Адам баласын алға жетелейтін асыл арман мен ұлы мұрат болса, сол биік тұғырдан көріне білген перзент – нағыз бақытты жан. Кемеңгер Абай «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» демекші, аспан елінен атамекенін сағынып, аңсап келген қандасымыз Жасан Зекейұлының алдына қойған ең биік асыл арманы – өз ұлтының, қазақ елінің мерейін көтеріп, қызмет ету болатын.
«Ердің атын еңбек шығарады» демекші, Жасан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кездескен қиындық атаулыдан қаймыққан жоқ, қыран құстың қанаты дауылға қарсы ұшқанда қатая, шыңдала түспей ме. Елін сүйген азаматты кездескен кедергілер жасыта алған жоқ, керісінше, жігерлендіре, қайраттандыра түсті.
Данышпан халық «Қайраты бар кісінің, берекеті бар ісінің» деп, бекер айтпаған. Иә, еңбек ерлікке жеткізеді, қажырлы іс еш кетпейді. Талай есікті тоздырып, аяқ аттаған сайын кездесетін үлкен бюрократтық қиындықтарды жеңіп, қажымас еңбегімен ашқан «Жас-Ай» медицина орталығы бүгінде ел игілігіне айналып отыр.
Инемен емдеу дегенді бұрын-соңды естімеген жұрт ондайды тек теледидардан, қытай фильмдерінен ғана көретін. Денсаулығымызды одан сайын құртып аламыз деген үрей мен қорқыныштан «Жас-Ай» медицина орталығын айналып өтетіндер, бүгінде өздері іздеп жүріп, табатын болды.
Алғашқы іргетасы қаланған 2004 жылдан бері он жылдан астам уақыт ішінде академик Жасан Зекейұлы жетекшілік ететін медициналық ұжым заманауи құралдармен жабдықталған ірі медициналық орталыққа айналып отыр. Бес қабатты, алпыс төсектік ауруханасы бар емдеу орнында Қазақстан бойынша медициналық класстер жүйесі негізінде алғашқылардың бірі болып қызмет көрсете бастады. «Жас-Ай» медициналық орталығы республика бойынша ең көп халықтық сұранысқа ие болып, жеке медициналық орталықтардың арасында көш бастады.
Медициналық орталыққа қай кезде келсең де, үлкен қарбалас үстінде жүрген мейірбикелер мен дәрігерлерді көресіз. Жасан Зекейұлының қабылдауына бір-екі апта бұрын, тіпті бір ай бұрын жазылып қойып, кезегін күтіп отырған науқастарды көптеп кездестіруге болады. Олардың арасында қала тұрғындарымен қатар, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауылдардан келген ағайындар да бар. Тек қазақ ұлты ғана емес, әр ұлттың өкілдері, сондай-ақ, ТМД елдерінен келген шетелдіктер де ұшырасады.
Немересін жанына алып, кезек күтіп отырған ақ жаулықты анамен танысып, әңгімеге тарттық:
- Жасан Зекейұлын әдейі іздеп, Қарағанды қаласынан келдім. Ауылдағы жақын құдағиымның танысының баласы осы жерден мешел дертінен жазылып шығыпты. Өз еркімен жүріп-тұра алмайтын, тіпті өз қолымен тамақ іше алмайтын баланы Жасан бауырымыз емдеген соң, үйіне өз аяғымен қайтыпты. Сол сөзді естіп, үлкен үмітпен келіп отырмын. Әйтпесе, немеремді апармаған аурухана, көрсетпеген дәрігерім қалмады, – деп, көзінен еріксіз шыққан жасты жаулығының ұшымен сүрте берді.
