Білікті шипагердің белестері

Бұл күнде кәсіби шеберліктің шыңына шыққан, сондай-ақ өз елімізге де, Еуропа мемлекеттеріне де ерен еңбегімен танылған академик, медицина ғылымының докторы, профессор, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Вена Халықаралық университетінің құрметті профессоры, халықаралық «Сократ» атындағы және Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері әрі өрелі кәсіпкер Жасан Зекейұлы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезінде Қытайдағы қандастарымыздың арасынан суырылып шығып, түпкі отанына аңсары ауып оралған болатын. Шетелде тибет медицинасы бойынша алған терең білімін барынша жетілдіре түсіп, енді оны отандастарының игілігіне жаратуға білек сыбана кіріскен еді.

Одан бері талай заман өтіп, көп дүние өзгерді. Егемен­діктің елең-алаңындағы ауыртпа­шы­лықтардың бәрі артта қалып, еліміз күллі әлемге танылып, даму­дың дара жолына түсті. Сол жолда аянбай еңбек етіп, шипагер Жасан да өзінің о баста нысанаға алған арман-белестерін біртіндеп бағындыра бастады. Ол алдымен Алматы қаласында шығыс-тибет медициналық орталығын ашты. Өзі басқаратын сол орталықтың қол жеткізген табыстары туралы шипагер былай дейді: «Бірлескен нәтижелі еңбектің арқасында 80 мың ел азаматын ауруынан айықтырдық. Он бес мың науқасты тегін емдедік, 5000 отбасына бала сүю бақытына ие болу мүмкіндігін сыйладық. 7 мыңдай баланы сал (ДЦП) дертінен құлан-таза айықтырдық. 4 мыңнан аса инсульттен құлаған науқастарды аяқ үстіне тұрғыздық. 3000 белі­нен шойырылған науқасты, бел омыртқа жарығын отасыз емдеп қалпына келтірдік». Бұл кәсіби маман-шипагер бағындырған айшық­ты белес болатын. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, білгір ғалым бағын­дырған және бір белес бұрын-соңды қазақ медицинасында болмаған жаңалық десе де артық етпейді. Ол жөнінде ғалым былай тебіренеді: «Медицинаны қазақ тілінде сөйлетуге тәуелсіздік бар мүмкіндікті туғызды. Бұл орайда соңғы сегіз жылға жуық уақыт ішінде медициналық-ақпараттық «Жас-Ай» журналы бес мың дана таралыммен қазақ тілінде үзбей жарық көріп келеді және әлемдегі өзге де пайдалы медициналық ақпаратты халыққа үнемі жеткізіп келеді». Алайда бұл бағдарламаның екінші қыры бар екенін де ұмыт­паған жөн. «Жас-Ай» журналы қазақ медицина саласының мың­даған төл терминдерінің қалып­тасуына да орасан зор үлес қосып отыр.

Үшіншіден, «Жас-Ай» шығыс-тибет медициналық орталығы республика деңгейінде өткерілген көптеген қайырымдылық шара­ларға, атап айтқанда, «Мектепке барар жол», «Түркі халықтарының мәдени қоры», «Киокушинкай каратэ-до Қазақстан чемпионаты», «Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлер ұйымы және мүгедектер мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға», Баян-батыр Қасаболатұлының және Ер Жәнібектің ескерткіштерінің ашылуына, сол сияқты өзге де мәдени шараларға белсене атсалысып, демеушілік көрсетті.

Төртіншіден, аталмыш медици­налық орталықтың мамандары науқас адамның диагнозын тамыр ұстап анықтауға өте шебер. Тек ол ғана емес, бұл орталық халықты емдеуден бөлек рухани жақтан сауықтыруға үлкен мән береді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген құндылықты өте нанымды медициналық деректер арқылы шебер дәріптейді. Бұл тұрғыдан келгенде, жоғарыда сөз болған «Жас-Ай» медициналық-ақпараттық журналының қызметі атап айтуға тұрарлық.

Бесіншіден, аталған шығыс-тибет медициналық орталы­ғындағы ем жасаудың негізгі тәсілі – ине шаншу, яғни ине терапиясы, уқалау, сылау (массаж), булау және дәрілік қасиеті бар шөптермен, табиғи өсімдіктерден жасалған дәрі-дәрмек, табиғи тастармен қыздыру, түрлі шипалы майлармен сылау, жүйке, жүрек-қан тамыр, асқазан-ішек, несеп-жыныс, гинекология, буын, тері, көз, эндокринологиялық дерттер, есту қабілетінің төмендеуі, бел омыртқа жарығын отасыз емдеу, инсульттен кейінгі салдану, тіл-ауыз күрмелу, ер адамдардың белсіздігі, әйел адамдардағы бедеуліктің алдын алу, қант диабеті, тыныс жолдары аурулары, балалардың мешел ауруы (ДЦП), шыжың, сонымен қатар халқымыздың дәстүрлі медицинасындағы түрлі ұлттық тағамдар арқылы ем жасау да назардан тыс қалмаған.

Алтыншыдан, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Жас-Ай» орталығының филиалы Астана қаласында да ашылып, ел сұранысын қанағаттандырып отыр.

Жетіншіден, үстіміздегі жылы медициналық орталықтың және бір филиалы халқымыздың ең тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерін қамту үшін Шымкент қаласында ашылып, өз қызметін белсенді бас­тап кетті.

Сегізіншіден, «Жас-Ай» орталы­ғының негізін қалаушы, академик Жасан Зекейұлы медицина саласындағы шипагерліктің әлемдік озық үлгілерімен таныса отырып, Қытай, Жапония, Түркия, т.б. елдерде өтетін халықаралық форумдарға да жиі қатысып, өзінің ғылыми және теориялық тәжірибесін үнемі ұштап отырады.

Тоғызыншыдан, жуық арада Астанада, атап айтқанда, 13 маусым күні «Думан» кешенінде онда­ған елдің медицина саласының білік­ті мамандарының қатысуымен өтетін ауқымды халықаралық форум­ның құрылтайшысы да «Жас-Ай» орталығы болып отыр. Бұл фактор – аталмыш орталықтың абырой-атағының халықаралық деңгейде танылып отырғанының айқын белгісі. Әрі бұл шара елордада медициналық туризм саласын жан­дандыруға үлес қосады деген үміттеміз.

Бұл мақаланы мен аталған ме­дици­налық орталықта бірнеше мәрте емделіп, айығып шыққан, шипасының сапалы екеніне көзі жеткен және ондағы қызмет көрсететін күллі мамандардың адами қасиеттерінің жоғары деңгейіне тәнті болған азамат ретінде жазып отырмын. Ендеше, медициналық орталықтың жетекшісі – академик Жасай Зекейұлы мен қатардағы мамандарына «бәрекелді!» деуден басқа айтар сөз жоқ, өйткені олар­дың барлығы да кісілігі мен кішілігі және жүрек жылуы мол жандар.

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек 

сіңірген қайраткері, академик

 

Дереккөз: http://www.astana-akshamy.kz/bilikti-shipagerdin-belesteri/