«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар»


«Ел  үмітін  ер  ақтар, ер атағын ел сақтар»

      Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалы мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп, бір іргелі ой шегеленіп, анықталған. Осы теңдесі жоқ заманауи құжатта: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелестік қабілетімен айқындалады»-, деп те кімнің де болмасын жүрегіне жететіндей айтылған. Қандай да болмасын елдің күнделікті тіршілігіне берекет беретін әрекетке жетелейтін сана ғой. Үлгі іс бастауы - сана. Сананың діттегені – ел игілігі, бақуатты өмірі, тек қарадүрсін жеке бастың қамы емес, әлбетте. Қалай болғанда да кеше де, бүгін де, ертең де бұл бағдарлы мұратқа тек қай бөтен жұртқа дес бермейтін бәсекелестік қабілетіміз арқасында жететінімізге еш күмән жоқ.

Осы өткен 2017 жылғы сәуірдің 24 жүлдызында Хьюстон \Америка Құрама Штаттары/ қаласынан WORLDCOB Әлемдік компаниялар Конфедерациясының шешімі бойынша  Халықаралық «Жас-Ай» шығыс медицина орталығы Жасан Зекейұлының басшылығымен бизнес әлемінде іскерлік белсенділігін көрсеткені үшін таңдауымызға ие болды деген хабар келіп түсті.

Сондықтан да, Жасан Зекейұлы, Сізге біздің арна­йы сый­лы­ғы­мызды табыс етуге арналған естен кетпейтін салтанатты рәсімге шақырамыз. Сізді марапаттау салтанатының өткізілетін жерін және мерзімін мына төменде келтірілген кестеден қалап алыңыз.

  • Еуропа, Бухарест, Румыния 3 мамыр, 2017 жыл.
  • Америка, Сент-Томас, Американың Вирджиния аралдары, 26-27 шілде, 2017 жыл.
  • Дубай, Біріккен Араб Әмірлігі, 15 қараша, 2017 жыл.

Құрметті Жасан Зекейұлы! Сізді және Халықаралық «Жас-Ай» шы­ғыс мед­и­цина ортал­ы­­ғындағы командаңызды әлем­­дік би­з­нестегі «Іскерлік белс­­енділігі» деп аталған арнайы сыйлығыңызбен құттықтаймыз!

 

Құрметпен, Әлемдік компаниялар Конфедерациясы атын­ан Ala­rbi Sefian, аймақтық директор.

Мекен-жай: 723 Мэйн-Стрит, люкс саны-508, Хьюстон, Техас 77002, АҚШ.

 Осы хатта көрсетілген мер­зімде былтырғы 2017 жылғы 15 қарашасында Жасан Зекейұлы «Әлемдік бизнес үздігі» деген өзіне арналған сыйлықты алу үшін Дубайға барып келген соң, осы сәтті сапарына орай әңгімеге тартқан едік.

 -Бисмилля деп бастайын. Біздің халықаралық «Жас-Ай» шығыс медициналық орталығына шақыру қағаз  Әлемдік WORLDCOB сауда палатасынан келді. Бұл қағаз әрі қуантты, әрі толқытты. Қуанғаным менің қасиетті қазақ еліме, қазақ халқына бұл мәртебелі  мекеменің назар аударғаны. Бұл бір деп білсек. Әрі толқытты... Бұл шақырыстың маған артар жауапкершілігі өте үлкен. Бір мәртелік емес. Өмір бойы өзім алдымен елім, содан соң барып төрткүл әлем алдында танытатын жауапкершілік. Мен қазақ деген ұлы ұлттың перзентімін. Қазақтың кемел келешегіне сәт сайын, күн сайын, өмір бойы жұдырықтай жүрегім соғып тұрғанда қалтқысыз адал қызмет ету – мен үшін әрі, парыз әрі міндет. Мұны екі деп біліңіз.

Неге Әлемдік сауда палатасы бізге назарын тікті екен... Қалайша бұлардың нысанасын қалт жібермейтін назарына іліктік?

