Была проведена презентация исторического и документального романа «Тектілік тегеуріні»


Кітаптың тұсаукесеріне жиналған сөз өнерінің саңлақтары қазақ әдебиетіндегі тарихи-деректі жанрдың тағы бір қазынаға молайғандығы туралы тоқталды. «Тектілік тегеуріні» аталатын романның бас кейіпкері Халықаралық инемен емдеу академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы болғанымен, кітап тек ата-тек шежіресі мен өмірбаяндық өсу жолын баяндаудан тұрмай, тарихи кезеңдер яғни, қазақ халқының қысылтаяң шақтарды бастан өткеруі, онан соң Қытай компартия билігі кезіндегі шынайы оқиғалар тізбегінен құралуымен де құнды екендігі айтылды.
Атамекеніне оралып, «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медициналық орталығын ашып, алған білімін өз елінің қажетіне жаратып, дерті дендеген науқастарды айықтырып келе жатқан орталық басшысы Жасан Зекейұлына сөз алғандардың барлығы дерлік айрықша рахметтерін білдіріп, тектілік, білімпаздық, еңбекқорлық, жомарттық қасиеттеріне де тоқталып өтті. 
Сондай-ақ романның көркем де айшықты тіл өрнегі әр дәуірдегі кейіпкердің тіл қолданысын өте дәлме-дәл бере білуімен де ерекшеленіп, бұл өз кезеңінде еңбектің тіл білімі саласының да зерттеу жұмыстарына нысан, қор болуына жол ашатыны да сөз болды. 
Мәдени шара барысында ҚР Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақ радиосының «алтын дауысына» айналған Сауық Мәсіғұтқызы Жақанова мен ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері әрі талай буынды тәрбиелеген танымал диктор Аманжан Еңсебайұлы «Тектілік тегеуріні» романындағы билер кеңесі мен даналық сөздерінен үзінді оқыды. Халқымыздың сан ғасырлық бай ауыз әдебиеті үлгілерінің ең мәйектісі мақалдарды және жазушы қиялы мен мен қаламынан туған сөз маржандарын ерекше дарынды дауыс иелері оқығанда одан сайын құлпыра түсті.
ҚР Мәдениет қайраткері, әнші, сазгер Ержан Белғозиев өз әндерінен шашу шашты. Абай атындағы опера және балет театрының әншісі Тілеубек Қожанұлы әуелетіп ән шырқаса, айтыс ақыны Қазірет Бердіхан кітап авторы мен жиналған көпшілікке суырып салма жырын арнады. Қарлығаш Нұрсалғазықызы да қоңыр домбыраны күмбірлетіп ән салды.
«Тектілік тегеуріні» кітабының тұсаукесері қазақ фольклортану, әдебиеттану және өнертану ғылымдарының орталығы, яғни М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтында өтіп жатқанының да тарихи мәні зор екендігіне тоқталған Жасан Зекейұлы жиналған көпшілікке өз рахметін білдіріп, кітап авторы Жанат Ахмадиға құндыз шапан жауып, ат мінгізді. Сондай-ақ, халық болып мақтан тұтатын О.Сәбден, Ғ.Қабыш, Ғ.Жайлыбай, Е.Жаппас сынды ел ағаларына да шапан жауып, «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медицина орталығынан тегін ем алуға куәлік тапсырды.
Түйінсөзді алған ұлттық ұғым, халықтық салт-сана, қазақы жөн-жоралғының білгірі, мақал-мәтелдердің мәйегін беруші, сөз шебері Жанат Ахмади жиынға келген қаламдастарының әрбіріне тоқталып, естеліктерден сыр ақтарды. Өзі сомдаған кейіпкері Жасан Зекейұлына, оқырмандарына, жиналған көпшілікке алғысын білдірді. 
Эстетикалық танымды, ой өрісті кеңейтіп, қазақтың шұрайлы, киелі сөз өнеріне тұшындырып, отан сүйгіштікті еселеп, ұрпақ тәрбиелеудегі негізгі қағидаларды мықтай түсетін тамаша тарихи-деректі туындыны оқырмандар Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасынан оқи алады, сатып алам деушілер «Жас-Ай» медиаорталығына хабарласып тапсырыс берулеріне болады.

Байланыс телефондары: 302-15-40; 390-19-19; 
8-777-232-18-71; 8-775-711-62-35.
Эл. пошта: zhasai_67mail.ru
Сайт: www.jasai.kz

«Жас-Ай» медициналық-ақпараттық 
журналының ұжымы