марат Әбілхайыровтар болды.
Мәртөбедегі сапар кезінде Жасан Зекейұлы: «Біз келген «Мәртөбе» мекенінде үш жүздің жайсаң билері жылма-жыл мәслихатқа жиналып, қазақ халқының тағдырлы мәселелерін қарап, ұтымды шешімдерін шығарып отырған. Ел ішіндегі береке бірлікті сақтау, сырттан келетін жаулардан қорғану, көші-қон реті, қоныстарды бөлу, ру, тайпа араларындағы дауларды мәмілелеу-осы жердегі келелі кеңес аясында оңды шешімін тапқан. Қазақ үшін Мәртөбе осы тарихымен де қадірлі» ,–деді.
Мемлекет басшысы 2014 жылы 25 тамызда Ұлытау төріндегі берген сұхбатында: «Ұлытау – өте қасиетті жер. «Ұлытау» деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар. Оңтүстікке барсаң Түркістан тұр. Қазақстанда осындай киелі жерлер көп. Дегенмен Ұлытаудың орны бір басқа» – деген болатын.
Ордабасы мен Ұлытауда, Мәртөбе мен Күлтөбеде ел бірлігін сақтауға арналған маңызды басқосулар өткізілген. Бірауыздан қабылданған заңды басшылыққа ала отырып, орталыққа ұйысқан сайын, әлбетте, ел бірлігі бекемделе бастаған.
Мәртөбеден бастауын алған сапар Сайрамдағы сансыз баптардың қасиетін еске алып, тарихын білумен, күш атасы Қажымұхан Мұңайтпасұлының рухына тағзым етіп, құран бағыштаумен жалғасты. Балуанның мұражайын аралап, «Құрметті қонақтар» тақтасына Жасан Зекейұлы қолтаңбсын қалдырды. Қонақтардың құрметіне ұйымдастыру жұмысын аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы тікелей қолына алып, жанымыздан қалмай қызмет жасады. Атамыздың аяқ басқан киелі өңірге тәу ету аяқталғасын, баптардың бабы Арыстан баптың басына ат асын бұрдық. Ары қарай Сайрам ауылында орналасқан Қожа Ахмет Яссауидың әкесі Ибрахим ата мен анасы Қарашаш кесенелерін көріп, киелі өңірдің әсем табиғатымен, тылсым тарихымен таныстық. Түркістанға сапарымыз кезінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қызметкерлері Жасан Зекейұлының құрметі үшін кешкі 6-дан соң да қызмет көрсетті. Абылай хан, Қазыбек би бабаларымыз сынды қазақ тарихындағы талай ұлылардың жатқан орына құран оқылып, олардың ұлт тарихындағы алар орнымен, өнегелі өмір жолымен таныстық.
Түркістан облысы аумағындағы Отырар қаласы Шығыстың ғұлама ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидың кіндік қаны тамған жері. Жібек жолы бойында орналасқан байлығы, атағы жеті жұртқа мәлім Отырар қаласы туралы мағлұматтар араб және парсы жиһангерлері жазбаларында кездеседі. Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов делегаттарды бар ықыласымен жылы қарсы алып, Отырар қалашығының тарихымен, оның кемел келешегін бейнелейтін, көркем безендрілген ілмелермен (стендтерімен) таныстырды әрі күні ертең игі істерге айналатын жобалар туралы да айтып берді. Отырар төбеде болған соң Арыстан-баб кесенесіне жол түсті. Осылайша Арыстан баб кесенесіне зиярат жасадық.
Бабалар рухына тағзым еткен делегаттар Ордабасыға қарай бет бұрды. Бабтардың бабы Арыстан баб кесенесінде болып, құран оқылды, құрбандық шалынды. Бабалардың асқақ рухы туралы кейінгі буын ұрпаққа ғибраты бар аңыз-әфсаналар айтылды. Сондай-ақ фотосессия ұйымдастырылды.
Арыстан-баб кесенесіне тәу етіп, маңдайын тигізуге пейілді, жанын да, тәнін де сауықтыруға ықыласты кісілер қатары қалың-ақ. Тағзым етуге келгендер үшін кесене аумағында барлық ыңғай танытарлық жағдайлар жасалған. Ауқымды аумақты алып жатқан кесене абатталған, көз тартатындай әрленген.