Мен жас нәрестенің айығып кететініне іштей сенімді едім. «Жас-Ай» медициналық орталығында он жылдан астам уақыттың ішінде қырық мыңнан астам науқасқа ем жасалып, мыңдаған адамдар айығып, шаңырақтарына үлкен қуанышпен оралды. Осы уақыт ішінде 500-ге жуық ана сәбилі болып, үлкен бақытқа кенелді. Көптеген сәбилер мешел ауруынан айығып, аяқтарынан тік тұрып кетті.
«Дәрігерлік деген – үлкен өнер. Әрбір өнерді Алла тағала пендесіне аманатқа береді. Сол өнерді де жеке басының қамы үшін емес, елдің қажетіне жұмсасаң, игілікті істермен айналыссаң ел сеніміне бөленесің. Дәрігердің парызы, жауапкершілігі өте үлкен. Өмірдің қаншалық қымбат, жанның қандай тәтті, ажал мен аурудың қандай жақын екендігін күнде көріп, біліп жүресің. Барлығы көз алдыңнан өтіп жатады. Пенденің қаншалықты қауқарсыз екенін сәт сайын сезінесің. Осының бәрін көре тұрып, менмендік, тәкаппарлық жасаған дәрігерден ештеңе күтуге болмайды. Жақсы дәрігер болудың негізгі үш алғы шарты бар. Әрине, ең біріншісі – білім. Білімсіз дәрігер баланың қолындағы оқтаулы мылтықпен бірдей. Осыдан кейін – кішіпейілділік пен имандылық. Осы қасиеттің үшеуі де дәрігердің бойынан табылуы тиіс, – дейді, өмірден көргені мен түйгені мол академик, дәрігер.
Қазақ жерінде шығыс медицинасы дегенде, ең алдымен, Жасан Зекейұлының есімі аталады. «Шығыс медицинасы мені танытса, мен шығыс медицинасын таныттым» деген академик сөздері үлкен шындықты аңғартса керек.
Жасан қытай елінде медицина саласы бойынша терең білім алған дәрігер. Ол Қазақстанға оралған соң С. Асфендияров атындағы Ұлттық Медицина университетінің Емдеу-хирургия факультетінің аспирантурасында білімін жетілдірді. Оқып жүрген кезінде бірлі-жарымды жандарға ине салып, біліктілігімен ерекше дараланып, есімі атала бастады. Еңбегі жоғары бағаланып, 1998 жылдары Халықаралық инемен емдеу академиясының академигі,Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, Ғарыштану академиясының академигі атанды. 2002 жылы 13 қыркүйекте академик, профессор Аман Нұрмақовтың жетекшілігімен Алматы қаласының А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми - зерттеу институтында «Тибет медицинасы бойынша хирургиялық ауруларда қабыну үрдістерінің алдын алу және емдеу»атты ғылыми еңбегін жазып, медицина ғылымының кандидаты атағын алды. 2012 жылғы 28-ші ақпан айында Ресей Федерациясы Мәскеу қалалық Жоғары академия аралық аттестациялық комиссиясының шешімімен «Жүйкесі жұқарған емделушіні күйзелістен шығаруда дәрісіз емдеу және адамның хал-жағдайын қалпына келтіру үрдісін бақылау» атты докторлығын қорғап, ғылыми еңбегіне Медицина ғылымдарының докторы дәрежесі берілді.
Денсаулық тақырыбында қазақ тілінде республикалық «Жас-Ай» медициналық журналының оқырман қауымына жол тартқанына 5 жыл толды. Ақпарат айдынындағы бес жылдың ішінде журналдың таралымы өсіп, оқырман көңіліне жол таба білді. Басылымның оқырмандары - зиялы қауым, медицина саласының өкілдері, негізінен қарапайым халық.
Басылымның басты мақсаты – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Салауатты Қазақстан» бағдарламасын іс жүзінде насихаттау, еліміздің денсаулық сақтау саласына тың жол ашып, жаңа серпін беру, бабаларымыз мұра етіп қалдырған емдеу әдістерін жаңғыртып, оны заманауи техникамен ұштастыру.