Алдымен еліміздегі халық денсаулығын сақтау саласындағы сіңірген еңбегімнің нәтижелері болар. Жазылмайтын дерттерге дауа беріп жүрмін. Ауруларынан сауыққан науқастардың алғысын алып қана қоймай, қаншама адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп жүрмін.  Орталығымыздың қандай да болмасын ауруларға көрсетіп жүрген медициналық қызметі қолжетімді. Қазіргі кезең сұранысын қан­­ағаттанды­рып ке­л­еміз. Бұдан басқа да әлеуметтік, қоғамдық маңызы бар шараларға мұрындық болып, ел ризашылығына бөленіп жүрміз. Әлхәмдүлиллә!

 Клиника жұмысын әлемдік талаптарға сай және ел ішіндегі денсаулық сақтау саласындағы жұмысты, салауатты өмір салтын жүйелі насихаттау, шараларын ұтымды ұйымдастыруымыздың арқасында осындай іргелі мекеменің назарына іліккен болармыз тегі. 

WORLDCOB – Әлемдік сауда палатасының маған жіберілген арнайы шақыру қағазында отбасыңызбен де келуіңізге болады делінген. Сондықтан мен Дубайға жұбайым Айшагүл Маемирова ханыммен және балаларымды Айшолпан, Айман, Айсұлтанды да ала бардым. Дубай әуежайында бізді кәдімгі халықаралық деңгейдегі хаттама бойынша өте жақсы қарсы алды.

Ал, Халықаралық «Жас-Ай» шығыс медицина орталығы ұжымының басшысы ретінде маған құрмет көрсетілді. Өзі бұл жөні, жолы бөлек салтанатқа 120 мемлекеттен келген бизнес майталмандары шақырылған екен. Төрт- төрттен  келген өкілдер стол бойына орналастырылдық. Мен отырған стол үстінде дәл алдымда Қазақстан мемлекетінің туы тұрды. Осы мемлекеттік туымыз сахнада да бой түзеп тұрды. Көркі анадайдан көз тартатын аумақты сахнаға Қазақстан өкілі халықаралық «Жас-Ай» шығыс медицина орталығының бас директоры Жасан Зекейұлы мырза шақырылады деген жүргізуші дауысын естіп орнымнан тұрдым. Сахнаға жеткенше, біздің ерек жүлдені иеленген Халықаралық «Жас-Ай» компаниясының бас директоры Жасан Зекейұлы мырза келеді. Қазақстанда медицина саласындағы жекеменшік компаниялар арасындағы үздігі осы компания деп, жиналғандарды құлағдар қылып жатты. Компаниямыздың орындаған жұмысы, тындырған қызмет нәтижелерін айтып таныстырды. Бұл сәтте өзім қазақ екенімді айырықша мақтан тұттым. Дүниежүзіне Қазақстанды мықты мемлекет ретінде танытқан Н.Ә.Назарбаевтай дана басшысы бар іргелі ел өкілі болған соң бойыма бір бұла күш бітті. Алшаңдай басып маңғаз қалпыммен сахнаға маған арнаған    WORLDCOB Әлемдік сауда палатасының сыйлығын алуға шықтым ғой.

Шет жердесің бе, өз аума­ғыңдасың ба, мемлекет атын, даңқын шығаратын бір адам. Басқа жақта әрқайсымыздың адами капиталымыз мемлекетіміздің күш қуатын айна қатесіз көрсететініне көзім жетті. Қабілет қарымымыздың жеткен биігіне орай компания да, мемлекет те танылады. Халықаралық «Жас-Ай» компаниясы сияқты бәсекелестік қабілеті дамыған компаниялардың қатары өз елімізде көбірек болса ғой деп те ойладым. Қазақстанның озық отыз елдің қатарына тезірек қосылуына әжептеуір сеп, медет болар еді деп те қоямын.

 Сахнаға шыққан соң маған сөз берілді. Маған үш тілдің бірінде сөйлеуге болады деді ондағылар. Мен маған мағұлым үш тілдің бірінде емес, Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлеймін,-дедім. Мұндай рұқсат берілді. Мен бұған қатты қуандым. Өз ана тілім – мемлекеттік тілде сөйледім. Менің қазақ тілім сол тұста басқа алпауыт мемлекет тілдерімен иық теңестіріп қатар тұрды. Бұл жерде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік білетін Түркия азаматы бар екен. Сол менің сөзімді лездеме ретімен тәржімалап тұрды. Бұған қалай қарап, қалай таразыласаңыз да қазақ елімізге деген Халықаралық деңгейдегі құрмет жыл сайын артып келе жатқан сыңайлы.