Кесене аумағындағы кәдуілгі құдықтан шелекпен нәр орнына жүретін су іштік. Қала әкімі Ерлан Айтаханов бастап жүрген делегация құрамында Елбасы курстасы, жүзі мейірімді, көкірегі ашық, жаны жомарт, білімдар, жетпістің жотасынан асса да жүрісі ширақ, табиғаты тың, жаратылысы ақ жарқын кәделі тұлға Аманәлі Әбдіраманов та бар.
Отырар қалашығын аралап жүргенде қазақ жұртында сатқындық пиғыл қашан құрыдымға кетер екен деп еріксіз ойға қалады екенсіз. Сатқындық салдарынан Отырар, сол кездегі Отырар Орталық Азия өркениетінің бастауы, қайнары болды емес пе! Әлемдегі екінші орын алатын теңдесі жоқ кітапханасы болған еді. Моңғол шапқыншылығынан бұл ғылым мен мәдениеттің іргелі ошағы тып-типыл болып күлге айналды.
Басшысы Қайырхан болған Отырар қаласының қорғаушылары арасындағы опасыз сатқынның кесірінен ғасырлар бойы халық қасірет шекті, зардабын тартты. Сатқындарсыз өмір сүрер күн болар ма екен?!
Отырардан шыққан соң делегация Қожа Ахмет Яссауи кесенесі табалдырығын аттады. Бабамыз фәниден бақиға өткен соң оған ел, нөпір халық жиналып өзіне арналған мазар тұрғызды. Кейін бұл мазар бүкіл мұсылман әлемінің тәу ететін архитектуралық ғимаратына айналды. Осы орта ғасырдағы сәулет өнерінің қайталанбас әйгілі нұсқасы, ел есінде қанша ғасырлар өтсе де, келешекте де хас сұлулықтың символы болып қала бермек. Бұл қазақ сәулет өнерінің бүкіл әлемді бүгін де таң қалдыратын, тамсандыратын озық үлгісі. Қазақ елінде архитектура дамымаған, «азиатчина» деп мұрнын шүйіріп қарайтын, дандайсыған кәрі құрлық, жаңа әлем (Новый Свет) білімсымақтарға бұл үнсіз жауап.
Жөнімен айтса да болатын сияқты. Ислам дініне, Ислам руханиятына деген қоғамымызда оң көзқарас қуанышымызға орай қалыптасып келеді. Қай елді-мекендегі, қай ауыл, қай қаладағы мешітке намаз оқитын кезде бара қалсаңыз, құлшылық етіп, маңдайын сәждеге тигізетіндердің басым көпшілігі – жастар. Рухани тазарып жүрген, жас, жаңа буын өкілдерін көргенде, бір көтеріліп, көркейіп қаласың.
Кеше мен бүгін және ертеңгі күн (кезең) аға буын үлкендер мен жастар арасындағы жарасымды сабақтастықтың сақталуы үмітіңді үкілейді, сеніміңді сергітеді және арттыра түседі.
Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне тәу етіп шыққаннан кейін бабамыздың дүниеге деген байыпты көзқарасының мән-мағынасы адам өзін өзі тану арқылы Хақты танитынына көз жеткізесіз, әсте танып барып мойындайсыз. Өз өміріне, өзгенің өміріне деген жауапкершілікті айрықша сезінеді екенсіз. Іштей тәубеге келіп, баба рухына тағзым етіп «құлдық» дейсіз ғой. Сонсоң жаратылыс сырына бой алдырып, өзіңнің адамдық парызың Алла мен адамның, адам мен әлеуметтің арасын байланысын қамтамасыз ететінін көріп, бара-бара жол осындай болу керектігі туралы ой-санаңа сәуле түсіргендей болады. Хақ алдында құл, халық алдында азат болып еркіндікті бекемдеу өзіңіз үшін (әрине, іштен) қасиетті міндет деп санайтын боласыз.
Алламен қауышу жолы, адамға, қоғамға қызмет ету – тікелей ахлақтың кемелденуі арқылы өтетін көрінеді.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалы мақаласында Қазақстанның рухани құндылықтары туралы ізгі ойын былайша бедерлейді: «Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ. Идеяның түп төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет Ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды».
