«Уикипедия ашық энциклопедиядағы» темекінің таралу тарихына үңілсек Еуропа мен Азияға XV ғасырда келіпті. Ресейде осы уақыттарда темекі түтінімен тіс ауруын емдеген деген дерек бар. Ал қазақ еліне шылым Ресей отарлаушыларымен келгені анық. Ақкөңіл, еліктегіш халқымыз көк түтінге үйір бола бастағанын байқаған халық жанашырлары темекіге ұрпағымыздың жоламауы туралы сол замандарда-ақ айтқан. Алайда ақыл айтушылардан замананың азғырушылары зор шығып, қазіргі таңда қарт та, жас та көк түтінді аузы-мұрнынан будақтатып, өздерін ғана емес, қоршаған ортаны да ластауда.
Мәселен, темекі түтінінде никотин, нөмір қышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар секілді 30-дан астам улы заттар бар. Әлемде темекіден ауаға жылына 720 мың тонна күкірт қышқылы, 384 мың тонна аммиак, 180 мың тонна никотин, 660 мың тонна темекі майы, 550 мың тоннадай иісті газ шығады. Ал Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегіне қарағанда еліміз халқының 25%-ға жуығы яғни 4 миллионнан астам адам темек шегеді екен. Мұның 1 миллионға жуығы қыз-келіншектер болса, 120 000-нан астамы 13-15 жас аралығындағы жасөспірімдер екен. Сонымен қатар еліміз темекі тартудан әлемде 13-орынға шығып, дабыл қағардай жағдайға жетіптік. Ең өкініштісі елімізде жыл сайын 25 000, күніне 70 адам темекіден туындаған аурулардан қайтыс болатыны белгілі болды. Бұл енді ресми мәліметтер десек, кейбір сарапшылар нақты жағдай бұдан да күрделі деп отыр. Олардың мәліметінше, әрбір алтыншы әйел шылым шегетін болған. Ұрпақ өсіретін болашақ аналарымыз осындай жаман әдетке бой алдырған болса, «Үкіметіміз темекіге кешенді шара көрмей не қарап отыр?» деген заңды сауал туындайды.
Шылымқорлық мәселесіне дамыған Еуропа да алаңдаулы. Себебі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жылына 500 мың еуропалық темекіден болатын дерттерден көзжұмытыны анықталыпты. Осы ұйымның болжауынша, шылмқорлардың көбейуінің салдарынан әлемде 2020 жылы онкологиялық аурулар көбейе түседі екен. Оның ішінде Қазақстандағы «аты жаман ауру» көбейетін көрінеді. Еліміздегі 12 мен 14 жас аралығындағы балалардың 10%-ы, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 21%-ы, 18-19 жастағылардың 32%-ы, 20-29 жастағы адамдардың 30%-ы шылым шегуге әуестенген. Ал 29 бен 59 жас аралығындағы еңбекке жарамды, қалалық жерде тұратын ер адамдардың 62%-ы және ауылдық жерлерде тұратындардың 65%-ы көк түтінді серік етеді. Сондай-ақ, қаладағы туу жасындағы әйелдердің 8%-ы, ауылда тұратындардың 7%-ы жаман әдеттке бой алдырған. Езуіне темекі қыстырғандардың үштен бірі, кейде тіпті, тең жартысы ажалынан 15 жыл бұрын өледі екен. Темекі тартатын адам күніге орта есеппен 200 рет, айына 6 мың рет, жылына 72 мың рет ішке түтін тарттса, ал 45 жастағы адам өмір бойына орташа 2 млн. рет темекі тартады. Әуел баста әуестікпен бастаған 100 адамның 80-і біртіндеп тұрақты шылымқорға айналады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы темекі тартуды жұқпалы ауру ретінде қарастыруда. Олар 30 жылдың ішінде жасалған ірі көлемдегі 8 зерттеу нәтижелеріне сүйенеді. Бұл зерттеуде 2 миллионға жуық сырқат пен 290 мың өлім себебі қарастырылған. Аталған нәтижелерге сүйене отырып, дірігер-мамандар темекіні адам ағзасына зиянын төмендегідей топтарға бөліп қарастырады.
Ас қорыту жүйесіне зияны
- Дәмге деген тәбетті қашырады.
- Ас қорытуды нашарлатады.
- Асқазанда жара пайда болады.
- Ерін, тіл және өңеште қатерлі ісік ауыруына жол ашылады.
