Жасан Зекейұлы:
«Бұл маған емес, елге жасалған құрмет»
Медицина ғылымдарының докторы, Халықаралық инемен емдеу академиясының академигі Жасан Зекейұлының есімі көзіқарақты оқырманға етене таныс. Ол халқымызды Шығыс-Тибет медицинасының қыр-сырымен танысытырып, салуатты өмір салтын насихаттап жүрген шипагер. Ел арасында «Алтын қолды дәрігер» атанып кеткен Жәкең жақында ғана «кәсібилігі және қоғам қайраткерлігі үшін» Вена қаласының Халықаралық университетінің Құрметті профессоры атағына ие болды. Ол атақ алып қана қайтқан жоқ, атақты Бетховен, Моцарттар күймен тербеген Палавичина сарайын ана тілінің әсем әуенімен толқытып қайтты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын!» деген ниетпен біз Еуропада ел абыройын асқақтатқан Жәкеңді әңгімеге тарттық.
– Жәке, Сіздің елге оралғаныңызға 15 жыл болды. Бір мемлекетке қоныс аударып, сіңісіп кетудің біраз уақытты қажет ететінін ескерсек, бұл ұзақ уақыт емес. Дей тұрғанмен, осы қысқа мерзім ішінде Сіз көптеген жетістіктерге жеттіңіз. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
– Дұрыс айтасың. Бір елден бір елге келіп, табан тіреп, тамыр тартудың қиындығы да аз емес. Дегенмен ұлттық рухың мен еңбекқорлық қасиетің тұрғанда қандай қиыншылық болса да жеңуге болады.
Саясы жоқ бәйтерек,
Саздауға біткен талмен тең.
Жақсы ағаңыз бар болса,
Алдыңда сары белмен тең.
Ағайының көп болса,
Ұлық бір Шеру қолмен тең, – деп Шал ақын бабамыз бекер айтпаса керек. Жат пен жақынды дер кезінде парықтап, ағайын-туғаныма, атажұртыма оралуым менің ең басты жетістігім. Өзім де жүз қытайды емдегенше, бір қазақты емдейін деп келіп едім. Сол арман орындалды. Жаныма жақсылардың жиналып, бүгінгідей ел ықыласына бөленуім тек қана еңбектің арқасы. Осы жолғы Венадан алған «Құрметті профессор» атағымды да, «Кеше келіп, бүгін бұл атақты қалай алды екен» деп ойлап жатқандарда жоқ емес шығар. Бірақ бес жыл ішінде 40 мыңнан астам науқастың дертіне шипа жасап, 5000-нан астам әлеуметтік жағдайы төмен емделушіге тегін ем көрсетуім адал еңбек пен төккен тердің жемісі. Мені танымайтын Еуропа менің елге жасаған қызметімді таныпты. Еуропалық бизнес ассамблеясының номинациялық комитеті мен Вена қаласының Халықаралық университетінің ғалымдар кеңесі ТМД-дағы 15 мемлекет пен Еуропаның жеті мемлекетіндегі ғалым-қайраткерлерді талдап-таразылай келе 30 адамды марапатқа лайық деп тапқан екен. Солардың ішінде жас шамасы ең кішісі мен болдым.
– Таңдаудың сізге түсуі кездейсоқтық емес пе?
– Әрине, маған «Вена қаласының Халықаралық университетінің құрметті профессоры» боласың деп үйім мен электронды поштама хат келгенде сенер-сенбесімді білмедім. Соңынан анықтап сұрасам, таңдаудың маған түсуіне Еуропадан келіп ем алған бірнеше науқастың да әсері болыпты. Олар дүниежүзінің талай емдеу орталықтарынан сауыға алмай ақырында маған келіп, ауруларынан құлан-таза айығып еді. Сондай-ақ, менің бұл атақты алуыма журналистердің еңбегі де орасан зор деп білемін. Өйткені, Еуропа барлық шетел БАҚ-тарын назардан тыс қалдырмай бақылап отырады. Ең қызығы, бұл атақ-марапаттың берілуіне бас себепші халық пікірі болып шықты. Марапаттаушылар ел арасында арнайы сауалнама жүргізуді де ұмыт қалдырмапты. «Еңбектің өнбегі бар» деген осы да.
– «Ащы менен тұщыны татқан білер, алыс пенен жақынды жортқан білер» дейді біздің қазақ. Вена қаласына қалай барып-қайттыңыз?
