Жасан - ұстаз
Ұстаз ұғымының мағынасы өте терең. Ұстаз болу үшін жомарт жүрек, жалынды жігер керек. Ұстаз – ол шәкірттің өкіл әкесі, шәкіртін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай дұрыс жолға бастаушы. «Өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялау» арқылы жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын, білім нәрін дарытушы. Жасан Зекейұлы дәл осындай үлкен жүректі, мейірімді, адамгершілік қасиеті мол адам. Оның бойындағы атадан дарыған адами қасиеттері бірден көрініп тұрады.
«Мен академикпін» деген талай оқымыстылардың алдында болдым. Солардың бір де біреуі менің ізденісімді қолдамады. Ал Жасан Зекейұлы менің бастамамды бірден қолдап, өзі де ақыл кеңесін қосып, қамқорлығына алды.
Осылайша, Жасан Зекейұлы ғылыми жол көрсетіп, әрі демеушілік жасап «Арбат» және «Айбат» деп аталатын құрылғы ойлап таптық. Бұл құрылғылар адам ағзасындағы магниттік жасушаларды күшейтіп, гормондарды реттеп, ағзаны жасартады. Бұл әлемде теңдесі жоқ жаңалық болып танылды. «ARBAT» және «AIBAT» жасарту аппараттарын пайдаланған әрбір адам салауатты өмір салтын ұстауға, күнделікті тіршілікте салмақты, мейірімді болуға тырысады. Енді осы жаңалық Нобель сыйлығына ұсынылмақ. Мен басымнан өткен жағдайдан соң академиктерді зерделі және зердесіз академиктер деп екіге бөле қарайтын болдым. Зерделі адам сенің бойыңдағы қабілетіңді айтқызбай-ақ сезетін сұңғыла болады. Мысалы қарапайым ғана мысал келтірсем, Жасан Зекейұлы біздің кабинетке кірмес бұрын жөткірініп, «мен келе жатырмын» дегендей дыбыс береді. Бұл – мен кіргенде «ыңғайсыз жағдайға қалмасыншы» деген ізгілікті адамның іс әрекеті.
Бір үзім нан жесе жартысын бөліп беретін ақжүрек адамның жасаған адамгершілік әрекеттерін кейбіреулер қызғанып та жатар. Адамгершілік қасиет қанмен келетін, тұқымнан берілетін, ақшамен сатып ала алмайтын құндылық. Өз бойларында осындай асыл қасиет болмаған соң олар, пендешілікке барып жақсыларды қаралап, жамандарды даралап, халықты адастырады.
Кімнің тарысы алтын болса соның тауығы болып шақыратындар көбейді. Ұлттық рух, ұлттық намыс деген аяққа тапталып, ардан безген қазақтар көбейді. Міне осындайлармен күресетін, ұлттың жанашыр қорғаны болатын көсемдеріміз бен шешендеріміз. Жасан Зекейұлы сондай үлкен жүректі, елін, жерін шексіз махаббатпен сүйетін азаматтардың бірегейі.
Мен Жасан Зекейұлын ұстазым болған соң мақтап отыр деп ойламаңыз. Оның бойындағы ұлттық рухты, ұлттық намысты көрген соң айтып отырмын. Жасан секілді жеті қазақ болса қазақтың рухы биіктеп абыройы асқақтайтынына кәміл сенемін. Біз келешек ұрпағымызды тек ұлттық рухпен, салт-дәстүрімізбен тәрбиелегенде ғана ешкімнің жетегіне еріп кетпей, мәңгілік ел бола аламыз.
Білім-ғылымды бағалай білетін, адамгершіліктің нұрын төккен дәл Жасан Зекейұлындай ұстазды, ғалымды жолықтырғаным – жолымның болғаны деп ойлаймын.
Төреғали БАТЫРХАНҰЛЫ
"Жас-Ай" медициналық ақпараттық журналы
№4 (43)
2016 жыл