УМЕЙ ЖИТЬ!

ӨМІР СҮРЕ БІЛ!

         Өмір сүресің - үйренесің. Жаманнан жиренесің. Құпияны білмекке талпынасың. Тұрмысыңды жақсартудың жолдарын іздеп, шарқ ұрасың. Әрнеге ой жүгіртіп, өзіңше көкірек діліңмен қорытасың.

         Менің де осы бір отыз жастың мұғдарында түйген өз пайымым бар. Дүние - төрт тарап. Төрт тарапқа қарап төрт түрлі ойды түйдім. Соның біріншісі - барлық бәсеке біткенді қабылдау, қиыншылық атаулыға төзе білу.

         Біз қандай жағдайда да тағдыр басқа салған бақытсыздыққа төтеп беруге дайын тұруымыз керек, олай болмағанда мәңгі бақи үміт пен сүйіспеншілікке бөлене алмаймыз. Біз кез болған азапты қалайда бір әдіспен жеңуге болатындығына сенуіміз керек.

         Адам тілегіне жете алмау, ауруға шалдығу, көзделген мақсаты орындалмау сынды бақытсыздықтарға тап болғанда не істеу керек? Меніңше, алдымен рухани жүдемеу, үмітсіздікпен үрейден құтылу, жүректің терең түкпіріндегі қажетсіз қиялдардан үзілді-кесілді арылу, осы қиялдарды терістеу, бақытсыздыққа төзе білуге болатындығына сену керек.

         Екінші, көптеп дос табу. Барлық адам жақын досқа мұқтаж. Достар бір-біріне өмірлік сүйеніш болады,  бірінің ауыртпалығын бірі көтере біледі. Жазда мен теңіз жағасында ойын жасындағы ұл мен қыз баланың бар зейінімен құмнан "Үй" жасап ойнап жүргенін байқадым, олар бұл "құрылысты" енді ғана бітіруге таяғанда, асау толқын оны бұзып, жылмағайлап әкетті. Маған "бұлар енді жылауы мүмкін" деген ой келді. Бірақ олай болмады. Ұл мен қыз ешнәрсе болмағандай-ақ қуанышты бейнеде қол ұстасып, жағаны бойлап жүгіре жөнелді. Артынша тағы қайранға отыра қалып, үй жасауға кірісті.

         Адамдардың өмір бойы бар күшін жұмсап шыққан нәрселерін өмір толқыны әлгіндегідей бұзып кетуі  - үнемі болып тұратын құбылыс. Сондай кезде, егер жаныңызда сүйеніш боларлық бір адамыңыз болса, сіз онша күйремеңіз, істі қайта қолға алуға сенімді боламыз. Үшінші, өзіңіздің басқаларға ықпал ете алатындарыңызға сенуіңіз керек. Дүниедегі барлық адамның түгелдей бай болуы, бар адамның тума талант болуы мүмкін емес. Бірақ біз өзіміздің күш қуатымызды толық пайдалана алсақ, өлмейтін істер істей аламыз.

         Бір тәжірибелі хатшы, тәжірибелі дәрігер, яки бір сақа жұмысшы жаңа қызметшіге, жас дәрігерге немесе жаңа жұмысшыға өз тәжірибелері арқылы ықпал етсе, оқытушы оқушыға сабақ беру арқылы оң әсерін тигізеді.

Төртінші, өмір сүреді екенбіз, өмірді мәнді өткізуіміз керек. Философ Холс Келвен былай деген екен: "Кейбіреулер өзінің түбінде бір өлетіндігіне бола өмірін ойын-тамашамен өткізуді талдап алған. Ал кейбіреулер өмірге терең сеніммен қарайтындықтан, өмірі өте мәнді өтеді. Алдыңғылары өмірде бар болғанымен, рухани жақтан әлдеқашан өлген, кейінгілері сияқты болуға серт етемін".

         Өмір дегеніміз - тек бірер ұлы шығарма жазу немесе мал-мүлік жинау емес, керісінше, сүюге немесе сүйіспеншілікке бөлену деген сөз. Әр жолы жаңа деп тапқанымыз, әр жолы жаңа ақиқатты сезінгеніміз бізді бақыт-байлыққа кенелтеді.

         Өмір бейне бір жақсы кітап сияқты, оған қаншама құштарлана берілсеңіз, оның мәні сонша айқындала түседі. Кейіпкерлер де барған сайын жанданып, ондағы көркемдік пен тереңдіктен, дүниеге деген құштарлықтан ләззат аласыз.

                                                                                                                              Шығыс-Тибет шипагері

                                                                                                                            Жасан ЗЕКЕЙҰЛЫ