– Венаға баратын сапарда жол-жөнекей Түркияға тоқтап, бірнеше сағат аялдадық. Ол жерден қазақ ауданының әкімі Ілияс дейтін бауырымыз күтіп алды. Түркиялық қандастарымыз менің қуанышыма ортақтасып, дастарқандарынан дәм татқызып, ұшаққа шығарып салды. Венаға барғанымызда арнайы адамдар күтіп алып, орналастырды. 3 күн Вена қаласында болдық. Қала ортасындағы өзен қаланы екіге бөліп тұр. Өзеннің бір жағына көне қала мәдениетін паш етіп тарихи ғимараттар орналасса, екінші жағына жаңа салынған заманауи зәулім сарайлар орын теуіпті. Әлемнің жиырмадан астам мемлекетінен келген екі жүзге жуық қонақты 1782 жылы іргетасы қаланып, мәрмәр тастан соғылған Палавичина сарайында қабылдады. Сонда қазақ тілінде баяндама жасадым. Менің сөздерім бірден орыс және ағылшын тілдеріне аударылып тұрды. Жалпы, шетелге барып, басқа тілде сөйлеп тұратын қазақтарға таңғалып жүруші едім. Бұл сапардан байқағаным «қалауын тапсаң қар жанады екен». Керек болса өздері аударып алады. Шетелге барған әр азамат өзінің қай мемлекеттің өкілі екенін жақсы бағамдағаны дұрыс. Өйткені, онда тіл мен бірге мемлекеттің де, ұлттың да абыройы таразыға түседі. Салынғанына 150 жыл болған сарайды сөйтіп, қазақ тілінің қоңыр үнімен таныстырдым.
– Бәрекелді, Жәке. Қазақ тілінің «ауруына» да ем тапқан екенсіз ғой.
– Мен әр жерде айтып жүремін: қажеттілік болмай, қазақ тілі өрге баспайды. Мысалы, маған келген емделушілер орысы болсын, кәрісі болсын білгендерінше қазақша сөйлеп жатады. Өйткені, алдында қазақ тілді маман отыр. Ал, біздің мемлекеттік мекемелер мен халыққа қызмет көрсететін орталықтарда қазақ тілінің қажеті шамалы. Бұлай болмау керек. Мемлекеттік тілді мемлекеттің әрбір азаматты білуге міндетті болуы тиіс.
– Жалпы, «Зәруге дәру табу» кез келген емшінің қолынан келе бермейді. Сіздің ше, дәріргер болу қаншалықты қиын?
– Жазылғанына мың жыл болған Кайқаустың атақты «Қабуснама» кітабында: – Ей, перзентім! Егер дәрігер болсаң, дәрігерлік емдеу ғылымының тәсілдерін жақсы білгін. Дәрігерлік – ең жақсы, пайдалы ілімнің бірі. Ол негізінен екі саладан тұрады: Бірі, дәрігерлік ғылымның теориясы, екіншісі, оның қолдану тәжірибесі. Оларды жетік меңгеруің керек,–деген деген екен. Құнды сөз бағасын жоғалтпақ емес. Теория мен іс тәжірибесі ұштаспаған адамнан ешқашан жақсы маман шықпайды. Мысалы, менің соншама халықтың сенімінен шығуым, ең алдымен, Қытайда алған жоғары білімім мен ұзақ жылдық тәжірибемнің арқасы деп білемін. Ал, мен қолға алып отырған Шығыс-Тибет медицинасы біздің ата-бабамыздан келе жатқан емшілік дәстүрімен тығыз ұштасқан, терең ғылыми негізі бар емдеу жүйесі. Бір ғана Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянының» өзі неге тұрады. Қазіргі қалыптасқан шығыс медицинасы шөп дәрілер мен ине емін негіз етеді.
– Ине емінің қандай қасиеті бар, сонда?
– Иненің басты ерекшелігі адамның табиғи қуат көзін ашып, ауруды залалсыз емдеу. Мұны талай сұхбатымда анықтап түсіндіргенмін. Осы жолы Қазақстанның халық жазушысы, ақын Тұманбай Молдағалиев ағамның менің жасаған еміме жазған өлеңін мысалға келтіргім келіп отыр.
Қытайдан кеше келіп Жасан батыр,
Ем-домын қазақтарға жасап жатыр.
Аурулар Жасан салған ине арқылы,
Бақытын, қуанышын қоса ап жатыр.
Жүретін жотасына тұз байланып,
Жүретін демі бітіп, ізбайланып.
