ҰЛТ БОЛАШАҒЫ – АНА МЕН БАЛА САУЛЫҒЫНДА


ҰЛТ БОЛАШАҒЫ – АНА МЕН БАЛА САУЛЫҒЫНДА

      Ана мен бала денсаулығы – Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында зор мән берілген басым бағыттардың бірі. Бұл – еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі қолға алынып келе жатқан үлкен мәселе. Қай елде болмасын, халықтың демографиялық хал-ахуалы ана мен баланың денсаулығына тікелей байланысты екені сөзсіз. Осы тұрғыда, ана мен бала өлімін азайту, жүкті әйелдерді уақытында есепке алу мен олардың денсаулығын жіті бақылау, генетикалық кеселдермен күрес бағытындағы жұмыстар елімізде жүйелі түрде жүргізілуде. Есесіне ана мен бала өлімі едәуір азайған. Нәрестелер өлімі кей елдерде тұрғындардың өмір сүру сапасын көрсетеді. 2014-2015 жылдарға арналған жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша Қазақстанда балалар өлімі көрсеткіші 17 ұстанымға төмендегенін БҰҰ-ның Ведомствоаралық тобының ресми мәліметтерінен білуге болады. Бұл көрсеткіш еліміздегі сындарлы саясаттың  денсаулық сақтау аясында жүргізіліп жатқан іс-шаралар мен жұмыстарының  нәтижесі екендігін көрсетеді.

    Адам денсаулығы ең алдымен оның өмір сүру салты, тұқым қуалаушылық және қоршаған ортасына байланысты. Қазіргі кездегі көптеген кеселдердің дені мінез-құлық факторларынан, оның ішінде темекі шегу, ішімдік ішу, төмен дене белсенділігі, дұрыс тамақтанбаудан екендігін ескерте отырып, оның денсаулыққа зиян екендігі жөнінде үгіт-насихат жүргізілуде. Сондай-ақ ерте неонатальдық және нәрестелер өлім-жітімін азайту мақсатында, елімізде ана мен бала денсаулығын қорғау саласында халықаралық стандарттар жүйесін енгізу, перзентханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары ұйымдастырылуда. Әсіресе ауылдық  елді-мекендердегі тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға көңіл бөлуді талап етеді. Ал ана мен бала қаралы статистикасы көбінесе шет аймақтардағы ауыл тұрғындарынан екендігіне ерекше назар аудару қажет.

      Мамандардың айтуынша, жүктіліктің алғашқы кезеңінде жергілікті емханаға тіркеліп, дәрігерлердің сапалы кеңесінен өту аса маңызды. Көптеген әйелдер өз денсаулығы мен болашақ сәбидің өміріне аса мән бермейді. Осының салдарынан сәбилердің өлі тууы жиі орын алып отыр. Заманауи, технологиясы жоғары, дамыған қазіргі медицинада сәбидің құрсақтағы дамуы мен денсаулығын ерте анықтай алады. Көп жағдайларда ота жасау немесе жасанды жолмен туғызып алу арқылы жүктілік мерзімін қысқартуға тура келеді.

      Құрсақтағы дамуы кешеуілдеген шарананы емдеу – бүгінгі таңдағы шипасы табылмай жүрген емдердің бірі. Бала жолдасының шаранаға қажетті қоректік заттарды жеткізбеуі оның дамуын тежейді. Жуық арада отандық дәрігерлер германиялық профессорлармен бірлесіп, құрсақтағы баланы емдеудің жаңа әдісін тапқан болатын. Бұл жаңа әдіс әйел жүктілігінің алты айлығына дейін жасалып, кіндік арқылы құрсақтағы сәбиге қажетті дәрумендер жеткізіледі әрі сәбидің физиологиялық дамуын қалпына келтіре алады. Дамуды тежейтін кедергілерді азайтып, жүктіліктің қалыпты жалғасуына себеп болатын көрінеді. Осы әдіс болашақта оң нәтижесін көрсететін болса, аналар мен сәбилердің өмірін сақтауға әрі демографияға тигізер пайдасы зор.

