Армысыз, оқырман! Сонымен ресми күнтізбедегі ит жылы келіп, қолдарыңызға «Жас-Ай» журналының биылғы алғашқы саны тиіп отыр. Байқасаңыздар бет-бейне, бағыт-бағдарымызды мақсат, мүдемізге орай түзеген жайымыз бар. Журналымыз болашақта ғылыми-медициналық және сараптамалық басылым болмақ. Бұл бағытта бірнеше нақты қадамдар жасадық. Алдымен редакция алқасы құрамын өзгерттік. Қазақ медицинасы саласына зор үлес қосып жүрген Төрегелді Шарманов пен Серік Ақшолақовтай білікті ғалымдарды редакция ақылшылырының құрамына енгіздік. Журналдың ішкі мазмұнын академиялық басылымға айналуға қарай өзгерттік. Ол үшін бірнеше кәсіби білікті мамандар шақырдық. Журналдан орыс тіліндегі материалдарға орын бердік. Ал, болашақта ағылшын тілінде мақалалар жариялауға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл Елбасы Н.Назарбаев бастаған 3 тұғырлы тіл саясатына қолдау көрсету деп білеміз. Және сол арқылы қазақ оқырмандары әлемдік медицинаның жаңалықтары мен жетістіктерінен хабардар болып, болашақта оның игілігін көру мүмкіндігіне ие болмақ. Айтпақшы осы ретте оқырманға айтарымыз - алдағы уақытта біздің басылымнан қандай дәрігерлеік кеңестер алғыларыңыз келеді, нендей танымдық дүниелермен танысуды қалайсыздар, біздің «Жас-Ай» электронды почтасына, сайтына, радакция мекен-жайына хабарласып, сауал жолдаңыздар. Біз жауабын тауып жариялаймыз.
Журналдың мазмұнымен қатар материалдық базасын нығайту мақсатында насихаттық, жарнамалық мақалаларды да молайтуды көздеп отырмыз. Ол үшін медицинаның сан алуан салаларымен қатар фамрацевтиканы, медициналық туризмді, сауықтыру орындарын, салауатты өмір салтын, спортты, туризмді қоса насихаттайтын боламыз. Бұған қосымша қазақ қоғамының дамуына үлес қосып жүрген тұлғалар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және кәсіпкерлер де біздің назарымызда болып, қаламымыздың қарымымен оқырмандарға таныстырылады. Мың түрлі мамандық иелерімен іскерлік байланыс орнатып, бәрімізге тиімді келісім шарттар жасамақ ниеттеміз. Халыққа сапалы ем-дом, дамыған елдер деңгейінде қызмет көрсететін сауықтыру орталықтары, табиғи таза тамақ, кіршіксіз киім, өзге де ел жиі тұтынатын тауарлардың дұрысын насихаттамақпыз. Ол үшін тәуелсіз сарапшылар мен редакция алқасының сүзгісінен өткендерін ғана жарнамалаймыз. Ондағы мақсат оқырманның алданып қалуына жол бермеу.
Ал, тұрғындарға түрлі ем шаралар мен өзге де қызмет көрсететін орталықтарға, тауар өндірушілерге, кәсіпкерлерге айтарымыз - біз бұдан былай «Жас-Ай» журналы мен сайтында жоғарыда біз атап өткен талаптарға сай келетін тауарыңыз, өніміңіз және сапалы кәсіби қызметіңіз болса бізге жүгініңіз. Біз сіздерді халықпен айнымастай таныстырамыз. Тұтынушымен екі араға алтынкөпір қызметін атқарсақ, басты мақсатымыздың орындалғаны. Сіздерге журналымыздың мұқабасынан бастап, қалаған бетіңізге жарнамаға орын береміз. Сіздердің қалауларыңызша көркемдеп безендіріп, ұсынамыз. Тұрақты жарнама берушілерге жеңілдіктер де қарастырылған. Журналымыз 5 мыңнан аса тиражбен республика көлемінде тараса, сайтымызды күн сайын мыңдаған адам қарайды. Алматы мен Астана қалаларындағы халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығына келіп емделушілер де күніне журнал және сайтымызбен танысуда. Болашақта өзге қалаларда ашылатын орталыққа келушілер де біз жариялаған ғылыми танымдық мақалалар мен бірге жарнамаларды да оқып білетін болады. Ендеше біз Сіздерге керекпіз, Сіздер біз бен елге қажетсіздер. Олай болса, бірлескен ісімізге береке берсін!
Жасан Зекейұлы,
«Жас-Ай» медициналық ғылыми-сараптамалық және танымдық журналының бас редакторы.