Осы ұлағатты ұлт ұрпағының жадында қалыптасып келе жатқан біртұтас кешен ұлт рухын бекемдейтініне сенімім кәміл.
Сонымен «Ұлт рухы» жобасын іске асырушылар Сауран, Сығанақ арқылы Қызылордадағы ерен тарихи маңызы бар орындарға ізет, тағзым жасау ниетімен батыс жаққа бет түзеді.
Қазақ тарихында біздің көзімізге түсе бермейтін жіп болады. Ол жіп –сабақтастық болар тегі. Бұл жіп жәй жіп емес, алтын жіп. Ал алтын жіп атауы – рух. Осы рухы биік, тамырын тереңнен алатын, тарихы бай Қызылордаға, Сыр бойына ат басын тіредік.
Алаш анасы аталған (бұрынғы Қамысқала) қазіргі Қызылорда – өндірісі өркендеп, экономикасы еселене дамыған, көз жауын алатын шаһар.
Дария оң жақ беткейінде күн сайын иран баққа айналып, жаңадан бой көтеріп келе жатқан ықшамаудандар жанарыңды одан сайын аша түседі. Қызылорда қаласы әкімі Нұрлыбек Нәлібеков шаһардың жаңа салынып жатқан нысандарымен түркістандықтарды таныстырды. Әлемдегі атақты университет қалашығындай болып көрінетін студенттер қалашығын тамашаладық. Қала рухани тыныс тіршілігіне дем беріп, мәдениет мәйегіне айналып үлгерген Ақпарат орталығы жүйелі жұмыс істейді екен. Бұл қадірі артып келе жатқан Ақпарат орталығының тұсаукесерін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова жасаған екен. Заманауи стилімен әрленген, безендірілген, бір кірсеңіз шыққың келмейтін кең залдарын аралап, оның жұмыс жоспарымен таныстық. Сөйтіп Сыр жағалауын армансыз араладық.
Қызылорда қаласы әкімінің қабылдауында болып, шаһардың өткен тағдырлы жылдарынан, бүгінгі жыл өткен сайын жасарып, жаңарып, күн санап экономикасы қарқынды дамып келе жатқан тіршілігінен, кемел де жарқын келешегін жақындатуға бағытталған ақпараттар ағымынан хабардар болдық.
«Ұлт рухы» жобасының жетекшілері елге танымал дәрігер, профессор, академик Жасан Зекейұлы мен «Айғақ» телерадио корпорациясының бас директоры, журналистика академигі Дулат Әбіш Шымкент өңіріндегі «Мәртөбеден-Ұлытауға» деп аталған ғылыми-танымдық сапар діттеген мақсатымен қала әкімі Нұрлыбай Нәлібековты таныстырды. Әкім ел игілігін еселеуге барынша қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан дәрігер Жасан Зекейұлы мен журналист Дулат Әбішұлын «Қызылорда қаласына – 200 жыл» медалімен марапаттады. Өткенсіз бүгін жоқ. «Жолыққанша жол жақсы, кездескенше күн жақсы» деген ниетпен бір-бірімізге шынайы ыстық ықылас танытып, түн баласына орай сар даласына жез киік шырай берген Жезқазған қайдасың деп жолға шықтық.
Келесі күні сағат 10:00-да «Нұр Отан» партиясының Жезқазған қалалық филиалы ғимаратында түркістандықтар О. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде профессор Ж. Зекейұлы оқытушылар ұжымымен, студенттермен кездесті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткізілген бұл игі шараны қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова жүргізді.
Осы бағдарламалы мақаланың «100 қадам» Ұлт жоспарының идеясын негізге ала отырып, халықаралық «Жас-Ай» үздік клиникасының құрылтайшысы, бас директоры, бас дәрігері, профессор, академик Жасан Зекейұлы, ел денсаулық сақтау жүйесі, медицина ғылымының алдында тұрған кезек күттірмес, келелі міндеттеріне тоқталды.