 Әйел ағзасындағы қандай да бір дерт жүктілік кезеңінің ауыр өтуіне әсер етеді. Сондықтанда жоспарлы жүктіліктің алар орны ерекше. Бала көтергенге дейін әйел бойындағы ауруларды емдеп, болашақ ана болуға дайындық жасауы тиіс. Мәліметтерге сүйенсек, ана өлімінің негізгі себеп-салдарында бірінші орында жүктілік пен босанудың асқынуларымен байланысты экстрагенитальдық дерт – 48,8%. Ал тыныс алу мүшелерінің ауруы – 47,7%, жүрек тамырлары дерті – 23,1%, өкпе құрты – 9,2%, гепатит – 4,6%, обыр – 3,1%. Сонымен бірге босанудан кейінгі кезеңмен тікелей байланысты себептер 42,1%-ды құрайды. Атап айтқанда, бірінші орында акушерлік қан кету – 21,1%, екінші орында эклампсия – 7,5%. Жүкті әйелдердің көпшілігі анемия ауруына шалдығады. Бұл дертті болдырмау үшін құрамында темір сияқты дәрумендерге бай құнарлы тағамдармен тамақтанып, таза ауада жиі серуендеу керек. Әрбір болашақ ана өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарағанда ғана ұлт саулығы оңалады.

       Қазақстанның халық саны бүгінде 16 миллионды  құраса,  2020 жылға қарай 18 миллионға жеткізу жоспары бар. Жаңа туған балалар саны жылына 300 мыңнан асып отырады. Дегенмен соңғы кездері өсу қарқыны жақсы деп, көп нәрселерге көз жұма қарауға болмайтындығы турасында жиі айтылады. Әлеуметтік жағдайы төмен көптеген отбасылар мен мүлдем бала сүйе алмай жүрген отбасылардың бар екенін еске салуды жөн деп санайды демограф ғалымдар. Халық санын көбейтуде ана мен балаға ғана бір жақты мән беріліп, ерлердің белсіздік мәселесі көлеңкеде қалып қойды. Кеш те болса, қазіргі кезде осыған аздап көңіл бөліне бастады.  

       Ана мен бала өлімі азайған кезде халық санының өсуі артады. Мұндай көрсеткіштер әр елде әр түрлі. Мәселен, дамыған елдерде қаралы статистика аз болғанымен де, халық санының өсуі төмен деңгейде. Сол елдердің медицинадағы жетістіктері айтарлықтай. Біздің елде кейбір жағдайларда дәрігерлер қателігінен әйелдердің өлімі жиі орын алып жатады. Осындай қателіктерге жол бермес үшін қазіргі кезде республикамызда медицина саласына көптеп көңіл бөлінуде. Медицина мамандарының терең білім алуына, олардың шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасуларына мүмкіндік көп.             

       Қазақстан жері географиялық жақтан 9-орында. Демографияға көші-қон мәселесі де үлкен ықпал жасайды. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізге 1 миллионға жуық қандастарымыз көшіп келіп, халық санының өсуі айтарлықтай артты. Ресми деректер бойынша шетелде әлі де 4,5 млн. қазақ өмір сүруде. Сол себепті сырттағы ағайындарды елге көшіріп әкелу мәселесі бүгінгі таңда өте маңызды. Тездетіп қолға алатын шаруа.

      Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығының басшысы Жасан Зекейұлы 10 жылдан астам уақыт Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында жұмыс істеп келеді. 5 мың жылдық тарихы бар шығыстық емдеу орталығында 500-ге жуық әйел бала сүю бақытына ие болды. Демек еліміздің демографиясына қосқан үлесі зор. 50 000-ға жуық науқастарды қабылдаған бұл орталықтың емдеу әдісі де ерекше. Жалпы Алтын иненің қуатымен онкологиялық және өкпе құрт ауруларынан өзге барлық ауруларды емдеп, жазуға болады. Әсіресе, әйелдер ауруларында, жүктіліктің барлық кезеңдерінде денсаулықты түзеуге, қиналмай босануға, құрсақтағы сәбидің денсаулығына оң әсерін береді.

      Ежелгі шығыс медицинасында «ауруды емес, аурудың өзін емдеу керек» деген қағиданы ұстанғаны белгілі. «Жас-Айлықтар» науқастарды емдеп қана қоймай, оған барынша жылы қабақ танытып, үлкен ықылас білдіріп, ауырмаудың негізгі жолдарын үйретеді. Жан ләззаты бар жерде  тәннің де саулығы арта түседі демекші, адам жанына терең бойласа, оның мұң-қайғысы да азаяды.  

 Ж. Иманқұл,

журналист