Жасан Зекейұлы жетекшілік етіп отырған «Жас-Ай» медицина орталығы осы күнге дейін 7 мыңнан астам адамға тегін медициналық көмек көрсетіпті. Егер, осы игілікті істерді қаржы түрінде есептесек, 315 млн. теңгенің көлемін құрайды екен. Алматы облысы, Талғар ауданы, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Балтабай Жақсыбайұлының «Жас-Ай» медицина орталығына келгенде жағдайы тым ауыр еді. Жасан Зекейұлы науқасты мұқият қарап шығып, мидың әрекет жүйесі мен қозғалыс жүйесінің орта қуысына көп қан кеткені, яғни оң жақ ми бөлігіндегі қанның тоқтауынан аяқтары ұйып, істен шыққаны мәлім болды. Науқасқа он күннен үш рет ем тағайындалып, Жасан Зекейұлы өз қалтасынан науқастың толық айығып кетуіне 250 мың теңге жұмсады.
Қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі науқас жандарға үміт отын сыйлау мақсатында көптеген игілікті істер жүзеге асырылып келеді. Бас пен жұлынның зақымдалуынан сал ауруына ұшыраған сегіз жасар Қыдырәлі де тегін ем алып, бүгінде аман-есен айығып кетті. Ол бүгінде төртінші сыныпта оқып жүр. Чимеровтерге тегін ем жасалып, соның нәтижесінде ағайынды Кәмилә мен Дәмир де дерттерінен құлан-таза айықты.
Дәл осындай игілікті, қайырымды мысалдарды жүздеп санауға болады. Жыл сайын қасиетті Рамазан айында сауапты іс жүзеге асырылып, жүз оқушыға тегін киім, тұрмысы төмен оқушыларға компьютер сыйға тартылады.
Жасан Зекейұлының дәрігерлік қызметіндегі қол жеткен жетістіктері мен табыстары бір төбе. Ал, азамат ретінде, қоғамға қосып жатқан ерекше үлесі, атымтай жомарттығы, қайраткерлігі өз алдына бір төбе.
Өткен жылы ақын Жәркен Бөдешұлының 70 жылдығы тойланып, Жасан бауырымыз ақын ағасына темір тұлпардың кілтін сыйлады. Бұл – ақынға деген құрмет емес пе!
Өткен жылы Жәкең қазақтың айбынды ханы Абылайханның бас қолбасшысы Баян батырдың ескерткішін орнатуға лайықты үлес қосып, демеушілік жасады. Осының бәрін Жәкең ұлтымыздың ертеңі мен бүгіні үшін жасайды.
Мақаламыздың басында «Жас-Ай» шығыс-тибет медицинасына үлкен үмітпен келген көптеген адамдардың құлан-таза жазылып кеткендіктері туралы деректер келтірдік. Алатаудың етегіне орналасқан шипалы емдеу орнына Қазақстанның түкпір-түкпірінен, одан да тысқары жерлерден алғысқа толы хаттар үздіксіз ағылып келіп жатады. Жақында сол алғысқа толы сәлемдерден құрастырылған «Ізгіліктің ізі бар» атты кітап жарық көріп, оқырманның қолына тиді. Алғысқа толы әрбір хатты оқи отырып, ерекше тебіренесіз, үлкен мен кішінің жүректен шыққан алғыс сезімдері жан толқытады. Олар ең алдымен мейірімі шексіз Аллаға шүкіршілік етіп, жүрегі мейірімді, қолы алтын Жасан Зекейұлының дәрігерлік үлкен талантына баға береді. Адам баласына бақыт, өмір сыйлаған «Жас-Ай» медициналық орталығының дәрігерлеріне ризалық сезімдерін білдіреді.
