Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ

Армысыздар, құрметті тойшыл қауым, тойға келген қонақтар! Бүгінгі дүбірлеп өтіп жатқан Жасан Зекейұлының елу жастық мерей тойы құтты болсын! Мені алтын ине ұстаған алтын жігіт – Жасан Зекейұлына таныстырған қос ағам – Әділ Ахметов пен Ғарифолла Есім. Міне, содан бері он жыл уақыт өтіпті. Осындағы жұрт Жасанды «Қытайдан келді» дейді. Менің айтарым: Жасан ол жақтан келген жоқ. Қайта ол Еуразия құрлығын мекендеген біздің ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған, сүйегі жерленген, өзге елге тәуелді жерінен тек шекара аттап тәуелсіз еліне келген азамат. Жасан Зекейұлының үнемі айтып жүретін «Су ішіп тұрып, құдық қазушыны ұмытпа» деген бір мақалы бар. Бүгін біз Жасанның мерейін тасытып, елуге толған жасын айтып, құттықтап жатырмыз. Бұл үлкен қуаныш. «Алланың берген қасиеті» деген сөзге имандай сенемін. Алайда Жаратушы өзінің қолымен ештеңе бермейді, қайта берер жақсылығын біреудің қолымен жасайды. Сізге қонған мынау қасиет әкеңіздің, атаңыздың, бабаңыздың қанымен анаңыздың ақ сүті арқылы келген. Елуге келіп жатқан адам көп. Осы бір сындарлы жаста елдің құлағына ілініп, жұрттың есінде қалған қаншама адамдар бар?! Елу жасында ештеңе көрмей, есеңгіреп жүрген қаншама азаматтар бар?! Алла тағала Сізге ақыл мен сана берген. Тамаша қасиетті пайдалана алмай, дайын жұмыстың жөнін келтіре алмай жүрген жандар да жоқ емес. Сіз сол ақыл мен сананың арқасында, тынымсыз еңбектің нәтижесінде бойыңыздағы қасиетті дамытып елге қызмет жасап жүрсіз. Сіз нәсібіңізді кәсібіңізден тауып жүрсіз. Сіз сияқты кәсіпкерлер көп, одан сіздің айырмашылығыңыз – мазмұнында, мәнінде. Сіздің кәсібіңіз халыққа игілікті қызмет жасаумен құнды, сонымен ардақты, абыройлы. Еткен адал еңбектің арқасында бүгінгідей биікке көтерілдіңіз, азамат атандыңыз! Сізді «Арыс» деп атаса еш артықтығы жоқ. Арыс – ағаштан тұтастай ойылып, жасалған шаңырақ. Ондай шаңырақ өте ауыр болады. Ал сізді көтеріп тұрған уығыңыз – халқыңыз! Сізден ем алып жүрген, жақсылық көрген адамдар әрқашан аман болсын! Деніңіздің сау, ғұмырыңыздың ұзақ болуын тілеймін!