Осы салтанатқа жиналған бизнес әлемінің топжарғандары, үздіктері ғой. Бизнес хақындағы ой, пікір, көзқарас алуан түрлі ғой. Ал, менің пікірім бір басқа. Бизнес тек жеке бас қамын жемейді. Бизнес - ол дегеніңіз жеке баюды діттейтін кәсіп десеңіз, мен бұған түбегейлі қарсымын. Неге? – дейсіз ғой енді...

Өз қамыңызды, қарабасыңызды ғана күйттеп жүретін болсаңыз, сіз қандай адамсыз? Адамсыз ба, өзі... Жалғыз болып қалмайсыз ба, егерде осындай ой «орманында» жүрсеңіз, жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас – дегенді ұмыттыңыз ба? Менің ұғымымдағы бизнес – ол халыққа пайдасын тигізетін бизнес, туған жер игілігін діттейтін бизнес. Мемлектімнің экономикалық қуатын еселейтін бизнес. Осындай бизнес елге жұмыс орындарын береді. Кәсібіңнен түскен несібе жетім-жесірлерге, емделуге жағдайы жоқтарға, жағдайы онша емес мүгедектерге, қорғансыз материалдық көмегіңізге зәру адамдарға беріледі. Жаманнан кесепат, жақсыдан шарапат демей ме, қазағым. Бизнес дегеніңіз жақсының мұқтаж кісіге тигізер шарапаты. Осыны есте тұтқан жөн болар.

Мұндағы бізге тапсырылып жатқан «BIZZ-2017» \ «2017 ж. Әлемдік бизнес үздігі» атақ, абырой бөтен емес, өз халқыңның мойындалуына орай екені айдан анық. Бұл жерде-айта кететін жәйт біз жеке бас мүддесін ғана қоритын адамдардың сахнаға шыққанын көрген жоқпыз.

          Жігіт бір сырлы, сегіз қырлы болуы керек деген сөз бар емес пе... Осы сегіз қырлылықты екі есе қылатын, дамуымызды қарыштататын кезеңге келген сияқтымыз.

Бұл жаһандану үрдісі бір сәт тоқталмайтын, сәт сайын үдей беретін процесс. Осы себептен де қатарыңның алды болу үшін жалғыз тек мамандығымды жетілдірумен шектелмей, жан-жақты үдемелі сипатта даму қажеттілігін ерекше мойындадым. Дәрігермін деп қана жүре берсем, еліме тигізер пайдам тиімді де ұтымды болмай шығатынын ұқтым. Ел келешегінің көкжиегіне көз жіберіп ойға қалдым. Тек дәрігерлік маман ауанында қала берсем, туған халқыма көңілім толатындай қызмет атқара алмас едім. «Мың бірдің қамын ойламайды-деген екен бір жібі түзу қазақ. – Бір мыңның қамын ойлайды». Бабам Бек әулие мыңның қамын жеген, мыңның үміт үдесінен шыққан текті бастауым. Мен соның маған сенім артқан ұрпағымын. Халыққа қызмет ету – Бек әулиенің басты мұраты болса, мен үшін де бұл игі мақсат, өмірімнің мәні болып қала бермек.

Мамандық берекесін берген кәсібім мен қоғамдық жұмысқа белсене араласуым мені тұлға ретінде қалыптастырды. Бизнес пен қоғамдық жұмыс құстың қос қанатындай мені әлем кеңістігінің көкжиегіне бір мақсат асуынан асып, екінші мақсат биігіне жетуге дем береді. Бүгінгі дәуірдің бізге қойып отырған бірсыпыра талаптарының бірі жан-жақты болу, бір мамандықпен шектеліп қалмау. Ақиқатқа тоқталсақ: бір өзім үш мамандық егесімін, хирург, невропатолог және алтын ине терапиясы. Шығыс тибет медицинасының өзегін құрайтын 5-6 терапия түрлерінің қыр-сырын игердім. Осының бәрі бір Алланың маған берген өнері. Өнерім, білігім, білімім, кәсіби мәдениетімнің қазынасы – түп-түгел халық игілігіне оны  еселеуге арналады.

