Мәртөбеден Ұлытауға дейін…

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Айғақ» телеарнасы мен халықаралық «Жас-Ай» клиникасының ұйымдастыруымен «Ұлт рухы» атты жобасы жүзеге асырылып жатыр. 

Дала Парламентінің ордасы атанған Мəртөбе — қазақ тарихының алтын қазығы. Дəл осы тарихи орыннан бастау алған телеарна жобасы ұлылардың мекені Ұлытауға дейін жалғасады. Қасиетті жерлердің маңыздылығын аша түсіп, ішкі туризм мен жаңғырудың жасампаздығын жалғаған танымдық бағдарлама барысында туристік орындар назарға алынады.

Жобаны іске асыру үшін облыстық Қоғамдық делегация құрылды. Оның құрамында Қазақстанның «Құрметті журналисі», Қазақстан Журналистер академиясының академигі, «Айғақ» телерадиокомпаниясының бас директоры Дулат Әбіш, Елбасының курстасы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Аманəлі Əбдіраманов, халықаралық «Сократ» Орденінің иегері, академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық «Жас-Ай» клиникасының құрылтайшысы Жасан Зекейұлы,

Түркістан облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасы, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» Əнуарбек Бейсе, халықаралық «Жас-Ай» клиникасының Шымкент филиалының директоры Марат Әбілхайыров, ҚР Сəулетшілер Одағының мүшесі Мұхит Көшенов және Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық орталық мешітінің имамы Əділбай Тойшиев та бар.

Мәртөбе — қазақ халқының тағдырына қатысты талай мәселеге шешім тапқан мекен болды. XVIII ғасырдың II жартысында елдің ішкі саяси өміріне қатысты мәселелерді шешу үшін Мәртөбе жотасына үш жүздің игі жақсылары жыл сайын мәслихатқа жиналып отырған. Онда ел тыныштығын сақтау, жаудан қорғану, көші-қон тәртібі, қоныстарды бөлу, реттеу, тайпа, ру араларындағы дауларды бітістіру мәселелері қаралып, талқыланған.

Мемлекет басшысы 2014 жылы 25 тамызда Ұлытау төріндегі сұхбатында: «Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай  қасиетті жерлер көп. Дегенмен Ұлытаудың орны бір басқа» деген болатын. Қазақ халқының басын біріктірген хандар мен билер Ордабасы мен Ұлытауда, Мәртөбе мен Күлтөбеде келелі кеңес құрған. Заңды басшылыққа алып, орталыққа ұйысқан сайын берекелі халқымыздың бірлігі нығая түскен. Бұлар – сол тұстағы еңселі елдіктің ерекше белгілері.

Мәртөбеден бастау алған туристік маршрут Сайрам ауылында орналасқан Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибрахим ата мен анасы Қарашаш ананың кесенелерінде жалғасты.

Бабалардың рухына тағзым еткен түркістандық делегаттар дәл осы күні Ордабасыға қарай бет алды.

«Айғақ-ақпарат»

Дереккөз: http://aigak.kz/2018/10/02/mrtbeden-ltaua-deyn/