Кемпірлер Жасан салған ине арқылы
Кетеді бір жетіде қызға айналып…
– Ағаңыздың өлеңін жатқа оқып отырғаныңызға қарағанда әдебиет пен өнерден де құр жаяу емес екенсіз. Қалай ойлайсыз, біз таланттарымызды тани алып жүрміз бе?
Сергелдең боп қайтамыз сейіл барып,
Жақсыларды танимыз кейін барып.
Біздің ел асылдарды ардақтамай,
Өлген соң той жасауға бейім халық,
- деп Қайрат Құл-Мұхаммед деген ақын досым айтып еді. Сол рас. Біз көбінде ел үшін туған ұлдарымыздың орынын өлген соң жоқтап жатамыз. Кейде тіпті тірісінде сыйласпаған кейбіреулердің «асылым, алыбым» деп жоқау айтып жатқанын көріп, налып кетесің. Өз басым, ел үшін, жер үшін еңбек етіп жүрген азаматтарды ерекше қадір тұтамын. Сондықтанда, тек әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға ғана емес, белгілі тұлғаларға да тиісінше тегін ем көрсету менің ұстанымым.
– «Сырт көз сыншы». Сіз Қытайдан келдіңіз, Еуропаға барып жатсыз. Жалпы, көрген білгеніңіз көп. Қазаққа не жетпейді?
– Мен медицина орталығымның әр бөлмесіне «Қазақың түбіне жететін төрт кемшілік бар. Ол рушылдық, жалқаулық, намыссыздық, күншілдік» деп жазып қойдым. Біз осылардан арылсақ қана нағыз бірлікке жетеміз. Ал бірлік болған жерде тірліктің де алға басатыны белгілі.
– Жаңылмасақ, Құрметті профессор атағы сіздің «Кәсіби және қоғам қайраткерлігіңіз үшін» берілді. Өз салаңызда кәсіби маман екендігіңізде дау жоқ. Ал қайраткерлігіңізді көп жұрт біле бермейді. Осы жайында айта кетсеңіз…
– Еліме керемет еңбек сіңіріп жатырмын деп мақтанудан аулақпын. Өйткені әрбір ер азамат еліне қызмет етуге міндетті. Дегенмен, «Мен тек қана емшімін, басқа дүние жасай алмаймын» деп науқастарды емдеп қана отыра беруге болмайды. Халыққа қолдан келетін жақсылықты аямаған жөн. Өз басым рухани-мәдени шараларға мүмкіндіктің барынша атсалысамын. Ал, біздің «Жас-Ай» орталығынан шығатын «Жас-Ай» Шығыс-Тибеттік медицина журналын менің биылғы жетістіктерімінің үлкен биігіне балайтыным шындық. Бұлай дейтінім, мына көрші Қытайда қазақ тілінде медициналық сауат беретін мерзімді баспасөздер шаш-етектен. Ал біздің Қазақ елінде қазақ тілді медициналық басылымдар жоқтың қасы. Жалпы, экология бұзылып, ел денсаулығы нашарлаған қазіргі заманда халықтың медицналық сауатын арттыру жағы басты назарда болғаны жөн. Өйткені, мемлекеттің гүлденіп-көркеюі, ең алдымен, сол ел азаматтарының денсаулығымен өлшенеді. «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» деп көшеге сан жерден жазып қойғанымызбен, ұлтымызға қайткенде дені сау ұрпақ тәрбиелеуді, қайткенде денсаулығын жақсартуға болатынын үйретпесек қалай болашағымыз нұрлы болмақ? Осы мақсат үддесінен шығу үшін биылғы экономикалық қыспаққа қарамастан журнал шығаруды қолға алдым. Құдайға шүкір, журнал оқырмандары хат жазып, хабарласып, сұрақтарын қойып, бізбен тығыз байланыс орнатты. Мұның өзі халықтың салауатты өмір салтына бір қадам жақындағанының куәсі.
