Ғарифолла Есім,
академик, философия ғылымдарының докторы
"Жас-Ай" еңбегімен ел енген ұжым
Ғарифолла Есім – таныстыруды қажет етпейтін есім. 1947 жылы 15 сәуір күні Павлодар облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген ойшыл жазушының биыл 70 жылдық мерейтойы.
Ол – қоғам қайраткері, ғалым, жазушы, ұстаз, философия ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Журналистер одағының Смағұл Сәдуақасов атындағы сыйлығының (1994), Республикалық Абай қорының арнайы сыйлығының (1995), Яссауи атындағы «KATEV» Халықаралық Қоры сыйлығының (2000) иегері, «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытудағы еңбектері үшін» белгісімен марапатталған, «Құрмет» орденінің иегері. Ұстаздық, ғалымдық жолда
беделді жоғары оқу орындарында қызмет еткен, 2007-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты болған. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының меңгерушісі.
Ғарифолла Есім ағамызды 70 жасқа толған мерейлі төл мерекесімен құттықтай отырып, арнайы әңгімелескен едік. «Жас-Ай» медициналық орталығына деген ағамыздың сенімі мен құрметі, басшымыз – Жасан Зекейұлының емшілігін мойындауы туралы шынайы сұхбатын қабыл алыңыздар.
- “Жас-Ай” медициналық орталығына қай кезден бастап қаралдыңыз? Жасан Зекейұлымен таныстықтарыңыз қалай басталды?
– Ұмытпасам Жасан Зекейұлының емдік жәрдемін 1999 жылы қабылдадым.
ХХ ғасырдың аяқ шені. Жасан деген емші барын естігенмін. Республика сарайына (Алматыда) бір концертке бардым. Бірақ, тұмаудан әбден мазам кетті. «Іздегенге сұраған» дегендей емші Жасанжан кездесе кетті. Менің жағдайымды көріп, «емханаға барайық» деген ұсыныс жасады. Менің «уақыт кеш болып кетті» дегеніме қарамай:
– Ғареке, ертеңге дейін қиналып жүресіз бе? – деді. Келістім. Менің дертім көктемде гүлдер бүршік жарғанда басталатын аллергия.
Кеш болса да емделіп, құлан таза жазылып кеттім. Міне осы кезден бастап “Жас-Ай” медициналық орталығын білем. Әрине, мен алғаш ем қабылдағанда “Жас-Ай” деген атау жоқ. Жасан Абай даңғылында алғаш уығын қадағанда ғана орталығын “Жас-ай” деп атады. Орталықтың аты қандай болуы керек дегенде, әртүрлі атау ұсындық, бірақ өзі мағыналы “Жас-Ай” дегенді тапты.
Абай даңғылындағы “Жас-Ай” Шығыс-тибет медициналық орталы-ғына адамдар (пациенттер) көптеп ағылды.
Дерт дегенде, менің санама ой келеді. Осы жалған ғұмырда дертсіз жан бар ма – деген. Өзің сау болсаң жарың не досың, не балаң – бір сырқатты иеленіп шыға келеді. Жасы келген адамдарды “аурудың қапшығы” дей бер. Бір жерің жөнделіп жатса, екінші бір жерің сыр беріп, сырқырап жүргені. Біздің заманда, қоғамда, тұрмыста ғұмыр кешу міндетті түрде дертті қылатыны анық. Ауа, су таза емес. Азық-түлік халалға жатпайды. Адамдардың бір-бірімен қатынасы кей-кейде сау адамды ауру қылады. Өзі, әуел баста табиғатынан кеміс болып жаратылған адамның ұзақ ғұмыр кешуі тұп-тура емханаға бастайтыны анық.
Алайда емхананың да емханасы, дәрігердің де дәрігері бар. “Жас-Ай” медициналық орталығы, оның басшысы Жасан Зекейұлы дәрігер ретінде өзгеше. Бір мысал келтірейін. Бала кезімде атқа мінуге құмар едім. Алты ай жазда ат жалындамын. Рахат. Ат үстінде адамға бір әсем желік бітеді. Анам көрсін деп ойқастап атпен шауып өттім.