Осымен аттарын атап, түстерін түстеген дүниелер ұлттық дәстүр, ұлттық тіл, ұлт тарихы бірге жұпталып, жинақтала келе бір-бірінен ажыратып болмайтын тұстастыққа ұласады емес пе?! Міне осыны ұлттық код десек те болады. Ұлттық кодымызды сақтай білсек, оны бір сәт жадымыздан шығармасақ – қандай қиыншылық болсада жеңіп, жеңіс тұғырына шыға алатынмызға сенімім кәміл. Өз басым Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалы мақаласын күнделікті жұмысыма, кемел келешекті жақындата түсетін іс-шара жоспарларымды жүзеге асыру барысында басшылыққа алып жүремін. Бұл аса мемлекеттік маңызы бар құжат. Құжатта мынадай қағида бар: «Біз әркім жеке басының қандайда бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағалайтын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз».

Қандай да болмасын мамандық иесіне осындай көзқарас тұрғысынан қарап бағалау, оның  еткен еңбегінің, атқарған қызметінің оң нәтижелерін бағамдау – біздің алдымызда тұрған бұлжытпай орындайтын міндет.

Бұрынғыдай «ұзын арқан, кең тұсауға» не жетсін заманы артта қалды. Бүгінгі кезең мұны көтермейді.

Үздік отыздыққа апарар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 81 қадам. Жеке медициналық мекемелерді дамыту, медициналық меке­­мелерге корпоратив­тік бас­қаруды қарастырған.

 Бәсекелестік есебінен қызметтің қол жетімділігі мен сапасын көтеру мақсатында әлеуметтік медициналық сақтандыру жағ­да­­­йындағы бастапқы меди­ц­и­налық әлеумекттік көмекті қаржыландыру – бәсеке есебінен медициналық ұйымдастырудың корпоративтік басқару қағидасына көшуді қамтамасыз етеді.

Бәсекелік есеп қай жұмыс­ыңыздың сынын, сипатын, ұтым­ды тұстарын анықтамақ. Бізге бүгін қойылатын талап жоғары. Мемлекеттік деңгейде қойылып жүрген, қойыла беретін де талап осындай болуы тиіс. Дубайда өткен, жадымызда жаңғырып жүретін іс-шара міне осы ойымды айшықтап, анықтай түсті. WORLDCOB – мені салтанатты шараға сыйлық алуға шақырған Халықаралық сауда палатасы соңғы 12 жыл бойы Африка, Европа және Азия құрлықтарындағы 120  елдегі 3000 қатысушыларының жаһандық бизнеспен айналысуына мүмкіндік туғызып, межелі жетістіктерін бақылап отырады.

Жыл сайын осы мәртебелі мекеменің жаһандық ауқымда BIZZ үздіктерін таңдап алып марапаттайтын дәстүрі бар екен. Осы дәстүрлі шара кезінде Қазақстан  көк туын желбіретіп, даңқын бір асқақтатып елімнің бәсекеге ешкімге дес бермейтін мықтылардың бірі екендігін жершарының түпкір-түпкірінен келген бизнес алыптарына мойындатып келдік. Осы бір игі дәстүрді менің қатарластарымнан ғана емес, кейінгі буын жастар арасында да жалғастыратын топжарғандар болар деген сенімімді сергітіп жүрген жайым бар.

Сайып келгенде, бизнес те халық рухын демейді, бекем қылатынына шүбә келтірмеңіз.

Міне осылай елін сүйген, ел қадірін білген Жасан Зекейұлы тағы да Қазақстан мемлекетінің бизнес әлеміндегі мәртебесін жоғарылатып, бізді қуантып келді. «Ел үмітін ер ақтар» ,– деп жұрт бекер айтпаған-ды.

 

Сейітзада Әсембек,

мәдениеттанушы