– Көктемде «Қара жолға да қарыздар болмаған қыз» дейтін керемет жыр кеші өтті. Осы тамаша кештің басы-қасында да сіз жүрдіңіз…
– Иә. Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі ақын қыз Эльмира Омарбекованың кітабының шығуына ұйытқы болып, Алматыдағы Ғалымдар үйінде «Қара жолға да қарыздар болмаған қыз» атты шығармашылық кешін өткіздік. Бұл шара белгілі ақын Мұратқан Шоқанұлы мен кәсіпкер Қару Қасенұлы үшеуміз құрған «Өмірді қорғау» қайырымдылық қорының аясында өтті. Қазір Эльмираның екінші кітабының шығуына да жәрдемдесіп жатырмыз. Биылғы күзде «Нұрлы көш» деген айдармен қаламгерлер арасында байқау да жарияладық. Мақсатымыз – тәуелсіздік алғалы бері Отанымызға оралған қандастарымыз жайлы, олардың елге оралғаннан кейінгі көрген қиындықтары, тартқан тауқыметі, кәсібі, күнкөрісі мен тіршілігі жайлы нақты деректерге құрылған шынайы шығармаларды іріктеу еді. Сондай дүниелер арқылы кейіпкерімізді елге таныту, жұртпен қауыштыру болатын. Сол байқауда жүлде алған шығармаларды Жазушылар одағының 75 жылдығына тұспатұс Әдебиетшілер үйінде «Жыр жүректің жылуы» дейтін кеш өткізіп, белсенді авторларды марапаттадық. Алдағы күндерде де игілікті шаралардың басында жүреміз деген ойдамын.
– Жәке, 2010 жылдың 1-қаңтарынан бастап, Қазақстанның денсаулық саласына Ұлттық бірыңғай медициналық жүйе енгізілетінін жақсы білесіз. Осы реформаға қандай пікірдесіз?
– Біреу марқайып, біреу ортайып қабылдап отырған бұл реформа қазірдің өзінде ел арасында қызу әңгіменің өзегіне айналды. Өйткені, жаңа реформа қалыптасқан емдеу жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкелмек. Бір сөзбен айтқанда, осыдан былай емделуші емханаға емес, емхана емделушіге «жалынышты». Бұған себеп, емделушінің таңдауы – емханаға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының өлшеуіші болғандығында. Яғни, ауруханаға жатып тегін ем алушы Қазақстанның кез-келген аймағындағы өзіне ұнаған ауруханасын таңдайтын болады. Ал мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы да сапалы қызмет көрсеткен ауруханың үлесіне тимек.
Сондықтан да, он жылға жоспарланған бұл бағдарламаны сынаушылар көп. Өйткені онда бәсеке ұғымы алға шығады. Ал бәсеке болған жерде іріктеудің болатыны да шындық. Меніңше, бұл реформа дәл уақытында қабылданып отыр. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру заман талабы. Дегенмен, дәргірлердің жалақысы, ауылдық жердегі емханалардың жағдайын да жіті бақылаған жөн.
–Бірақ осы реформаны пайдаланып, кейбір жекеменшік шетел емханалары айласын асырып кетіп жүрмей ме?
– Ол да жоқ емес. Өйткені, биыл Қытайдан дәрігер мамандар әкеліп, Елордадан емхана ашады екен деген сыбыс-әңгімелер шыққан. Оған өз тарапымыздан тиісті қарсылығымызды білдіргенбіз. Сондықтан, ең алдымен біз емханаларымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруымыз керек. Жалпы біз де мамандарды дұрыс пайдалану жағы кемшін. Бір ғана медицина саласын айтсақ, қаншама қандастарымыз шетелден үйренген дәрігерлік ілімін кәдеге жарата алмай отыр. Қытайдың емдеу тәжірибесін кіргізу керек болса, сол қандастарымыздың басын қосып, бір емхана ашып беруге болады. Ол бір жағынан халық денсаулығын жақсартуға пайдасын тигізсе, бір жағынан жұмыс күшін дұрыс пайдалануға ықпал етеді. Мысалы, мен 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отырмын. Соның өзінде науқастарды қабылдауға мүмкіндігіміз аз. Орталығымыздың көлемі шектеулі. Шамамыз жетіп жатса барлық облыс орталықтарынан бөлішме ашу ойымыз бар. Халықтың сұранысы солай. Бірақ қысқа жіп күремеуге келмей отыр.
– Ел аман, жұрт тыныш болса бәрі болады, Жәке.
– Дұрыс айтасың. Мен Венада сөйлеген сөзімде «маған көрсеткен бұл құрметтеріңіз менің өзіме ғана емес Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген басшысы бар, ОБСЕ-ның кезекті төрағасы – Қазақ еліне жасалып отырған құрмет деп бағалаймын» дедім. Рас, күн санап өсіп-өркендеп келе жатақан біздің елдің болашағы алда. Оны әлем мойындап отыр. Сондықтан Қазақстанның әр азаматы отанына бір кісілік үлес қосуды өзінің қасиетті парызы санағаны жөн.
Әңгімелескен Алаш Тұрсынәлі