«Міне, шеше, мен қандаймын» дегендей мақтаныш сезімінде болатынмын. Сондай күндердің бірінде аттан оңбай жығылдым (алдында талай жығылғам, оған мән бере бермейтінмін), бұғанам сынып, бір айдай төсек тартып жатып қалдым. Сол теріс біткен сүйек адамның жасы келгенде сырқырап ауырады екен. Оны артрит дейді екен. Бекітілген емханадағы хирург қабылдауына бардым. Ол азамат олай-былай көрді. Мен:
– Иығым сырқырайды, түн баласында мазам кетуде, оның үстіне екі қолымды артыма ұстап жүре алмай қалдым десем, хирург:
– Алпыс жасқа дейін қолдарыңызды артыңызға ұстап жүрдіңіз ғой – деп тұр. Осындай “үкім сөз” естіген хирургке сөз айтпай, теріс бұрылып, үнсіз шығып кеттім. Жасанға телефон шалдым.
Ол: – Ғареке, маған келіңіз ауырғаныңызды ұмытып кетесіз – деді. Рас, ұмытып кеттім, екі қолымды артыма айқастырып Астананың көшесінде серуендеп қоямын. Ойлаймын, Жасан болмаса, оң қолымның еркін қозғалуы, тіптен қағаз жазуым қалай болар еді. «Әй-әй, Кеңес заманында оқып дәрігер болғандар-ай «деуге, пендешілігім сыр беріп қояды. Ойлаймын, пендешілік емшілер қауымында сирек болса ғой. Алла Тағаладан кейін адамның сеніп, дауа іздейтіні емшілер емес пе?
– Орталық басшысы Жасан Зекейұлының қандай ерекше қасиеттерін атап өтер едіңіз?
– Жасай Зекейұлының қасиеті, ол тұқым қуған – емші. Көп оқып, тәжірибе алып дәрігер болуға әбден болады. Дәрігердің көпшілігі солай. Тегінде емшілік қасиеті барлар шағын. Бұлар нағыз емшілер, нағыз дәрігерлер. Емшілік адамның табиғатында болғанда керемет. Бірақ, бұл емшілікке деген алғашқы табиғи саты. Құдай берген қасиетті ендігі жерде бағалап, арнайы медициналық білім алып, емші өзін-өзі осы қиын жолға тәрбиелеуі керек. Табиғи дарын, арнайы білім және өзін осы кәсіпке баулып, сеніп қалыптастыру, осы қасиеттің үшеуі де бір Жасанның тұлғасынан табылады. Ем-психоло-гиялық шара – осы мәселеге Кеңес заманындағы медицина көңіл бөле бермеді.
Менің таң қалатыным, Кеңес дәрі-герлерінің пациентке (ауруға) сұрақтарды бастырмалатып қоюы. Өзі ауырып отырған жанға сұрақтарды жаудыру психологияға жата ма? Дертті адамның халін емші айтпаушы ма еді. Жасанның ауруға төкпелеп сұрақ жаудырып отырғанын көргенім жоқ. Ол аурудың дертін өзі анықтап береді. Тамыр ұстайды. Бар мәселе тыныста, қанның тамырларды қуалап айналуында. Тамыр соғуы Жасанға бәрін айтып береді. Тамыр ұстау, сөйтіп диагноз қойып, ем жасау Жасанның тәсілі.
Оның оқуы да, ұстазы да өзге. Тамырын ұстап, адамның дертінің себебін айтқанда кісі әлдеқайда бір жеңілдеп қалады. Ол ішінен дертімнің себебін ашты, енді емі де табылады деп ризашылық сезімге өтіп, дәрігерге сенеді. Адам дәрігерге сенсе жазылады. Дертіне шипа табылады. Жасанға келген, оның емін қабылдағандар осындай халге түсіп, құдай қуат беріп, сауығып шығып жатады. Жасанның дертті адамға сөзі әсерлі. Бұл да психология. Ауырып келген адамның көңіл-күйі алай-дүлей. Оның дәрігерге деген сенімі мен күдігі аралас.