«Мәңгілік Ел» боламыз десек туған халқыңа, ұлтыңа мейлінше адал қызмет ету керек. Ол үшін қай мамандықты қалай, игерсеңіз де оған деген Алла бойыңызға дарытқан сүйіспеншілік болуы қажет. Қандасыңызға, отандасыңызға, қоғамыңызға деген осы сүйіспеншілік сөзіңізден емес, оларға деген білім өзектеген, біліктілік негіздемелеген қызметіңізден, игі әрекетіңізден білінуі, танылуы шарт. Намысыңызды ту етіп жүргейсіңдер! Арлы болғайсыңдар» – деп аудиторияға ой салды.
Өздеріңіздегі Ата-баба рухын бекемдеп жүргейсіздер. «Мәңгілік Ел» болу үшін, әлбетте, рухымыз асқақ болсын. Осындай азамат болу үшін ұлттық дүниетанымымыз жаңа заман талаптарына сай болса, қанеки!
Сондай-ақ Жасан Зекейұлы ұлт тарихының тамыры тым тереңде екенін сонау сақтардан, ғұндардан, ұлы Түркі қағанатынан басталатын тарихымыздың мыңдаған ғасырлар бойы талай тағдырлы кезеңдерді бастан өткергенін, сөйте жүріп Жалпақ жаһанға әмірлік қылған айбатты шақтарымызды еске алды. Кейінгі Алтын орда тұсында да тұтас Қыпшақ даласын айбатымен қақыратқан батыр бабаларымыздың болғанын солардың өр болмысы, қайсар рухы бүгінгі ұрпақтың бойында да бар екенін, сол рухтың қайта жаңғыруы керек екенін айтты. Кейінгі қазақ хандығы кезінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атымен тарихта қалған нәубетті шақтарды, Кеңестік империяның өткен ғасырдың алғашқы жартысында қазақты қыру мақсатында неше қайталап жүргізген «Ашаршылық жүргізу» саясаты, тіпті бертінгі «Желтоқсан оқиғасына» дейін мың өліп, мың тірілген ұлтымыздың осының бәрін басынан өткізіп барып, тәуелсіз ел болғаны жөнінде ұлағатты ойларымен бөлісті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген «Мәңгілік ел болу» идеясынның түпкі негізі осы екенін, оны баянды жүзеге асыру үшін әсіресе жастар қауымы тіл, дін, дәстүр, тарих, ұлттық кодымызды сақтап, ардақтай білгенде ғана Мәңгілік ел болу даңғыл жолына түсетінімізді айтты.
Аудитория мен Жасан Зекейұлы арасындағы жүздесу үрдісі сұрақ-жауап форматында өтті. Дидарласу барысында жастар атақты профессордан қолтаңба (автограф) алып жатты. Олар Жасан Зекейұлын келген жеке автокөлігіне дейін қолтықтап шығарып салды. Ескерткіш ретінде фотосессия да ұйымдастырылды.
Жастармен кездесуден шыққан танымал дәрігер Жезқазған Орталық ауруханасына барып қала тұрғындарын, Қарсақпай, Сатпаев қалаларынан келген, ауырып жүрген науқастарды түскі сағат 14:00-ден 20:00-ге дейін қабылдап, тиесілі медициналық жәрдемін көрсетті. Қабылдауында болған науқастар білікті дәрігерге ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып жатты.
Барды бағалай білетін, ертеңін саралай білетін Ж. Зекейұлы және Д. Әбішұлы бастаған ғылыми-танымдық экспедиция Ұлытауды бетке ұстап жолға шықты.
Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Ұлытау төрінде «Хабар» телеарнасының продюсері Ринат Думанұлына берген сұхбатында Ұлытаудың қазақ тарихындағы алатын орнын: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін Көк Түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз»,– деп тарқатқан еді.
Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек, қолға алып та жүрміз. Тарих жылы деген жылды жарияладық. Дүние жүзінен: Қытайдан, Ираннан, т.б қазақ тарихының жазба жәдігерлерін жинадық. Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген.
Елбасы айтқандайын, біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. Ұлытау – берекенің, бірліктің мекені. Тарих тұнып тұрған өңір. Жошы хан, Алаша хан, Тоқтамыс, Едіге батыр жүрген жер. Әулиелі өлке. Елім, жерім деген кісіге қуат беретін, жусан иісі аңқыған атырап.