- Тамақ бойға дұрыс сіңбейді.
Тыныс алу жүйесіне зияны
- Өкпе мен көмекейді қатерлі ісікке ұшыратады.
- Аурулардың 90%-ының себебі темекіден екені дәлелденген.
- Мұрын, ауыз, тыныс алу жолдары қабынады.
- Тыныс алу жолдары созылмалы ауыруларға ұшырайды.
- Жөтел және қақырық пайда болады.
Псориаз
Темекі шегетін адамның қалыпты қызыметі бұзылып, теріде ұсқынсыз алабажақ дақтар пайда болып, псориаз ауыруына душар болады.
Тәуелділік
Темекі құрамындағы никотин ми қызыметінің қалыпты жұмысын бұзып, темекіге тәуелді етіп тастайды.
Бетті әжім басуы
Шылым шегу – қанның терідегі айналымын нашарлатып, адамның жүзіне әжім түсіріп, ерте қартаюға әкеп соқтырады.
Соқырлық
Темекі шегу – көздің көруін нашарлатып, түбінде соқырлыққа ұрындырады.
Ауыз қуысындағы рак ауруы
Темекі шегетін адамның аузындағы сілекейі түрлі зиянды бактерияларды залалсыздандыра алмайтындықтан ауыз қуысын рак ауруына ұшыратады.
Өңеш рагы
Өңеш рагына ұшыраған әр-бір бес адамның төртеуі темекі шегеді. Темекі шегетіндердің өкпе рагымен сырқаттану қаупі шекпейтін адамдармен салыстырғанда 20 есе жоғары. Темекі шегетіндердің 90%-ы ентікпе және эмфиземе кеселіне ұшырайды.
Жүрек ауруы
Темекі шегу – жүрек, қан-тамырлары ауруына шалдықтырады.
Асқазан жарасы
- Тамырды қатайтады, қан қысымын көтереді.
- Қол-аяқтың қан тамырлары бітеледі, генгрена пайда болады, содан қол-аяқты кесуге тура келіп, адам кемтар болып қалуы мүмкін.
- Миды қамтитын тамырлар да қатайып, жасушалары өледі. Сол себебті есте сақтау қабілеті төмендейді. Осындай кеселдің салдарынан адам жүрек ауруларына, әсіресе жүрек бүлшық еті инфарктіне шалдығады. Осы аурумен өлетіндер саны темекі тартпайтындардан он есе артық.
Көңіл-күйге, сана-сезімге, жас мөлшеріне және өзгеде зияндары
- Адамның есте сақтау қабілетін төмандетеді.
- Көңілсіздікке дұшар етеді.
- Ұйқыны бұзады.
- Тез қартайады.
- Теріге көп әжім түседі.
- Белсіздікке соқтырады.
- Темекі тартпайтындарды да уландырады.
- Өрттің шығыуына себебші.
- Темекі шегетіндердің өмірі 10-15 жасқа, ал айналасындағылардың жасы 5 жылға қысқарады.
- Бүкіл ғұмыры аурумен өтеді.
- Болашақ ананың темекі тартуы іштегі баланың өлі тууына әкеп соғады.
- Темекіге тәуелділік нашаға тәуелділіктен де қатерлі.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының зерттеуінше темекі шегетіндер стенокордиямен 13 есе, миокорд инфарктімен 12 есе және асқазан жарасымен 10 есе көп ауырады. Темекі шегетін әрбір 7-адам қан тамырларының (әсіресе аяқтың) қатерлі ауруы – эндертеритке шалдығады. Темекі тартпайтындарға қарағанда жүрек ауруынан 2-3 есе жиі өледі, жиі ауырады. Күніне 10-12 тал шегетіндер өкпе рагімен 15 есе, ал күніне 2 қорап темекі шегетіндер 30 есе жиі сырқаттанады. Шылымқорлардың әйелдері басқаларға қарағанда туберкулезбен 4 есе жиі ауырады. Одан аман қалғандары темекі тартпайтындардың әйелдерінен 4 жыл аз өмір сүреді. Темекінің адам өміріне төндіретін көптеген зияны күн өткен сайын ғылыми тұрғыда дәлелденуде. Мұны дәрігерлер «баяу өлім» деп атайды. Темекі – денең мен санаңды баяу, білдіртпей улайтын, түбіне жетпей қоймайтын түрлі дерттердің бастауы.
Нұрболат АБАЙҰЛЫ,
журналист.