Жасан осы күдікті сейілтуші, адамның тәніне ғана емес, жанына жағымды әсер қалдыратын сөзді тауып айтушы – шешен. Бұл қасиет ата-бабамыздан қалған асыл қазына. Жасан сондай қазынаға ие.
– “Жас-ай” медициналық орталығы халықаралық Еуропалық ме-дициналық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, “Халықаралық үздік клиника орталығы” атағын иеленді. Еңбек жолы 15 жылға жуықтаған орталығымыз туралы пікіріңіз?
– “Жас-Ай” медициналық орталы-ғы жұртқа белгілі. Елдің ықыласына, құрметіне ие болған мекеме. Орталықтың қалыптасу, ем жасау, науқастар пікірі, алғысы сияқты нақты деректерді жинақтап, өз жұмысын халыққа көрсетуде шеберлік танытуда. “Жас-Ай” медициналық орталығы туралы бірнеше кітап елге тарады. Жүйелі түрде “Жас-Ай” медициналық-ақпараттық журналы шығып тұрады. Республика жұртшылығы алдында «Жас-Ай» еңбегімен еленген ұжым.
Бұл менің ғана пікірім емес, көпшілік пікірі. Ұжым еңбегі бағаланып, “Халықаралық үздік клиника орталығы” деген дәрежеге жетті. Мұның бәрі қажырлы, әрі жүйелі еңбектің нәтижесі.
Тәуелсіздіктің жиырма бес жылды-ғына орай Жасан Зекейұлы “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Бұл мемлекеттік дәрежедегі марапат.
Көз алдымда медициналық орталық есейіп, жетіліп, молығып келеді. Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылы бойындағы орталықпен қатар Астанада жаңа орталық бой түзеді. Бұл “Жас-Ай” медициналық орталығының мүмкіндігі молайып, жұртқа қызмет көрсету ісі жетілді деген сөз. Астана еліміздің орталығында орналасқаннан кейін сырқат адамдардың Жасан мырзаның емханасына қатынауына жағдай жасалды.
– Абырой-беделге ие болған жан ретінде еліміздің болашағы – жас ұрпаққа қандай кеңес берер едіңіз?
– Ем мен мәдениет егіз ұғым. Қазақ «тәні саудың жаны сау» дейді. Тән тазалығы – мұсылмандықтың басты шарты. Тән таза болуы үшін, ол сау болуы табиғи түсінік. Тәнге қызметтен мәдениет басталмақ. Тән дегенде айтарым ауру астан. Ішкен, жеген тамағымыз халал болуы басты талап бүгінде. Қанша айтқанмен жас та, жасамыс та сырқаттанбай тұрмайды. Міне, осы кезде ем қабылдау мәдениеті туралы сөз қозғаған жөн. Ем қабылдау үздіксіз, үнемі болатын үрдіс. Емге арнайы уақыт және қаражат бөліп қою әркімнің ісі.
Емделу өзіңді елеу, өзіңді қадір тұту, бағалау және өзгелерге бағалату. Жастарға да, замандастарға да айтар өсиетім осы.
– Сұхбатыңызға көп рахмет! Мүм-кіндігімізді пайдалана отырып, «Жас-Ай» медициналық орта-лығы және «Жас-Ай» журналы ұжымы, сондай-ақ сан мыңдаған оқырмандарымыздың атынан өзіңізді 70 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Сіз нағыз абыз, елағасы болып халқымыздың құрметіне бөленіп келе жатырсыз. Ел үшін жасап келе жатқан еңбектеріңіз әрдайым елеулі, табысты бола берсін! Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілейміз!
Сұхбаттасқандар –
Жанна Иманқұл,
Эльмира Итеғұлова,
жоғары санаттағы лаборант