Енді біз мініп жүрген ақ жал «айғырдың» басын Ұлытау қаласы әкімдігінің алдына әкеп тіредік. Бізді құшақ жайып Ұлытау қаласы әкімінің орынбасары қарсы алды. Ә дегеннен-ақ әңгімеміз жарасып кетті. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін бірден Ұлытау мұражайы жәдігерлерімен таныстық. Музей қызметкерлерімен жақын қауыштық.
Еңсесі биік елдігімізді, іргесі сөгілмейтін бірлігімізді кім сақтамақ деген-дейін.
Ұлытау мұражайынан шыққан соң қала әкімшілігінің акт залына кіріп, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын зер салып тыңдадық. Біз дәу экраннан көріп, тыңдаған Елбасы Жолдауы бір өзгеше жағдайда өтіп жатты. Осы жолы Министрлер, әкімдер, шенеуніктер жұмысында жіберіп алған кемшіліктер мен олқылықтарға басты назар аударылды. Біздің түсінгеніміз: мемлекеттік деңгейде жауапкершілік танытатын, міндеттерін абыройлы атқаратын адамдар жұмысында қалып, ал қалғандары орындарын босатуы керек. Елбасы ұстаздар мәртебесін заңмен бекіту жөнінде ұсыныс жасады. Мемлекеттік мектептерде енді бұдан былай Назарбаев зияткерлік мектебі әдістемелері мен стандарттары енгізілетін болды. Алдағы жыл «Жастар жылы» болып жарияланды.
Жолдаудағы экономика мен руханият салаларындағы соны, игі қадамдар еліміздің дамуына жаңа серпін, жаңа қуат беретіні, сөзсіз. Еш күмән тудырмайтын мәселе. Жолдау халық тұрмысын бұрын болып көрмеген сапа деңгейіне көтеруді діттейді. Осы қасиетімен де Жолдау құндылығы күн сайын арта түспек.
Жолдауды тыңдап болған соң көпшілік ел өміріндегі аса құнды құжат туралы пікір алмасты.
Ұлытауда Елбасы Жолдауын тікелей экраннан көріп тыңдағанымыз «Ұлт рухы» жобасы бойынша «Мәртөбеден -Ұлытауға» тарихи-танымдық сапарымыздың сәтті болғандығы деп жорыдық. Ұлытау – бүкіл еліміздің тарихи және географиялық орталығы. Ұлытау – Мәңгілік Ел кіндігі. Ұлытау қаласы әкімінің орынбасары өзі бас болып қаланы аралатып, таныстырды. Айтар сөзін өзінше ғана емес, жеткізер ойын орамды, кәдуІлгі айтыс ақындарындай төгіп-төгіп өрнектеп, өріп те жібереді екен.
Қала тұрғындарымен кездесіп, әңгіме-дүкен құрдық.
«Сапар жоспарыңыздағы бізге бөлген уақытыңыз тығыздау екен. Әйтпесе біздің Ұлытау ауданының өзінде республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерімізге: Айранбай, Мақат, Жошыхан, Алашахан, Болған Ана, Басқамыр, Аяққамыр, Дүзен, Домбауыл, Кетебай, Лабаққа апаратын жөніміз бар еді. Жезқазғанда ауруына ем іздеген жандар Жасан Зекейұлына қараламын деп күтіп жүр екен. Амал нешік... Жортқанда жолдарың болсын! Ақ жол! Сапар сәтті болсын!» – деп бізді әкім орынбасары шығарып салды.
Иә... Жеңіл автокөліктен сарыдалаға көз тіге отырып, Елбасының мына сөздерін еске алдым.
«Мінекей, дүние осылай тұра береді. Заман өтеді, уақыт алға жылжиды. Ұрпақтар бірінің жолын бірі жалғайды. Бірақ ата-бабамыздың жері осылай керемет болып қала береді. Осындай әулиелі жерден қуат алған халқымыз ата-бабалар жолымен жүреді деп санаймын. Ол жол – сара жол, Мәңгілік елдің жолы!»
Ұлы тарих ұлы болашақ тудыратыны айдан анық. Бұл айнымас ақиқат!
Жасан Зекейұлының жол-сапар жазбаларынан дайындаған,
Сейітзада ӘСЕМБЕК,
мәдениеттанушы.