Сізді 50 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Қалың еліңіз Сізді бүгінде отандық медицинаның дамуына зор еңбек сіңірген ғалым , ұлтжанды азамат ретінде жақсы таниды. ҚХР-ның, Тарбағатай аймағына қарасты Толы ауданында дүниеге келіп, еліміз тәуелсіз алғаннан кейін атажұртқа қоныс аударып, содан бергі уақытта денсаулық сақтау саласын дамытып, ұйымдастырушылық қабілетіңізбен көзге түстіңіз. 2004 жылы «Жас-Ай» Шығыс-тибет медициналық орталығының негізін қалап, қазірге дейін осы емдеу мекемесінің директоры бас дәрігері болып, ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп келесіз. Ғылымда зор табысқа қол жеткізіп, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей медицина ғылымдарының докторы, Халықаралық инемен емдеу академиясының академигі, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі атандыңыз. Еңбегіңіз еленіп, халықаралық «Сократ» атындағы орденнің иегері, Вена халықаралық университетінің «Құрметті профессоры», Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі болдыңыз. Қоғамдық өмірге де белсене араласып «Нұр Отан» партиясы Әуезов аудандық филиалы саяси кеңес бюросының мүшесі ретінде Елбасы саясатын насихаттауға ат салысып жүрсіз. Әлемнің жетекші медициналық орталықтарымен байланыс орнатып, елімізде осы саланың өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қостыңыз. Әлі күнге жұмыстан қол үзбей «Жас-Ай» Шығыс-тибет медициналық орталығының басшысы қызметінде абыроймен атқарып келесіз.
Сіздің отандық және әлемдік деңгейдегі атақтарыңыз бен марапаттарыңыз ерен еңбегіңізге берілген лайықты баға деп білемін. Алдағы уақыттада осылай абыройыңыздың әрдайым биік болуына тілектеспін.
Бүгінгі қуанышыңызға ортақтаса отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, ісіңізге береке және ұзақ ғұмыр тілеймін.