Сіздің медицина саласындағы жасап жатқан өлшеусіз еңбегіңіз- ел игілігі үшін жасалып жатқан нақты шаруа, игі іс. Әрдайым қиналған халық жанынан табыла білетін алтын жүректі, алтын қолды, өзіңіздей өз саласының білікті мамандары саусақпен санарлық десек артық айтқандық емес. Ел денсаулығына қашанда шын жүректен жанашырлық танытып, түрлі әлеуметтік шаралардың басы-қасында жүретін ұлттық құндылықтар мен қазақ ұлтын сүйетін ұлтшыл азаматтар санатындасыз. Оған дәлел ретінде түрлі қайырымдылық шараларға, дәстүрлі ән-күй концерттеріне әрдайым тұрақты демеуші болып жүретіндігін талай көзбен көріп, көңілге түйген болатынбыз. Қазақ халқының, әлбетте, Түркі әлемінің жарқын болашағы үшін талмай, белді бекем буып қызмет етіп жүрген азамат, қоғам қайраткері, білікті емші, белгілі меценат, Атымтай Жомарттай қолы ашық Жасан Зекейұлын ердің жасы елуге келген мерейтойымен құттықтаймыз! Қазақ жұртына, түркі дүниесіне жасап жатқан жұмыстарыңыздың бәрі де оңынан оңтайланып, жарық жұлдыздай жарқырап арамызда жүре беріңіз! Ұзақ жасаңыз! Отбасыңыз, бала-шағаңыз аман-есен болып, толағай табыстарға кенеліңіз! Біз әрдайым Сіздей азаматтармен мақтанамыз!