Өмірбек БӘЙГЕЛДІ

Жасан мырза, 50 жасқа толған мерейтойың құтты болсын! Бұл жас сенің – той өткізетін жасың, өміріңдегі алтын кезеңің! Абырой-атағың өсіп, елге танылған, күш-қуатың тасыған, ақыл-ойың кемеліне келген шағың. Басып өткен жолдарың мен халыққа істеген игі істеріңнен қорытынды жасап, жұрт алдында есеп бергенің – бұл. Ниетің қабыл, ісің ілгері, тойың құтты болсын! Сен өте дарынды азаматсың! Емшілер жоқ емес, бар. Мамандар да жеткілікті. Бірақ халықтың ішінде өзің сияқты дарынына қабілеті сай адамдар жиі кездесе бермейді. Сенің адам емдеудегі ұстанған бағытың – саған дарыған қасиет. Біреулердің қанша құлшынса да қолынан келмейтін ісін сен оп-оңай істеп жатырсың. Бұл – үлкен қасиет бар деген сөз. Сен қоғам үшін ең қажетті салада қызмет етіп жатырсың. Дүние есігін ашқаннан кейін адам баласына бірінші саулық қажет. Екі адам бір-бірімен кездескенде алдымен «Ассалаумағалейкум!», яғни «Сау-саламатсың ба?» деп сұрайды. Өйткені саулық бірінші орында. Алла берген денсаулықты қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін оны емдейтін дәрігерлер керек. Менің ойымша, ауру деген адамның өзіне байланысты жұғатын сияқты. Дұрыс жолмен тіршілік жасамаса, ойлағаны қастық-жамандық болса, міне, содан ауру пайда болады. Адам көбейген сайын аурудың түрі де молаяды. Соған қарай дәрігерлер де керек. Алла тағала ауру берумен бірге оның емін де қоса берген. Демек мынау өмірде барлық аурудың емі бар деген сөз. Алайда оны таба білу – қабілет. Әуелде адамның тамағы алма болған деседі. Соған қарай алғашқы емде алма болған екен. Жабайы алманың 30-дан астам түрі бар. Соның барлығы бір-бір аурудың емі. Кезінде ауырған адам солай емделген екен. Кейін емшілер де көбірек керек болды. Бір емші бір ауруды емдеп, жазады. Тағы бір емшінің қолынан басқа ауруларды емдеу келеді. Адамға дәрі-дәрмек те керек, бірақ оның бәрі қасиетті қолдан артық емес. Сынықты мысалға алар болсақ, сынған сүйекті дәрігермін дегендердің көбі орнына келтіре алмайды. Тек қолында қасиеті бар адам ғана істейді. Мұны Алланың құдіретімен келген қасиетті қолдың ісі емес деп кім айта алады?! Сынықшылар құдіреттің күшімен, адамдарды емдеу үшін өмірге келді. Сол сияқты сен де дәрігерлік бағытқа жұмыс істедің, бұл да саған берген Алланың аманатты кәсібі. Қажырлы еңбегіңнің арқасында жақсы нәтижелерге жетіп, халықтың алғысына бөленіп жатырсың. Егемендік алғанымызда бөркімізді аспанға аттық, аттандап айғай салдық. «Шеттегі ағайындар келсін», елге ел қосылсын, бірігейік, дедік. Жан-жақтан бәрі келді. Қиналғандар да болды. Сен еңбекқорлығыңның арқасында осы күнге жеттің. Ешкім саған жағдай жасап, қолтығыңнан демеген жоқ. Сен өз жолыңды өзің тауып, тырбанып жұмыс істедің. Медициналық орталықты Алматыдан аштың, мойындадық. Астанадан тағы аштың, оған да қуандық. Іргеңді кеңейттің. Қазақтың жартысы сендей жұмыс істесе, Қазақ елі екі-үш жылда әлемдегі үздік мемлекеттердің қатарына өтер еді. Халқымызға, әсіресе артыңнан ерген жастарға сенің жолың айқын үлгі болды. Қимыл болса ой да болады, іс те жүреді. Әрекет болмаса түк те болмайды. Сенің жолың, алған бағытың дұрыс. Ең керекті мамандықты меңгеріп, халықтың алқауына бөленіп жүрсің! Алла сүйген ісіңнің рахатын берсін! Не тілесең соған жет! Бала-шағаң өсіп, өркендеп, солардың қызығын көруге жазсын!