Медицина ғылымдарының докторы, академик Жасан Зекейұлының ерекшелігі - үнемі ізденіс үстінде жүретіндігінде. Тың идеялар мен жаңалықтар енгізуге ерекше назар аударып, дамыған елдерге жасаған іс-сапарлардан қорытынды жасап, сол елдің медицинадағы озық жетістіктерін «Жас-Ай» медицина орталығына жан-жақты қолданып отырады. Бұл игі шаралардың тиімділігі де өте мол.
Еңбек пен ізденістің нәтижесінде 2006-2009 жылдар аралығында ол Қазақстан халық емшілері қауымдастығының «Халық емшілігін дамытуға қосқан үздік үлесі үшін», «Халықтың денсаулығын жақсартудағы емшілік қызметіндегі үздік жетістіктері үшін» құрмет белгілерімен марапатталып, абыройы арта түсті.
2006 жылы «Үздік дәрігер», 2007 жылы «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағына ие болды. Халықтың ықыласына бөленген абзал жан 2008 жылы «Алтын жүрек» номинациясының иегері атанды. 2009 жылы Тараз қаласында өткен қазақ емшісі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы атындағы VI Халықаралық конгресте «Үздік зерттеуші-ғалым, емші» деген атаққа ие болып қайтты. 2010 жылы Вена қаласындағы Халықаралық университетінің құрметті профессоры атағын алып, елге үлкен абыроймен оралды.
Нобель сыйлығының лауреаттары Джон В.А.Неттинг және Уил Гулдхир сияқты аса беделді ғалымдар қазылық еткен Сократ Комитеті Оксфорд Саммитінің шешімі бойынша Жасан Зекейұлы 2012 жылы дүниежүзілік ғылыми интеграцияны дамыту мен өз кәсіби қызметінде заманауи озық технологияларды игеру мен барынша тиімді пайдалануға қосқан жеке үлесі үшін ғылым саласында бүкіл әлем бойынша ең беделді саналатын Халықаралық Сократ сыйлығымен марапатталды.
Қазіргі экономикалық дағдарыс кезеңінде сексеннен астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, ырыс пен берекенің үлкен қара шаңырағына айналған, науқас жандарға қуаныш пен бақыт сыйлап, үміт отын жандандырған, «Жас-Ай» медициналық орталығы туралы көптеген жүрекжарды сөздер айтуға болады. Жақсы іс әрқашан да көңілге қуаныш әкеледі. Жасан Зекейұлының шәкірттері - бас директордың орынбасары Бибігүл Нұртазаева мен жоғары дәрежелі инетерапевт Бибісара Кеңесқызы және басқа да медицина қызметкерлері жөнінде көптеген жылы лебіздер естуге болады.
Сөз орайы келгенде, айта кететін бір жәйт – кейбір ағайындар ел мүддесі үшін атқарылып жатқан игі істерді көрсе де, көрмеген болады. Кейбір басылымдар адамзаттың ең үлкен байлығы – денсаулық үшін жасалып жатқан жасампаз істерді қолдаудың орнына, тырнақтың астынан кір іздеп, аққа қара жаққылары келеді. «Жақсы адамның артынан сөз ереді» демекші, ел сыйлаған ардақты азамат соңғы кездері жүйкеге тиетін, жанға бататын кейбір келеңсіз жайларды басынан кешіріп жүр. Бірақ, басқаны алдасаңыз да, халықты алдай алмайсыз. Олар ісіне қарап, кімнің кім екендігін жақсы біледі.
Мен осындай сәттерде сыйлас болған, талай-талай бірге сапарлас болған қазақтың біртуар талантты ақыны Қадыр Мырза Әли ағамның «Ұлы сөзді халқыңа, жылы сөзді көршіңе айт» деген қанатты сөздерін жиі есіме аламын. Ел сүйсінетін істі қолдап, қуанудың орнына, кейде бір ауыз жылы сөзімізді аяймыз.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Жасан Зекейұлының халқына бергенінен, берері көп. Ол жетекшілік ететін ұжымның шығатын биік асулары әлі алда.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры.